Жылу желілерін жаңартады

3 июля 2025 8:31 • 191 просмотров

Үкімет Арқалық қаласының жылу желілерін реконструкциялау мен жаңғыртуға қаражат бөлді. Бұл туралы ҚР Үкіметінің баспасөз қызметі хабарлады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың инфрақұрылымдық дамудың жаңа деңгейіне көшу жөніндегі тапсырмаларын іске асыру шеңберінде Үкімет өңірлердегі жылу желілерін реконструкциялауды жалғастыруда.

Қостанай облысы Арқалық қаласының жылу желілерінде жөндеу жұмыстарын аяқтау үшін Үкімет резервінен шамамен 250 млн теңге бөлінді. Тиісті Қаулыға Премьер-министр Олжас Бектенов қол қойды.

Арқалық ЖЭО 375 ғимаратқа қызмет көрсетеді және коммуникациялардың жоғары тозуына байланысты қызыл аймақтағы жылу көздерінің тізіміне кіреді.

Қаланың жылу желілерінің ұзындығы 34,7 шақырымды құрайды, оның көп бөлігі 1990 жылы пайдалануға берілген. Бүгінгі таңда тозу 48%-ды құрайды, кейбір учаскелерде 82%-ға дейін жеткен, бұл жылыту маусымында жылу энергиясының 24–29%-ға дейін болмауына әкеледі.

2023 жылдан бастап қалада жылу көздерін жаңғырту бойынша жобаның екінші кезеңі жүзеге асырылуда. Бүгінгі таңда 17 шақырым жылу желілері ауыстырылды. 2025 жылы тағы 9,9 шақырым жаңарту жоспарлануда. Жұмыстар кезең кезеңмен жүргізілуде. Жоба аяқталғаннан кейін жалпы тозу 12%-ға төмендейді деп күтілуде.

Жүргізіліп жатқан жаңғырту жұмыстары жылыту маусымының қалыпты өтуін және халық саны 38,4 мың адамды құрайтын Арқалық қаласының тіршілікті қамтамасыз ету жүйелерінің тұрақты жұмыс істеуі үшін маңызды мәнге ие.

Естеріңізге сала кетейік, соңғы жылдары Арқалық қаласы әлеуметтік-экономикалық дамудың негізгі бағыттарында оң динамиканы көрсетіп отыр. Шағын және орта бизнес жанданып, халық саны өсуде, білім беру, денсаулық сақтау және әлеуметтік саладағы жағдайларды жақсарту бойынша бірқатар шара қабылдануда.

2024–2025 жылыту кезеңіне дайындық шеңберінде жабдықтарға, жылу және электр беру желілеріне күрделі жөндеу жүргізілді. Өңірде тозуды одан әрі азайту үшін осы жылы жалпы ұзындығы 27,9 шақырым жылу трассасын қайта жаңарту бойынша 22 жоба жүзеге асырылуда.

Осы айда Арқалық қаласында стратегиялық маңызды «Орталық – Батыс» автожол дәлізінің құрылысы басталды.

Жоба Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайдың IV отырысында айтылған тапсырмасын орындау шеңберінде жүзеге асырылуда және Үкіметтің еліміздің көлік инфрақұрылымы мен транзиттік әлеуетін дамыту жөніндегі жоспарларына кіреді.

Ұзындығы 865 шақырым болатын жаңа маршрут елдің орталығы мен батысы арасындағы тікелей байланысты қамтамасыз етеді және Транскаспий халықаралық көлік бағытына шығуды қамтамасыз етеді. «Астана – Жантеке – Егіндікөл – Арқалық – Торғай – Ырғыз» автожолы Астана мен Ырғыз ауылы арасындағы қашықтықты 573 шақырым қысқартуға мүмкіндік береді және іргелес аумақтардың экономикалық дамуына әрі жергілікті халықтың тұрмыс жағдайын жақсартуға айтарлықтай серпін береді.

