Қостанай облысының Құсмұрын ауылында оқу жылының алғашқы күні «Келешек мектептері» Ұлттық жобасы бойынша салынған мемлекеттік тілде оқытатын жаңа заманауи мектеп оқушыларға өз есігін айқара ашты.
Салтанатты ашылу рәсіміне өңір басшысы Құмар Ақсақалов, облыстық білім басқармасының өкілдері, аудан әкімдігі, мектеп ұжымы, ата-аналар мен оқушылар қатысты. Шара барысында мектептің заманауи инфрақұрылымы таныстырылып, оқушылар мен ұстаздарға арналып арнайы экскурсия ұйымдастырылды.
Мектептің жалпы құрылысына 3,5 млрд теңге бөлінген Құсмұрын ауылының № 1 жалпы білім беретін мектебінде табысты білім беру процесі үшін балаларға барлық жағдай жасалған. Оқу кабинеттері заман талабына сай және педагогтер мен оқушыларға ғылыми жұмыстар әзірлеуде жасанды интеллекті пайдаланып, виртуалды тәжірибелер жасауға мүмкіндік беретін интерактивті жабдықтармен жарақталған.

Бүгін облысымызда 10 мыңға жуық бала алғаш рет мектеп табалдырығын аттайды. Сапалы білім беру және өскелең ұрпақты тәрбиелеу – еліміздің басты құндылықтарының бірі. Мемлекет басшысының бастамасымен облысымызда жаңа үлгідегі заманауи мектептер салынып, балаларымыздың жарқын болашағына жол ашылуда.
Өткен оқу жылында 3 360 орынға арналған 5 жаңа мектеп ашылды. Оның екеуі Қостанай қаласында, Арқалық қаласында және Қостанай ауданында «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында ашылды. Биыл тағы 4 380 орындық 6 мектеп пайдалануға беріледі, оның ішінде екеуі «Келешек мектептері».Мектептерді «Samruk-Kazyna Construction» акционерлік қоғамы салып жатыр.
Салтанатты жиында облыс әкімі Құмар Іргебайұлы Ақсақалов оқушыларды, ата-аналарды және барша ұжымды құттықтай отырып, «Жаңа мектептің ашылуы – ата-аналар мен балалардың көптен күткен қуанышы! Мектеп еліміздің Конституциясының 30-жылдығы, сондай-ақ қазақтың тұңғыш ғалымы, тарихшы, этнограф және ағартушысы Шоқан Уәлихановтың туғанына 190 жыл толуын мерекелеу жылы ашылып, өзінің қайталанбас тарихын жаза бастағаны ерекше қуантуда. Бұл оқушылардың бойында нағыз патриотизм, белсенді азаматтық ұстанымды қалыптастыру жолында мықты негіз болатынына мен сенімдімін. Жаңа мектептің өз тарихын еліміздің Конституциясының 30 жылдығын, сондай-ақ қазақ ғалымы, тарихшы, этнограф және ағартушы Шоқан Уәлихановтың туғанына 190 жылдығын мерекелеу жылында басталғаны қуантады. Бұл маңызды оқиғалар оқушылар мен мұғалімдер ұжымында нағыз патриотизмді оятады, ұлттық бірлік пен азаматтық жауапкершілікті арттырады деп сенемін. Баршаңызға толағай табыстар мен жоғары жетістіктерге жетуді тілеймін!», – деді облыс әкімі Құмар Ақсақалов.

Мектепте 24 оқу кабинеті бар. Физика, химия, биология пәндері кабинеттерінің биотехнология және нанотехнология бойынша оқу зертханалары бар, робототехника және компьютерлік сыныптар, STEM зертхана заманауи түрде жабдықталған. Заманауи станоктармен жабдықталған «Үй мәдениеті» және тігін жабдықтары бар «Дизайн және технология» жаңа шеберханалары, аспаздық кабинеті оқушыларға өмірге қажетті дағдыларды үйренуге көмектеседі. Кең спорт залы толығымен спорттық құралдармен жабдықталған, ал жас бишілерді хореография залы қабылдауға дайын. Оқушыларды жан-жақты дамытуға және педагогтердің белсенді жұмысына арналған акт залы, оқу залы бар заманауи кітапхана, «Көрнекі өнері» кабинеті және жайлы коворкинг зоналар жұмыс істейді. Мұның бәрі оқушылардың білім сапасын арттыруға, қабілеттерімен таланттарын ашуға, өскелең ұрпақтың ғылыми және шығармашылық әлеуетін дамытуға бағытталған.
Мектеп оқушысының анасы Балғын Ермағамбетова: «Бүгін жаңа мектебімізді көріп, біздің қуанышымызда шек жоқ! Бұрынғы мектеп ескі әскери госпитальдің ғимаратында орналасқан болатын. Енді ауылымыздағы бұл заманауи білім ордасында оқып, қызым жоғары нәтижелерге қол жеткізетініне сенімім мол!», – деп қуанышымен бөлісті. Бұл «Келешек мектептері» Ұлттық жоба аясында ашылған облыстағы бесінші мектеп екенін естеріңізге сала кетейік. Жалпы жоба бойынша өңірде 4500 орынға арналған 6 мектеп ашылатын болады. Бұл өңірдегі оқушы орындарының тапшылығы мәселесін шешіп, қазақстандықтардың жаңа буынын жан-жақты дамыту үшін барлық қажетті жағдайларды жасауға мүмкіндік береді.

Облыс әкімі өз сөзінде білім беру саласындағы реформалардың маңыздылығын атап өтіп, болашақта осындай мектептердің саны арта түсетінін жеткізді.
«Білім сапасы – елдің болашағы. Осындай жаңа үлгідегі мектептер әрбір балаға тең мүмкіндік беріп, ауыл мен қала мектептерінің арасындағы алшақтықты жоюға ықпал етеді. Ұлттық жоба аясында өңірімізде тағы бірнеше мектептің құрылысы жалғасуда. Бұл – мемлекет тарапынан білім саласына көрсетіліп отырған үлкен қолдау», – деді Құмар Ақсақалов.
Жаңа мектепте білім алатын 600-ден астам оқушы үшін барлық жағдай жасалған. Мектеп асханасы заманауи талаптарға сай жабдықталып, толықтай ыстық тамақпен қамтылмақ. Сондай-ақ, қауіпсіздік мақсатында бейнебақылау жүйесі орнатылып, санитарлық-гигиеналық талаптар толығымен сақталған.
Педагогтер құрамы да жоғары білікті мамандардан жасақталған. Олардың кәсіби дамуына арналған ресурстық орталықтар мен әдістемелік кабинеттер де қарастырылған. Сонымен қатар, оқушылардың психологиялық қолдау алуына арналған арнайы кеңес беру бөлмесі жұмыс істейді.
Ата-аналар мен тұрғындар жаңа білім ордасының ашылуын зор қуанышпен қабылдап, мемлекетке ризашылықтарын білдірді.
«Келешек мектептері» Ұлттық жобасы – Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы аясында жүзеге асырылып жатқан бастама. Жобаның басты мақсаты – балалардың сапалы білім алуына тең мүмкіндік жасау, ауылдық және қалалық мектептер арасындағы айырмашылықты азайту, және білім беру инфрақұрылымын жаңғырту.
Бақыт ТҰРАШ, суреттер Қостанай облысы әкімінің баспасөз қызметінен алынды