Міндеттер мерзімінде орындалады

10 июля 2025 8:51 • 170 просмотров

Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында мал шаруашылығы саласын дамыту мәселелері қаралды.

Онда ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров, бірқатар өңірдің әкімдері және қоғамдық ұйымдардың өкілдері: аусыл бойынша Халықаралық Эпизоотиялық Бюроның субөңірлік үйлестіру кеңсесінің басшысы Мереке Тайтубаев, ветеринария ұлттық референттік орталығының бас директоры Мақсат Бердіқұлов, «Qazaq sut» Республикалық сүт және ІҚМ-нің аралас тұқымдары палатасының атқарушы директоры Азамат Сағынбаев баяндама жасады.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, 2025 жылдың 5 айының қорытындысы бойынша мал шаруашылығының жалпы өнім көлемі 1,2 млрд теңгеден асты. Ет, сүт және жұмыртқа өндірісінде өсуі байқалды.

Мал шаруашылығы саласын дамыту арқылы азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2029 жылға қарай ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемін екі есеге арттыру жөніндегі тапсырмасын орындау шеңберінде қаралып отыр.

«Ежелден ата кәсіп саналған мал шаруашылығы – еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етіп отырған дәстүрлі сала. Мемлекет басшысы биыл қаңтарда өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында мал шаруашылығына мемлекеттік қолдау қажеттігін атап көрсетті. Осы орайда жыл сайын саланы субсидиялау мен несиелеу жүргізілуде. Биыл бюджеттен шамамен 160 млрд теңге бөлу жоспарланып отыр. Бұл бізге мал басының және мал шаруашылығы өнімдерінің тұрақты өсуін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», – деп атап өтті Олжас Бектенов.

Бүгінде ірі қара мал саны 9,6 млн басқа дейін өсті, ал жылқы саны 5 млн-ға жетті. Тұрақты мал азығы қорын қалыптастыру мақсатында биыл жем-шөп дақылдарының егіс алқабы 3,3 млн гектарға дейін ұлғайды. Пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы жерлерін мемлекеттік қорға қайтару бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстың тиімділігі атап өтілді. 2022 жылдан бастап 11 млн гектар жайылымдық алқап кері қайтарылып, оның көп бөлігі халыққа қайта бөлініп берілді.

Премьер-министр еліміздің мал шаруашылығы саласының ішкі әлеуеті зор екенін атап өтті. Мал басын көбейту жұмыстарын жалғастыра беру қажеттігіне назар аудартты. Оларды заңсыз әкетуге жол бермеу және аналық малды субсидиялауды қолдау маңызды екенін айтты, бұл өз кезегінде өнімнің негізгі түрлері бойынша импортты алмастыру мәселесін шешуге мүмкіндік бермек.

Премьер-министр бірқатар тапсырма берді:

— Ауыл шаруашылығы министрлігі өңір әкімдіктерімен бірлесіп, Жол картасында көзделген индикаторларға қол жеткізуді қамтамасыз етсін;

— Ауыл шаруашылығы министрлігі өңір әкімдіктерімен бірлесіп, қыс айларында ауыл шаруашылығы жануарларын жем-шөппен үздіксіз қамтамасыз ету үшін 1 қазанға дейін мал азығын дайындау науқанын аяқтасын;

— Ауыл шаруашылығы министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен және ұйымдармен бірлесе отырып, асыл тұқымды аналық мал басын сатып алу үшін қолда бар ресурстар шеңберінде мал шаруашылығын жеңілдікпен несиелеудің жаңа бағыттарын енгізу мәселесін пысықтасын.

Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Үкімет отырысында соңғы жылдары мал шаруашылығы негізгі көрсеткіштер бойынша оң динамиканы көрсетіп отырғанын баяндады.

Мемлекет басшысының ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің көлемін 2 есеге ұлғайту жөніндегі тапсырмасына сәйкес министрлік саланы дамытуға бағытталған жүйелі шараларды қабылдауда.

«Соңғы жылдары мал шаруашылығы саласы негізгі көрсеткіштер бойынша тұрақты өсім мен оң динамиканы көрсетуде. Ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің шамамен 40%-ы осы салаға тиесілі. Биыл 5 айдың қорытындысы бойынша саладағы өндіріс көлемінің өсімі 104,2%-ды құрады. Бұл өсім сойыс салмақтағы еттің көлемін 3%-ға, сиыр сүтін 7,5%-ға ұлғайту есебінен қамтамасыз етілді. Ет өндіру көлемі бойынша ең жоғары көрсеткіштерге Алматы, Ақмола облыстары, ал сүт өндірісі бойынша – Солтүстік Қазақстан, Павлодар облыстары қол жеткізді. Ауыл шаруашылығы жануарларының барлық түрлері бойынша мал басы тұрақты өсуде. Жыл басынан ірі қара мал басы 23,4%-ға артты, ұсақ мал – 7,8%-ға, жылқы – 12,2%-ға, түйе – 8,5%-ға, құс – 2,2%-ға өсті», – деп атап өтті министр.

Министрдің сөзінше өндіріліп жатқан өнім көлемі ішкі нарықты сиыр және қой етімен толық қамтамасыз етуге, сондай-ақ экспорт көлемін арттыруға мүмкіндік береді. 2024 жылдың қорытындысы бойынша сиыр еті экспорты 1,4 есеге артып, 22 мың тоннадан асса, қой еті – 2,2 есеге өсіп, шамамен 18 мың тоннаны құраған.

Жыл басынан өңделген мал шаруашылығында өңделген өнімдері өндірісі артқан. Оның ішінде шұжық өнімдері – 11%-ға, ет консервілері – 28%-ға, салқындатылған және мұздатылған қосалқы өнімдер тиісінше 42% және 47%-ға өскен.

Алайда, жекелеген өнім түрлері бойынша импортқа тәуелділік мәселесі әлі де өзекті. Осыған байланысты саланың бірқалыпты дамуын қамтамасыз ету мақсатында бірқатар шара іске асырылуда.

Министрлік ауыл шаруашылығы жануарларының бүкіл өмірлік циклін автоматтандыруды ИСЖ базасында 7 қосымша сервис арқылы жүйелі түрде жүзеге асыруда. Әрбір жануарға жеке нөмір беріледі, барлық деректер мен ветеринариялық рәсімдер тіркеледі. Фермерлер мен ветеринарлар электрондық сервистерді пайдалану арқылы уақытты үнемдеп, қателік қаупін азайтады.

Алайда, аталған шаралар тек мал иелері тарапынан жануарларды толық және адал есепке алу жағдайында ғана іске асады. Осыған байланысты ауыл шаруашылығы жануарларын тіркеуді бақылауды күшейту, сондай-ақ жеткізушілер мен ветеринариялық құжаттарсыз өнім сатып алушыларға қатысты жауапкершілікті қылмыстық жауапкершілікке дейін қатаңдату қажет.

Бақыт ТҰРАШ, суреттер Қостанай облысы әкімінің баспасөз қызметінен алынды