Әулиекөл әлеуметімен кездесті

21 августа 2025 8:25 • 289 просмотров

Қостанай облысының әкімі Ақсақалов Құмар жұмыс сапары аясында Әулиекөл ауданына барып, агроөнеркәсіп кешені, инфрақұрылым және әлеуметтік саладағы негізгі нысандарды аралап, тұрғындармен кездесті.

Әулиекөлде алғашқы сүт фермасының құрылысы басталды. Ол республикалық маңызы бар жол бойындағы Жосалы ауылында бой көтереді. Жосалы ауылының маңында 1 000 басқа арналған заманауи сүт тауарлы фермасының құрылысы басталады. Кәсіпорын жылына 9 мың тоннадан астам сүт өндіреді және 43 жаңа жұмыс орнын ашады. Алғашқы кезекте – Жосалы ауылының тұрғындары жұмыспен қамтылады.

Жобаның құны – 5,375 млрд теңге, оның 605 млн теңгесі – инвестордың жеке қаражаты, 4,77 млрд теңгесі – «Тобыл» ӘКК АҚ-ның қарызы. Құрылыс жұмыстары 2025 жылдың қыркүйегінде басталып, 2026 жылдың қарашасында аяқталады.

— Осы жылы инвестициялық жобаны қолға алдық. Яғни сүт-тауар фермасының құрылысы. Жобаның жалпы құны 5 млрд 400 млн теңге. Оның 4 млрд 770 мың теңгесі Тобыл» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы берілді. Ал 605 млн теңге жеке қаржымыздан салдық. Аумағы алты мың гектарға жуық. Оның 5228,9 гектары шабындық, 698 гектары жайылым. Қалған аумаққа дәнді-дақылдар егілетін болады. Бүгінгі аумақта жер тегістеу жұмыстары атқарылды. Материалдарды сатып алдық. Енді толығымен күрделі жөндеу жұмыстарын бастаймыз. Жем-шөп базасы дайын. Мың сиырды Ресейден және өзімізден аламыз. Еуропадан да тапсырыс беруіміз мүмкін», – деді «Белый аист» ЖШС директоры Талғат Тапаев.

Қазір Меңдіқара, Федоров және Алтынсарин аудандарында төрт заманауи сүт-тауар фермасы салынуда. Алдағы жылдары жалпы инвестиция көлемі 20,7 миллиард теңгені құрайтын тағы бес ферманың құрылысы басталады.

Егін жинау науқанына дайындық басталды. «ИНСПЭК» ЖШС алқаптарында облыс әкімі ауданның ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерімен кездесті. Егін жинау жұмыстарын ұйымдастыру, мемлекеттік қолдау шаралары және ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту мәселелері талқыланды.

Биыл Қостанай облысының аграрийлеріне 207 млрд теңге бөлінді – бұл 2024 жылмен салыстырғанда 20%-ға көп. Қаражат жеңілдетілген несие, минералды тыңайтқыштарды субсидиялау және техника сатып алуға бағытталды.

— Бұл жыл сайын қосымша 30 мың тоннадан астам сүт өндіруге және 180 жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. Осындай жобалардың бірі Әулиекөл ауданы Жосалы ауылының маңында жүзеге асырылуда. Мұнда жылына 9 мың тонна сүт өндіретін, 43 жаңа жұмыс орны бар ферма ашылады. Жобаның құны – 5,375 миллиард теңге, оның 605 миллионы – кәсіпорынның меншікті қаражаты, ал 4,77 миллиарды – «Тобыл ӘКК»АҚ несиесі. Құрылысқа арналған учаске-9,9 гектар. Біз жұмысты 2025 жылдың қыркүйегінде бастаймыз, оны 2026 жылдың қарашасында аяқтауды жоспарлап отырмыз. Мұндай жобаларды іске қосу оңай емес. Мұнда мал азығын дайындау, рационды дұрыс құрастыру өте маңызды, – деді өңір басшысы Құмар Ақсақалов.

Өңір басшысы Құмар Ақсақалов ауыл шаруашылығы облыс экономикасының негізгі салаларының бірі болғандықтан, оны дамытуға басымдық берілетінін жеткізді.

«Егіс алқаптарын 1337 тонна минералды тыңайтқыш сатып алынды. Қосымша 387 тонна алуға өтінім берілді. Жыл басынан бері 1,3 млрд теңгеге 60 техника алынды. Жүз мың тоннаға таяу шөп дайындалды. Бір жарым жылдық жем-шөп қорын дайындау жұмыстары жалғасуда. Сондай-ақ 61 шаруашылыққа 3,5 мың тонна жеңілдетілген дизель отыны бөлінді. Тауар өндірушілерді қолдау үшін «Аграрлық кредиттік корпорация» АҚ көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын жүргізу үшін 4 млрд теңге сомасына 26 несие берді. Он шаруашылық «Азық-түлік корпорациясы» ҰК АҚ арқылы 483 млн теңге сомасына 9 мың тонна ауыл шаруашылығы өнімдерін форвардтық сатып алуға қатысуда. «Аграрлық кредиттік корпорация» АҚ арқылы «Кең Дала» бағдарламасы бойынша 17 шаруашылыққа 2,2 млрд теңге берілді. «Кең Дала 2» бағдарламасы бойынша 2,4 млрд теңге сомасына несие қаражаты бөлініп, 9 шаруашылыққа 1,7 млрд теңге берілді», – деді Әулиекөл ауданының әкімі Жансұлтан Тәукенов.

Аудан тұрғындарына жаңа баспана салынып жатыр. Әулиекөл ауылында бұрынғы жатақхана ғимараты қайта жаңартылып, 24 пәтерлі тұрғын үйге айналуда. Жалпы ауданы – 1 441 шаршы метр. Жұмыстарды «Елорда Инвест Строй» ЖШС өз қаражаты есебінен жүргізуде.

Жоба инженерлік желілерді тартуды, аумақты абаттандыруды, көгалдандыруды және шағын сәулет нысандарын орнатуды қамтиды. Құрылыс аяқталғаннан кейін пәтерлер әлеуметтік осал топтағы отбасыларға беріліп, аудандағы тұрғын үй кезегін 7,2%-ға қысқартуға мүмкіндік береді.

Тұрғындармен ашық диалог өтті. Жұмыс сапары аудан тұрғындарымен кездесумен қорытындыланды. Облыс әкімі сұрақтарға жауап беріп, ауданның даму жоспарларын, инфрақұрылымды салу және жөндеу, ауыл тұрғындарын қолдау шаралары мен инвестиция тарту мәселелерін талқылады.

— «Ауылды дамыту – бұл жаңа жұмыс орындары, заманауи инфрақұрылым және халықтың жайлы өмір сүруі. Барлық жобаларымыздың мақсаты – жастардың ауылда қалуы, тұрғындардың таңдау мүмкіндігі мен болашағына сенімді болуы», – деп атап өтті облыс әкімі Құмар Ақсақалов.

Бақыт ТҰРАШ, суреттер Қостанай облысы әкімінің баспасөз қызметінен алынды