Қостанай облысының өнеркәсіп саласындағы табыс көлемі 54,3%-ға артты. Өңірдің өңдеу өнеркəсібіндегі өсім машина жасау көлемнің ұлғаюымен тікелей байланысты.
Облыстық Экономика жəне бюджетті жоспарлау басқармасының басшысы Ілиясхан Əмірбековтің айтуынша, соңғы алты айдың ішінде өңір экономикасына тартылған жеке инвестиция 8,4 пайызға ұлғайып, 222,5 млрд теңгеге жеткен.
«Экономиканы одан əрі дамыту бағытында көп жұмыс істеліп жатыр. Биыл 7 бірдей ірі индустриялық-инвестициялық жобаны іске қосуды жоспарлап отырмыз. Оның бесеуі – машина жасау саласына қатысты. Жыл аяғына дейін облыста 4 сүт-тауар фермасы пайдалануға беріледі. Тағы 5 ферма салу жоспарда бар», дейді басқарма басшысы.
Өңірде өнімін алаулатып-жалаулатып жарнамаламай-ақ, байыпты жұмыс істеп жатқан кәсіпорындар баршылық. Өйткені мұндай өндіріс орындарынан шығатын өнімге деген сұраныс қашанда жоғары. Мысалы, Қостанай агромеханикалық зауыты топырақ өңдеу, тұқым, астық, шөп тасу жұмыстарында жүрген техникаға қажет аспалы және тіркемелі агрегаттар мен олардың ұсақ бөлшектерін шығарады.
Сырттан металл, доңғалақ қана сатып алынады. Қалған дүниенің бәрі кәсіпорында жасалады. Зауыт бірте-бірте жаңа техникаларды өндіруге бет бұрып отыр. Мәселен, таяуда америкалық «Марк фарлайн» агрегатының баламасын құрастырып шығарды. Оның бөлшектерді де осы жерде жасалады. Бұл тырманың бағасы америкалық техникадан екі есе арзан. Шетелдік тырма шамамен 30 млн теңге тұрса, Қостанайда шығатын тырманың бағасы – 12 млн теңге.

«Толық өндіріс желісі жолға қойылған. Металды сырттан сатып аламыз. Оны алдымен кесіп, қиып, жонып, ұсақ торапты дайындау цехына жібереміз. Ол жерде мамандар плазмамен кесіп, доңғалақтың күпшегін, тағы да басқа керек бөлшектерді жасайды. Одан әрі қарай дәнекерлеу, бояу, құрастыру жұмыстары жүргізіледі. Дайын агрегатты осылай жасап шығарамыз. Бүгінде біздің кәсіпорын отандық нарық кеңістігінен өз орнын тапты. Елімізге сырттан кіріп жатқан Ресей, Беларусь өнімдерімен бәсекелесе алады. Тіпті кейбір өнім түрлері бойынша отандық нарықтың 90%-ын алып отырмыз. Мысалы, кейінгі жылдары шаруашылықтардың дені біздің топырақ қопсытатын сүйретпелі, тісті тырмаларымызды сатып алып жатыр», дейді зауыт директоры Рустам Қалымжанов.
2025–2027 жылдарға арналған 93 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланған, жалпы құны 383 млрд теңгеден асады, нәтижесінде 4,4 мың жаңа жұмыс орны ашылады (мал шаруашылығы – 51 жоба, өсімдік шаруашылығы – 23 жоба, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу – 19 жоба).
Осы жобалардың ішінде биылғы жылы 36 жобаны іске асыру көзделген, жалпы құны – 52,5 млрд теңге, 605 жаңа жұмыс орны ашылады. Осылайша, өңірдің агроөнеркәсіптік секторы тұрақты дамып, өндірістік әлеуеттің артуына ықпал етуде, бұл өз кезегінде елдің азық-түлік қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді.
Бүгінде Қостанай облысы – еліміздің ірі индустриялық орталықтарының бірі. Мұның сыртында, биыл өңірде жылына 70 мың автокөлік шығаратын «KIA» зауыты, 220 мыңнан астам автокомпонент өндіретін жаңа кәсіпорын іске қосылмақ. Ал логистика дамымай, мұндай ірі кәсіпорындардың өміршең болуы мүмкін емес. Демек, «Тобыл» көлік-логистикалық кешені аймақта өндірілетін өнімдердің тұрақты экспортын қамтамасыз ететін бірден-бір инфрақұрылымдық тірек болмақ.
Бақыт ТҰРАШ, суреттер Қостанай облысы әкімінің баспасөз қызметінен алынды