Облыстық денсаулық сақтау басқармасының 2025 жылғы 18 тамыздағы бұйрығына сәйкес, аталған медициналық мекеме директорының міндетін уақытша атқару Асхат Оңғарұлы Өтебаевқа жүктелді.
Асхат Өтебаев – денсаулық сақтау саласында ұзақ жылдық тәжірибесі бар білікті маман. Ол 1980 жылы дүниеге келген. 2004 жылы Шымкент қаласындағы Оңтүстік Қазақстан медицина академиясын «Емдеу ісі» мамандығы бойынша аяқтаған. Кейін «Хирургия» мамандығы бойынша интернатураны тәмамдады.
Медицинадағы кәсіби жолын хирург-дәрігер ретінде бастаған Асхат Оңғарұлы аудандық, қалалық және облыстық деңгейдегі түрлі медициналық ұйымдарда жұмыс істеп, бөлім меңгерушісі, бас дәрігер сынды жауапты қызметтерді атқарған.
Білімін үздіксіз жетілдіріп отырған маман 2020 жылы Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінен «Менеджмент» мамандығы бойынша экономика және бизнес магистрі дәрежесін иеленді. Сонымен қатар, 2024 жылы «Денсаулық сақтаудағы менеджмент» бағдарламасы бойынша арнайы оқудан өтті.
Асхат Өтебаевтың еңбегі мемлекет тарапынан жоғары бағаланып, ол бірқатар салалық марапаттарға ие болған. Атап айтқанда, «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісі, «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» төсбелгісі, «ҚР шұғыл медициналық көмек қызметіне 10 жыл» төсбелгісімен марапатталған.
Жаңа қызметке тағайындалғанға дейін Алматы қаласындағы ҚР Президентінің Іс басқармасы медициналық орталығының құрамындағы «Оқ-Жетпес» емдеу-сауықтыру кешенінде медициналық бөлім бойынша директордың орынбасары қызметін атқарған.
Бақыт ТҰРАШ, суреттер Қостанай облысы әкімінің баспасөз қызметінен алынды