Президент жолдауы іс жүзінде

11 сентября 2025 8:53 • 307 просмотров

Қостанай облысының әкімдігінде Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жыл сайынғы Жолдауын іске асыру тетіктерін талқылауға арналған кеңейтілген жиын өтті.

Күн тәртібінде – Мемлекет басшысы айқындаған стратегиялық міндеттер аясында өңірдің дамуының негізгі бағыттары: цифрландыру, индустрияландыру, инвестициялар тарту, білім беру, АӨК және коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту.

«Президенттің Жолдауы – ауқымды жұмыстың бастауы», – деп атап өтті Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов. – Мемлекет басшысы айтқан міндеттер еліміздің болашағы үшін аса маңызды және олар тікелей цифрлық трансформациямен байланысты. Біз атқарып жатқан ауқымды жұмыс – Қазақстанның прогрессивті болашағына қосқан үлес».

Президенттің тапсырмалары өңірлік деңгейде нақты іске асырылуда. Тамыз айында Қостанайда өткен инвестициялық форум жасанды интеллектті енгізу, цифрландыру және жоғары технологиялық салаларды, соның ішінде агроөнеркәсіптік кешенді, машина жасау мен білім беруді дамыту мәселелеріне арналды. Форум аясында отандық және шетелдік инвесторлардың қатысуымен нақты жобалар ұсынылды. Бұл – өңірдің Мемлекет басшысы айқындаған стратегиялық мақсаттарды жүзеге асыруға толық бейілді екенін көрсетеді.

ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ МЕКТЕПТЕН БАСТАЛАДЫ

Кеңестің негізгі мәселелерінің бірі – білім беру саласындағы цифрлық трансформация болды. Қостанай облысындағы педагогтар мен оқушылардың IT-құзыреттілігін қалыптастыру және дамыту тақырыбында облыстық Білім беру сапасын бағалау және ақпараттандыру әдістемелік орталығының директоры Ольга Козлюк баяндама жасады. Ол 2025 жылдан бастап мектептегі «Цифрлық сауаттылық» және «Информатика» пәндеріне жасанды интеллект элементтері енгізілетінін айтты. Бұл – Президент Жолдауындағы жасанды интеллектті және цифрландыруды ел дамуының стратегиялық бағыты ретінде толық ауқымда енгізу жөніндегі басымдықпен толық үндеседі.

Өңірдегі 63 шағын жинақты мектепте арнайы жоба іске асырылуда. Бұл мақсатқа облыстық бюджеттен 200 млн теңгеден астам қаржы бөлінген. Мұғалімдерге генеративті ИИ-модельдерді қолдану бойынша онлайн-оқыту ұйымдастырылуда, оқу бағдарламасы ЮНЕСКО-мен бірлесіп әзірленген. 1 қазанға дейін облыстың барлық педагогтарын оқумен қамту жоспарланып отыр.

Қазақ тілін үйрену, білім деңгейін нақты бағалау және мектептердегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша пилоттық AI-шешімдер енгізілуде. Сонымен қатар, ИИ негізінде кәсіби бағдарлау бағдарламалары әзірленуде және индустриалды-педагогикалық колледжді мамандандырылған IT-колледжге айналдыру жұмысы жүргізілуде.

ҚОСТАНАЙ – ИНВЕСТИЦИЯ МЕН ИНДУСТРИЯНЫҢ ОРТАЛЫҒЫ

«Kazakh Invest» өңірлік директоры Даурен Ниязбаев Қостанай облысында жүзеге асып жатқан ірі инвестициялық жобалар туралы айтып берді. Олардың қатарында – KIA автозауытын салу, машина жасау кластерлерін құру және металлургия саласына инвестиция тарту бар. Бұл бастамалар Мемлекет басшысының өңдеуші өнеркәсіп пен жоғары қосылған құны бар индустриялық жобаларды қолдау жөніндегі тапсырмасымен үйлеседі.

