Өңірде Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмаларын іске асыру қарқынды жүріп жатыр.Екі жыл ішінде Қостанай облысында 58 әлеуметтік нысан салынды. Олар мектептер, емханалар, спорт залдар мен балабақшалар. Бәрі облыс тұрғындарының өмірін жайлы ететін әлеуметтік маңызы бар нысандар. Жыл соңына дейін тағы он ғимарат ашылады деп күтілуде.
Қостанай облысында балалар мен жас отбасыларға ерекше көңіл бөлінеді. Облыс орталығындағы «Әуежай» шағын ауданында 280 орындық балабақша ашылды. Жайлы топтары, музыкалық және спорт залдары, логопед, кітапхана және тіпті шағын зертханасы бар заманауи ғимарат сәбилерді қарсы алуға дайын.
Ашылу барысында облыс әкімі Құмар Ақсақалов: «Екі жыл бұрын шағын аудан тұрғындарымен кездесуде балабақша жас отбасылар үшін қаншалықты маңызды екендігі айтылды. Енді сол уәде орындалды, бүгін балабақша балаларды қабылдауға дайын. Сондай-ақ, биыл «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы бойынша осы шағын ауданда жаңа мектеп, емханалар, спорт кешендері ашылды, инфрақұрылым дамуда, жолдар жаңартылуда. Мемлекет тұрғындарға жақсы жағдай жасау үшін қолдау көрсетеді. Бұл балабақша біздің балаларымыз үшін нағыз жайлы үй болатынына сенімдімін».

Жергілікті тұрғындар қуанышты жасырмайды. Шағын ауданның тұрғыны жас ана Айгүл Мәкенова өз ойымен бөлісті.
— «Біз балабақшаға қарсы көше бойында тұрамыз. Күн сайын ғимараттың өсіп келе жатқанын өзіміз көріп отырдық. Ашылуды асыға күттік. Өйткені менің екі жасар қызым бар. Балабақшаның іші әдемі, жылы, жайлы. Барлығы балалардың дамуы мен жайлылығы үшін ойластырылған,-деді қала тұрғыны.
Облыс әкімдігінде атап өткендей, жаңа балабақшаның арқасында Қостанай қаласы бойынша мектепке дейінгі мекемелерге кезекті 25 пайызға қысқартуға қол жеткізілді, сонымен қатар 75 жұмыс орны құрылды. Оқыту қазақ және орыс тілдерінде жүргізіледі. Соңғы екі жылда облыста 1700-ден астам орынға арналған 10 балабақша ашылды.

Сондай-ақ, Қостанайда № 1 балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт мектебі қайта жаңартылғаннан кейін ашылды. Кешен бірнеше залдардан тұрады – ойын, триатлон, велоспорт және 25 метрлік бассейн. Ол күніне 650 баланы қабылдауға дайын.
— Спорт мектебін ашу – спорт инфрақұрылымын дамытудағы маңызды қадам. Мұнда кәсіби спортшылар да, барлық жастағы әуесқойлар да қатыса алады. Спорт кешені денсаулық пен белсенді өмір салтының орталығына айналатынына сенімдімін, – деді өңір басшысы Құмар Ақсақалов.
1979 жылы негізі қаланған бұл мектеп өңірдегі балалар спортының алдыңғы қатарлы мекемелерінің бірі саналады. Мұнда Олимпиада ойындарының қатысушылары Сергей Ушкалов пен Станислав Кузьмин, 29 халықаралық дәрежедегі спорт шебері және 73 Қазақстан Республикасының спорт шебері тәрбиеленген.

Бүгінде мектепте жүзу, баскетбол, гандбол, велоспорт және триатлон бөлімдері жұмыс істейді. 1157 жас спортшы тұрақты түрде жаттығуға қатысады. Қайта жаңғыртудан кейін мектептің базасы кеңейіп, бокс және суға секіру бөлімдері ашылады. Сонымен қатар, енді бұл мекеме қала тұрғындарына, оның ішінде қозғалысы шектеулі жандарға да сауықтыру бағытында қызмет көрсететін болады.
Аймақтағы спорттық инфрақұрылым жүйелі түрде дамып келеді. Соңғы үш жылда облыста 18 жаңа спорт нысаны, оның ішінде 11 дене шынықтыру-сауықтыру кешені салынды. Жыл соңына дейін тағы үш нысан пайдалануға беріледі. Бүгінде өңірде 367 мыңнан астам тұрғын бұқаралық спортпен айналысады. Ал мектеп жасындағы балалардың 62 пайызы тегін спорт секцияларына қатысады.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысы тапсырған тағы бір маңызды міндет – білім беру мекемелерін қадамдық қолжетімділікпен қамтамасыз ету – өңірде шешімін табуда.

Соңғы үш жылда Қостанай облысында 20 жаңа спорт нысаны салынды және ағымдағы жылдың соңына дейін бұл көрсеткіш өсетін болады. Бүгінде өңірде ауқымды жобалар іске асырылуда: Тобыл қаласында көпфункционалды спорт кешенінің құрылысы жоспарланған. Қостанайда теннис орталығының құрылысы басталды, мұз айдынында күрделі жөндеу жүргізілуде, бұл жыл бойы спортпен шұғылдану үшін қолжетімділік пен жайлылықты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Арқалықта күрес залы салынуда, ол жас спортшыларды даярлауға негіз болады. Сонымен қатар, аймақтағы алғашқы дарынды балаларға арналған мектеп-интернаттың құрылысы басталды.
Аяқталған жобалардың қатарында «Береке» және «Әуежай» шағын аудандарындағы екі жаңа мектеп пен Сарыкөл және Новонежин ауылдарындағы спорт кешендері, Тобыл қаласындағы қосымша білім беру орталығы, Үлкен Чураковкадағы заманауи жеке емхана мен мәдениет үйі, Харьков ауылындағы хоккей корты және Аманқарағайдағы тағы бір балабақша бар. Қостанай облысы әлеуметтік инфрақұрылымды белсенді дамытуда. Жаңа нысандар жайлы өмір сүруге және тұрақты өсуге жағдай жасайды.
Бақыт ТҰРАШ, суреттер Қостанай облысы әкімінің баспасөз қызметінен алынды