Қырманда қызу жұмыс басталды

21 августа 2025 8:21 • 292 просмотров

Қазақстанның 12 өңірінде егін жинау науқаны басталды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар шеңберінде ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді қолдауға ерекше назар аударуда: қолайлы жағдайлар жасау тәуекелдерді азайтуға және елдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға ықпал етеді.

Соңғы мәліметтер бойынша, 1,1 млн гектар (дәнді дақылдар егісінің 6,6%-ы) орылып, 1,6 млн тонна астық бастырылды, 17,4 мың тонна майлы дақыл, 363,5 мың тонна картоп, 1,3 млн тонна көкөніс және 1,6 млн тонна бақша өнімдері жиналды.

Ел бойынша жаппай егін жинау науқаны тамыздың үшінші онкүндігінде басталады. Егін жинау жұмыстарына барлығы 139 мың трактор, 31 мың астық жинайтын комбайн, 17 мың орақ және 130 мың басқа техника жұмылдырылады. Бүгінгі таңда жалпы дайындық 93%-ды құрайды.

Өңірлерге егін жинау жұмыстарын жүргізуге 254 теңге/литрге жеңілдікті бағамен 402 мың тонна дизель отыны бөлінді, бұл нарықтық құннан 18–20%-ға арзан.

Қостанайлық шаруалар егін жинауды бастады: 30 мың га астық жиналды

Қостанай облысында ерте егілген егінді жинау басталды. Науқанның негізгі бөлігі әлі алда.

«Мемлекеттің, облыстың ауыл шаруашылығы құрылымдарының қолдауының арқасында біз егін егу науқанын оңтайлы мерзімде уақтылы өткіздік. Бүгінгі таңда біздің шаруашылықтарымыз ерте егілген егінді жинауға кірісті.

«Биыл облыста 5,1 млн га алқапта егін жинау науқаны өтеді» – деп атап өтті Қостанай облысы Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының бас маманы Кенже Жұмабеков.

Оның айтуынша, бүгінгі күні орташа өнімділігі 10,8 ц/га болатын 30 мың гектарға жуық алқаптан дәнді дақылдар, 8 ц/га өнімділікпен 1 мың гектарға жуық алқаптан майлы дақылдар жиналды.

Қостанай облысында егінді қабылдауға жалпы сыйымдылығы 8,3 млн тонна болатын 34 астық қабылдау кәсіпорны мен қоймалары дайындалды

Қостанай облысында 5,1 млн га алқапта ауыл шаруашылығы дақылдарын жинау басталды. Қазіргі уақытта егістің ерте мерзімінде бидай, сондай-ақ арпа мен сұлыны қоса алғанда, жем-шөп дақылдарын жинау жүргізілуде.

Егін жинау науқанын өткізуге заманауи техника дайындалды: 7,9 мың астық жинайтын комбайн және 8,2 мың жүк автомобильдері тартылды.

Қостанай облысында күзгі дала жұмыстары үшін 83 мың тонна дизель отыны бөлінді, оның 15,6 мың тоннасы шілде айында келіп түсті, ал 29,6 мың тоннасы тамызға жоспарланған. Жеткізуді 20 оператор, соның ішінде өз ресурстарын пайдаланатын бес кәсіпорын қамтамасыз етеді.

Өңірде жаңа егінді сақтау үшін жалпы сыйымдылығы 3 млн тонна болатын 34 лицензияланған астық қабылдау кәсіпорны жұмыс істейді. Тағы 5,3 млн тоннаны шаруашылық жүргізуші субъектілердің қоймалары қамтамасыз етеді. Сонымен қатар облыста сақтауға барлық егінді салу үшін 415 астық кептіру агрегаты орнатылды.

2025 жылдың басында өңірдің өңдеу кәсіпорындары 104,9 млрд теңгенің өнімін шығарған. Ал мамандар елімізде жиналған бидайдың бар-жоғы 3%-ы ғана өңделеді деп отыр. Әрине, ірі көлемде бидай экспорттап отырған елдердің қатарындағы мемлекет үшін бұл тым аздық етеді.

Қостанай облысында бидай мен майлы дақылды терең өңдейтін зауыттар жоқ. Мұндай зауыттар елімізде аминқышқыл, глютен, лизин, крахмал, биоэтанол сияқты жаңа өнімдер өндірісін жолға қойып, импортты ығыстырар ма еді. Сарапшылардың есебінше, 1 тонна ұнның бағасы 120–130 мың теңге болса, терең өңдеуден өткен өнімнің тоннасын 350–541 мың теңгеге экспорттауға болады. Сонымен қатар өңірде ет және сүт бағытындағы мал шаруашылығы, құс шаруашылығы мен мал азығы өндірісі қарқынды дамып келеді. Бұл бағытта жұмыс істеп жатқан 200-ге тарта кәсіпорын өткен жылы 429 млрд теңгенің өнімін шығарған.

Өткен жылы облыс қамбасына 5,5 млн тоннаның үстінде астық түсті. Оның шамамен 1,7 млн тоннасы өңдеу өнеркәсіптеріне жіберілді. Мәселен, дәнді, бұршақты дақыл өңдейтін зауыттар көршілес елдерге 800 мың тонна ұн, 44 мың тонна жарма өнімдерін сатқан. Майлы дақылдарды өңдейтін кәсіпорындар 100 мың тоннаға жуық күнбағыс және рапс дәнінен 34 мың тонна сұйық май алған. 2025 жылдың бірінші жартысына дейінгі мәлімет бойынша, өңір шаруашылықтары 21,3 мың тонна ет, 141,4 мың тонна сүт өндірген. Осыншама шикізатты қабылдап алған сүт өңдеу кәсіпорындары 113 мың тонна көлемінде өнім шығарды. Бүгінде облыстағы мал саны 438,7 мыңға жетіп отыр.

Бақыт ТҰРАШ, суреттер Қостанай облысы әкімінің баспасөз қызметінен алынды