Логистикалық желіні құру аймақтың, әсіресе оның оңтүстік аудандарының және жалпы елдің дамуы үшін маңызды фактор болады.

Сондай-ақ «жасыл» энергетиканы дамыту және қала әуежайын қалпына келтіру жобалары маңызды болады.

Сондай-ақ, бүгінгі күні Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Арқалықтың әуежайын жөндеу басталды.

Арқалық қаласының әуежайы екінші тынысын ашуға мүмкіндік алды – Қостанай облысында оны қалпына келтіру бойынша ауқымды бағдарлама басталды. Бұл қадамдар көлік инфрақұрылымын жаңғыртуға бағытталған кең бастаманың бір бөлігі болып табылады және өңір үшін елеулі өзгерістер әкелмек.

«Авиациялық және көлік логистикасын дамыту – елдің аумақтық тұтастығы мен барлық өңірлерге тең мүмкіндік берудің кепілі», – деді Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев соңғы Ұлттық құрылтайда. Мемлекет басшысының осы сөздері Қостанай облысында нақты іске асуда – Президенттің тапсырмасы бойынша Арқалық әуежайын қайта құру жобасы жүзеге асырылуда.

Жақын арада бұл әуежай қайтадан әуе рейстерін қабылдайтын болады. Қалпына келтіру жобасы тек аймақтық деңгейде емес, стратегиялық тұрғыдан да маңызды. Ол көлік қолжетімділігін арттырумен қатар, инфрақұрылымды дамытуға бағытталған мемлекеттік саясаттың бір бөлігі болып табылады.

Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Олжас Бектенов жуырда өңірге жасаған жұмыс сапары барысында аталған жобалардың стратегиялық маңызын атап өтіп, көлік инфрақұрылымын дамыту мен халықтың мобильділігін арттырудың өзектілігіне назар аударды.

«Қазақстан көлік саласында үлкен әлеуетке ие және өңірдегі басты транзиттік хабқа айналуы тиіс. Біз осы бағыттағы инфрақұрылымды жүйелі түрде дамытып келеміз – бұл стратегиялық міндет. Бізде барлық қажетті ресурстар мен мүмкіндіктер бар. Ең бастысы – жобаларды сападан айырылмай, қысқа мерзімде жүзеге асыру. Бұл өңірлердің дамуына зор серпін беріп, экономиканы әртараптандырудың маңызды құралына айналады», – деді Олжас Бектенов.

Премьер-Министр әуежайды қалпына келтіру жұмыстарын биыл аяқтауды тапсырды.

«Әуежай Арқалыққа облыстың оңтүстік өңірлері мен елдің негізгі қалалары арасындағы байланыстырушы орталық мәртебесін қайтарады. Бұл жай ғана логистика мәселесі емес – бұл бизнес, туризм, қауіпсіздік және орнықты даму үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады», – деді Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов.

Жергілікті әуежайды қалпына келтіру қажеттілігі туралы пікірді қала тұрғындары, әсіресе жастар, бұрыннан айтып жүрген болатын.

«Арқалық тұрғындары, әсіресе жастар, бүгінгі таңда қаламызға көрсетіліп жатқан назарды үлкен қуанышпен қабылдады. Біз Мемлекет басшысына өңірлерді дамытуға бағытталған қолдауы мен бастамалары үшін шын жүректен алғысымызды білдіреміз. Президент құрылтайда атап өткен жобалар Арқалық үшін жаңа перспективалар ашып, экономикалық өсім мен жаңа жұмыс орындарының пайда болуына жол ашады. Бұл болашаққа сенім ұялатып, жастарды қаланың және елдің дамуына белсенді қатысуға ынталандырады», – деді «Өркендей бер, туған өлкем» патриоттық акциясының қатысушысы Данияр Қожахметов.

Бақыт ТҰРАШ, суреттер Қостанай облысы әкімінің баспасөз қызметінен алынды