«Астана» және «Бәйтерек» шағын аудандары – жаңа қалалық кеңістік

7 августа 2025 8:14 • 297 просмотров

Қостанайда жаңа шағын аудандар қарқынды дамуда: 14 мың пәтерлік тұрғын үй салынып жатыр. Ел Президентінің тапсырмаларын жүзеге асыру аясында Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов Қостанай қаласындағы «Астана» және «Бәйтерек» жаңа шағын аудандарында салынып жатқан тұрғын үйлер мен инфрақұрылым нысандарының құрылыс барысымен танысты.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Жолдауларында бірнеше рет баса айтып өткеніндей: «Қолжетімді баспана – арман емес, азаматтар алдындағы біздің міндетіміз».

Осы тапсырманы негізге ала отырып, соңғы екі жылда Қостанай облысында 1 миллион шаршы метрге жуық тұрғын үй пайдалануға берілді.

Ірі құрылыс жобасы – жаңа қала ішіндегі қала. «Астана» және «Бәйтерек» шағын аудандары Қостанай қаласының жаңа бет-бейнесіне айналғалы отыр. Бұл – облыс орталығындағы ең ірі тұрғын үй алаптарының бірі, мұнда 154 көпқабатты тұрғын үй салу жоспарланған. Жоба толық жүзеге асқанда 14 мыңнан астам пәтер тұрғындарға беріледі.

Бүгінгі таңда бес қабатты 10 үйдің құрылысы 95%-ға орындалып, аяқталуға жақын. Сонымен қатар, тағы 13 үйдің құрылысы басталды.

Тек тұрғын үй емес – толыққанды өмір сүруге лайық орта Жобада тек тұрғын үйлер ғана емес, сонымен қатар заманауи инфрақұрылым құру да көзделген.

Атап айтқанда: «Ақылды» аялдамалар орнату, қауіпсіздікті қамтамасыз ететін бейнебақылау жүйелері, балалар және спорт алаңдары,

Жаяу қашықтықтағы мектептер, балабақша, көпсалалы аурухана, демалыс орталықтары мен спорт сарайы болады.

Тұрғындарға ыңғайлы орта қалыптастыру – басты басымдықтардың бірі. Инженерлік инфрақұрылым мен жылумен қамту

Жаңа аудандарды үздіксіз жылумен қамтамасыз ету үшін қуаттылығы 49,5 Гкал болатын газ қазандығы салынып жатыр. Қазіргі таңда нысанда құрылыс-монтаж және іске қосу жұмыстары жүргізілуде. Жоба мемлекеттік сараптамадан өтіп жатыр.

Облыс әкімі Құмар Ақсақалов атап өткендей:

«Осындай ауқымды жобаны жүзеге асыру – тұрғын үй жағдайын жақсарту ғана емес, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына тың серпін беру. Халықты баспанамен, толыққанды өмір сүруге қолайлы ортамен қамтамасыз ету маңызды», – деді ол.

Жастарға қолдау – басты назарда Жаңа баспаналар, әсіресе, жастарды қолдау бағдарламаларымен қатар жүзеге асып жатыр. Қостанай облысында «Қостанай жастары» бағдарламасы өз жалғасын табуда. Соңғы үш жылда 340-тан астам жас тұрғын үймен қамтамасыз етілді. Бағдарлама 2025 жылы да жалғасады.

2025 жылға арналған қаржыландыру көлемі 938 млн теңгені құрап отыр. Оның ішінде «Отбасы банкі» АҚ қаражаты да бар.

Қостанай қаласындағы «Астана» және «Бәйтерек» жаңа шағын аудандары – жай ғана тұрғын үйлердің жиынтығы емес, бұл – әлеуметтік игіліктерге бай, болашақтың талабына сай тұрмыс салтын қалыптастыруға бағытталған жаңа қалалық кеңістік. Бұл бастама Қостанай өңірінің дамуындағы маңызды кезеңнің айғағы болмақ.

Бақыт ТҰРАШ, суреттер Қостанай облысы әкімінің баспасөз қызметінен алынды