Қостанай облысында Құрылысшылар күніне арналған салтанатты іс-шара өтті. Кәсіби мереке аясында құрылыс саласы қызметкерлерін облыс әкімінің орынбасары Берік Танжарықов құттықтап, олардың өлшеусіз еңбегін атап өтті.
Мемлекет басшысы «Қолжетімді тұрғын үй – бұл арман емес, бұл – азаматтарымыз үшін жасауға міндетті шынайы шындық» деген болатын. Бұл бағытта Қостанай облысында ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр.
— Соңғы екі жылда құрылыс жұмыстарының көлемі 70%-ға жуық өсіп, 2024 жылы 315,3 млрд теңгеге жетті. Ал биылғы жылдың алғашқы жартыжылдығында бұл көрсеткіш тағы 50,6%-ға артты. Республика бойынша құрылыс-монтаж жұмыстарының көлеміндегі Қостанай облысының үлесі 2022 жылы 3,8%-дан 2024 жылы 4,6%-ға дейін ұлғайды. Бұл – біздің өңір еліміздегі ең көп құрылыс жүргізетін аймақтардың біріне айналғанын білдіреді, – деді әкімнің орынбасары Берік Таңжарықов.
Соңғы екі жылда 1 млн шаршы метрге жуық тұрғын үй пайдалануға беріліп, 9 мыңнан астам отбасы баспаналы болды.
2025 жылдың басынан бері 256 мың шаршы метр тұрғын үй салынса, жыл соңына дейін тағы 500 мың шаршы метр тұрғызылмақ. Оның ішінде 47 көпқабатты үй, 124 мың шаршы метр жеке тұрғын үй жоспарланған.

Қазіргі таңда Қостанай агломерациясында жаңа «Астана» және «Бәйтерек» шағын аудандары қарқынды дамып келеді. Мұнда 10 үйдің құрылысы аяқталуға жақын, тағы 13 үйдің құрылысы басталды. Жоспар бойынша бұл аудандарда 150-ден астам көпқабатты үй мен барлық әлеуметтік инфрақұрылым бой көтереді.
2025 жылы облыста бірнеше маңызды әлеуметтік нысандар пайдалануға берілді. Мысалы Қостанайда 2 жаңа жайлы мектеп, Жангелдин ауданында мектеп, Қостанай ауданында – емхана, Сарыкөл мен Әулиекөлде дене шынықтыру-сауықтыру кешені, Меңдіқара мен Қамыстыда жабық хоккей корттары, Қостанай, Әулиекөл мен Тобылда балабақшалар мен балалар орталықтары, Қостанайда № 1 балалар-жасөспірімдер спорт мектебі берілді.
Жыл соңына дейін ауылдық жерлерде тағы 15 әлеуметтік нысан, сонымен қатар Рудный мен Құсмұрында 2 жаңа мектеп ашылады.

Қостанай облысы – еліміздегі ірі өндіріс орталықтарының біріне айналып келеді. Биыл іске қосылатын 4 ірі зауыттың қатарында KIA автозауыты, жүк көліктеріне арналған жетекші беріліс зауыты, жеңіл автокөліктерге арналған автокомпоненттер өндірісі, «Кондитерлік астана» фабрикасы.
Сонымен қатар көлік-логистикалық кешеннің құрылысы басталды. Ерекше маңызды жобалардың бірі – ыстық брикеттелген темір өндіретін зауыт пен Ақтөбе облысынан тартылатын жаңа магистральдық газ құбыры. Бұл өңірдің газдандыруын жалғастыруға, ШОБ жобаларын дамытуға және ірі индустриялық бастамаларды жүзеге асыруға жол ашады.
Агроөнеркәсіп кешенін қолдау да назардан тыс қалған жоқ. 2025 жылы 4 жаңа сүт фермасы пайдалануға беріледі, тағы 5 ферма құрылысы жалғасуда.
Автожол желісін жақсарту – экономикалық өсудің және өмір сапасын арттырудың маңызды тетігі.
2025 жылы 1 300 шақырым жол жөнделеді. Бұл мақсатқа 102 млрд теңге бөлінді (2024 жылмен салыстырғанда 40%-ға артық), 103 елді мекенде 400-ден астам көше жөндеуден өтеді (29 млрд теңге бөлінген).
Республикалық маңызы бар «Жезқазған – Петропавл» автожолының Арқалық – Ұлытау облысы шекарасына дейінгі 87 шақырымдық учаскесін жөндеу биыл аяқталады.

Мемлекет басшысының тапсырмасымен «Орталық – Батыс» жобасы іске қосылды. Астана – Арқалық – Торғай – Іргіз бағытымен өтетін жаңа жол 560 шақырымға қысқарады, 70 мың халқы бар 13 елді мекенді қамтиды. Қазіргі таңда бұл бағытта күніне орташа есеппен 10 көлік жүрсе, жол пайдалануға берілген соң бұл көрсеткіш 2 500 көлікке дейін артады.
Сондай-ақ Рудный қаласында транзиттік жүк ағынын азайту мақсатында айналма жол құрылысы жобалануда.
Облыста құрылыс материалдарының өндірісі де ұлғайып келеді. 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында 23,1 млрд теңгенің өнімі өндірілді – бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 13,3%-ға артық.
Жергілікті зауыттардың жүктемесі жыл бойына біркелкі бөлінді, бұл сала тұрақтылығын көрсетеді.
Құрылыс – бұл тек нысандар тұрғызу емес. Бұл – болашақты құру. Қостанай облысының құрылысшылары ел дамуының негізін қалай отырып, мыңдаған отбасының арманына айналған жайлы өмірге жол ашуда.
Бақыт ТҰРАШ, суреттер Қостанай облысы әкімінің баспасөз қызметінен алынды