КІА зауыты іске қосылады: КІА Сorporation бірінші атқарушы вице-президенті Чон Чжунчхоль Қазақстанға арнайы іс-сапармен келді. Ол Қостанайдағы КІА автозауытының құрылысымен танысты. Жаңа KIA автозауыты – Қазақстандағы ең ірі өнеркәсіптік жобалардың бірі, отандық машина жасау саласындағы ең ауқымды құрылыс.
Бүгінгі күні Қостанайдағы KIA зауыты шешуші тексерістен өтті. Оны арнайы келіп, әлем бойынша KIA зауыттарының жұмысына жетекшілік ететін KIA Corporation компаниясының бірінші атқарушы вице-президенті Чон Чжунчхоль тексеріп шықты.
KIA Corporation вице-президентінің Қостанай облысына сапары бұл кезеңнің маңыздылығын айқындады: ол кәсіпорынның толық дайындығына жеке өзі көз жеткізді.
Зауыт құрылысы рекордтық қысқа мерзімде – 2023 жылдың күзі мен 2025 жылдың жазы аралығында аяқталды. KIA Corporation тарапынан жобаға 117 млрд теңге тікелей инвестиция салынды. Бұл – Оңтүстік Кореядан тыс жерде автомобиль өнеркәсібіне құйылған ең ірі шетелдік капиталдардың бірі. Жалпы инвестиция көлемі – 131,5 млрд теңге.

«Бұл – өңір тарихындағы ең ірі шетелдік өндіріс. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолдауының және барлық құрылымдардың үйлесімді жұмысының арқасында зауыт небәрі бір жарым жылда салынды», – деді Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов.
Жоба мемлекеттік деңгейде толық инфрақұрылыммен қамтамасыз етілді: жолдар, теміржол тармақтары, инженерлік желілер салынды.
Жаңа өндірістің іске қосылуы – инвестициялық көлемі жағынан ғана емес, әлеуметтік әсері тұрғысынан да маңызды. Алғашқы кезеңде 1 500-ден астам жұмыс орны ашылады. Бұл – аймақтағы еңбек нарығын күшейтіп, қостанайлық жастар үшін жаңа мүмкіндіктер ашатын ең ірі жобалардың бірі.

Сонымен қатар, автозауыт маңында Локализациялау орталығының құрылысы жүріп жатыр. Бұл жерде тағы 800 адам жұмыспен қамтылады. Орталықта автомобильге арналған орындықтар, шығатын газ жүйесінің бөлшектері және пластикалық элементтер шығарылады.
Жаңа зауыттың ерекшелігі – автоматтандырылған және роботтандырылған өндірістік процестер. Кәсіпорын озық автоматтандырылған желілермен жабдықталған, бүгінде онда 67 робот іске қосылған. Бұл зауытты өңірдегі ең заманауи өндіріс орындарының біріне айналдырады.
Жоғары технологиялы өндіріс үшін кадрларды дайындау корейлік Dong-Eui университетімен, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетімен және жергілікті колледждермен бірлесіп жүзеге асырылды. Бұл зауыт іске қосылмай тұрып-ақ кәсіби мамандардың командасын жасақтауға мүмкіндік берді. Негізгі басымдық – жергілікті мамандарға беріліп отыр.

«Біз Орталық Азияда инвестиция салатын елді таңдаған кезде, таңдауымыз Қазақстанға түсті – бұл Еуразияның қақ ортасында орналасқан ел. KIA үшін бұл – өте маңызды әрі стратегиялық жоба, – деді KIA Corporation компаниясының бірінші атқарушы вице-президенті Чон Чжунчхоль. – Қазақстан тарапынан, әсіресе зауыт пен локализациялау орталығының инфрақұрылымын дамытуда көрсетілген қуатты қолдаудың арқасында біз жобаны белгіленген мерзімде іске асыра алдық.
Қазір біз автокомпоненттер жеткізушілерін анықтау бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Мақсатымыз – негізгі бөлшектерді тікелей Қазақстанда өндіру. Бұл жобаның болашағына сенеміз және Қазақстанмен, Қостанай облысымен ұзақ мерзімді серіктестікті дамытуға ниеттіміз. Жергілікті мамандардың кәсібилігіне ерекше алғыс айтқым келеді – қостанайлық мамандардың дайындығы бізді шынымен таңғалдырды».

Айта кетейік, Мемлекет басшысының тапсырмаларын жүзеге асыру аясында Үкімет «Қостанай» индустриялық аймағын инфрақұрылыммен қамтамасыз етуге 6,5 млрд теңгеден астам қаржы бөлді.
6 млрд 560 млн теңге көлеміндегі қаражат Қостанай қаласындағы индустриялық аймақта KIA автокөлігін өндіретін зауытқа кірме жолдары мен 3-ші санаттағы теміржолдарды салуға бағытталады.

Айта кету керек, салынып жатқан KIA автокөлік өндіру зауыты – ең ірі автомобиль жобаларының бірі. Зауыттың жобалық қуаты жылына шамамен 70 мың автокөлікті құрайды. Инвестор 90 млрд теңге көлемінде қаражат бөлді.
Естеріңізге сала кетейік, қазіргі таңда Қостанай қаласының Индустриялық аймағы аумағында 5 жоба іске қосылған. 9 жоба белсенді түрде пысықталып жатыр.
Осылайша, индустриялық аймақ аумағында көлік инфрақұрылымын салу барлық іске асырылып жатқан жобалардың тиімді жұмыс істеуі үшін қажетті жағдай жасайды. Жаңа кірме жолдар мен теміржолдар үздіксіз логистиканы қамтамасыз етіп, шикізат жеткізу ісін жеделдетеді, сондай-ақ дайын өнімді ішкі және сыртқы нарықтарға тасымалдауды жеңілдетеді.
Бақыт ТҰРАШ, суреттер Қостанай облысы әкімінің баспасөз қызметінен алынды