Сарыкөл ауданына жұмыс сапары: инфрақұрылым мен ауыл шаруашылығына баса назар аударылды Сарыкөл ауданына жасалған жұмыс сапары барысында негізгі назар әлеуметтік және жол инфрақұрылымын дамытуға, агроөнеркәсіптік кешенді қолдауға, сондай-ақ тұрғындардың өтініш-тілектеріне арналды.
Тимирязев ауылындағы оң өзгерістер. «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында Тимирязев ауылындағы «Әлия» саябағы қайта жаңғыртылды. Аумағына асфальт төселіп, абаттандыру және көгалдандыру жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар, ауылдық клуб пен кітапханаға күрделі жөндеу жасалып, жергілікті мәдениет пен білім ошақтары жаңаша кейіпке енді.
Ауылда модульді ветеринариялық пункт орнатылып, бүгінде 3 800-ден астам мал мен құсты қамтып отыр. Бұл – ауыл шаруашылығы саласының тұрақты дамуына жасалған нақты қадам.
Сапар аясында «Үтемісов Ш.Е.» шаруа қожалығының базасында жергілікті ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерімен кездесу өтті. Кездесу барысында егін жинау науқанына дайындық, егіс алқаптарының жай-күйі және мемлекеттік қолдау тетіктері талқыланды. Қожалықтағы өнімділік гектарына 30 центнерге дейін жетіп отыр. Аудандағы егістіктің 68,8%-ы жақсы күйде деп бағалануда.

— Биыл астықтың жағдайы былтырғы жылмен салыстырғанда сәл жақсырақ. Қуаңшылық болады деп болжаған едік, бірақ, құдайға шүкір, бәрі жаман емес. Жаңбыр да жақсы жауды. Облыста шөп көп, қор бар, былтырдан да біраз қалған. Биыл да мүмкіндігінше көп жинап алуымыз керек. Алдағы жылдардың қандай болатынын ешкім білмейді, – деді өңір басшысы.
Сарыкөлдегі жобалар қарқынды іске асуда. Аудан орталығында да ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Сарыкөл аудандық ауруханасына жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын – бүгінгі таңда дайындық деңгейі 90%-ды құрайды. Нысанды тапсыру осы жылдың тамызына жоспарланған.

Бұл ғимараттың жағдайы да өте нашар болған, ең нашар нысандардың бірі деуге болады, – деп еске алды облыс әкімі Кумар Аксақалов ауданға жұмыс сапары барысында. Бұл ауруханада кезінде оның екі қызы дүниеге келген және өзі де бірнеше рет медициналық көмекке жүгінген. Сондықтан бұл мекемеге деген көзқарасы да ерекше.
Алайда, әкімге палата мен дәрігерлердің кабинеттеріне қойылған есіктердің сапасы ұнамады. «Есіктер тек жақсы сөздің күшімен ғана ұстап тұр, сапасы өте төмен. Бұдан былай мұндайды орнатуға болмайды», – деді ол. Мердігер бұл сөзбен келіспек болғандай болды, бірақ пікірін ұстап қалды. Ал рентген сынды жаңа аппараттар барлық қажетті тексерулерді осы жерден өтуге мүмкіндік береді, енді Қостанайға барудың қажеті жоқ.

Сонымен қатар, республикалық маңызы бар «Алматы – Екатеринбург» автожолының аудан аумағындағы 27 шақырымдық учаскесінде жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі орындалу деңгейі – 75%.
— Қазір талаптар күшейіп жатыр. Келесі жылы автоматтандырылған таразылардың санын арттыруды жоспарлап отырмыз. Алғашқы таразылар өткен аптада Садчиковка аумағында орнатылды, қазір заңды түрде жұмыс істеп тұр. Асфальтқа түсетін салмақты шектеу керек. Жүк көліктерінің басым бөлігі шамадан тыс жүктелген. Мұндай салмаққа қай асфальт шыдас береді? Сондықтан мұндай таразыларды барлық жерде орнататын боламыз, – деді облыс әкімі.
Жұмыс сапары барысында «СарыкөлДорСтрой» кәсіпорнына да бару мүмкіндігі болды. Мұнда асфальт-бетон зауыты жаңғыртылып, заманауи талаптарға сай өндіріс жолға қойылған.

«Бұл жерде қалалар да бар. Биыл бұл мақсатқа шамамен 30 миллиард бөлінді. Өткен жылы – 20 миллиард. Бұл – басқа өңірлермен салыстырғанда екі есе көп, ал кейбір өңірлермен салыстырғанда үш, төрт, тіпті тоғыз есе артық. Бұл біз осы шешімді әдейі қабылдадық дегенді білдіреді. Ең алдымен жол инфрақұрылымын жақсарту үшін. Осы қаражатқа Қостанайда екі-үш нысан салуға болар еді – бұл да бюджет қаржысы. Бірақ ол кезде жол мәселесі шешілмеген күйінде қалар еді. Біз ауылдағы халықтың қалай өмір сүріп жатқанын және олардың нені қажет ететінін жақсы білеміз. Ең алдымен – жол және су. Содан кейін – әлеуметтік нысандардың дұрыс жұмыс істеуі. Егер жол болмаса, адамдар жаппай көшіп кететіні анық. Егер су болмаса да, адамдар жаппай көшіп кетеді. Сондықтан біз осы ең басты мәселелерді тез арада шешуді бастадық», – деді Құмар Ақсақалов.
Тұрғындармен ашық диалог болды. Сапар соңында аудан тұрғындарымен кездесу өтті. Кездесу барысында азаматтар өздерін толғандырған мәселелерін ортаға салып, нақты ұсыныстар білдірді. Барлық көтерілген мәселелер назарға алынып, бақылауға алынатын болды.
Бақыт ТҰРАШ, суреттер Қостанай облысы әкімінің баспасөз қызметінен алынды