Дәурен Ниязбаев Қостанай облысы флагмандық өндірістерді орналастыру үшін басым өңірлердің қатарына енгенін ерекше атап өтті. Осы жылдың қазан айында Кореядан тыс алғашқы толық циклді KIA зауытының сериялық өндірісі іске қосылады деп күтілуде. Жобаның инвестиция көлемі – 130 млрд теңгеден астам, 1 500 жұмыс орны ашылады.

Автозауыт жанында 800 жұмыс орны болатын автоқұрамдас бөлшектерін өндіру орталығы салынып жатыр. Сондай-ақ, «KamLitKZ» ЖШС 160 млрд теңгеден астам сомаға екі машина жасау жобасын жүзеге асыруда. Металлургия саласында да серпілістер күтілуде: ССГПО базасында 532 млрд теңгелік тікелей ыстық брикеттелген темір жобасы және EastHopeGroup тарапынан 864 млрд теңгеге глинозем шығаратын зауыт салу жоспарлануда. Сонымен қатар, Қостанайда газ-химия кешені мен «Тобыл» логистикалық хабының құрылысы жүргізілуде. Облыстың жалпы инвестициялық портфелі – 2,1 трлн теңгеден асады.

ЗАМАНАУИ БІЛІМ–СТРАТЕГИЯЛЫҚ БАСЫМДЫҚ

Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетінің ректоры Сейтбек Қуанышбаев жасанды интеллекттің экономиканы дамытудағы рөліне назар аударды. Ол бұл саладағы құзыреттерді қалыптастыру білім беру жүйесінен басталуы тиіс екенін атап өтті. Университет ИИ бойынша оқу курстарын енгізіп, өңірдің цифрлық трансформациясын қолдай алатын ғылыми база қалыптастыру бағытында жұмыс жүргізуде.

Сейтбек Қуанышбаевтың айтуынша, жасанды интеллект – бұл тек технология ғана емес, бұл – мемлекеттің бәсекеге қабілеттілігіне тікелей әсер ететін экономикалық мүмкіндік. Бұл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстанның цифрлық болашағы білім беру арқылы қалыптасатыны туралы ұстанымымен толық сәйкес келеді.

ҚОСТАНАЙ АӨК: ДАЛАДАН ЭКСПОРТҚА ДЕЙІН

«Қарасу-Астық» компаниялар тобының басшысы Әміржан Тұрсынов агроөнеркәсіптік кешенді дамыту стратегиясымен бөлісті. Негізгі басымдық – шикізаттық экспорттан өңдеуге көшу. Қазіргі уақытта өңірде заманауи ет комбинаттары мен құрамажем зауыттары жұмыс істеп тұр. Компания бордақылау алаңдарын кеңейтіп, цифрлық технологияларды енгізуде және «Digital Kazakhstan 2.0» бағдарламасына белсенді қатысуда. Бұл экспортты арттырып, еңбек өнімділігін көтеруге және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Тұрсыновтың айтуынша, Қостанай облысы «Made in Kazakhstan» брендімен жоғары қосылған құны бар өнім шығаратын көшбасшы өңірге айнала алады. АӨК-ті терең өңдеу мен цифрландыруға басымдық беру Президенттің аграрлық ғылымда инновацияларды дамыту және өндірістің қосылған құнын арттыру туралы идеясына толық сәйкес келеді.

ЭНЕРГЕТИКА ЖӘНЕ ТКШ: БОЛАШАҚ ИНФРАҚҰРЫЛЫМЫ

Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Арман Жұнұсов «Энергетикалық және коммуналдық секторды жаңғырту» ұлттық жобасын жүзеге асыру туралы баяндама жасады. Оның айтуынша, бүгінде желілердің тозу деңгейі шамамен 65%-ды құрайды, ал жобаның мақсаты – бұл көрсеткішті 2029 жылға қарай 50%-ға дейін төмендету. Бұл Мемлекет басшысының ТКШ-ны жаңғырту және цифрландыруды басты міндет ретінде қарастыру идеясымен толық үйлеседі.

Өңірде қаржыландырудың тиімді тетіктері іске асуда: облигациялар шығару, пайыздық мөлшерлемелерді субсидиялау, сондай-ақ «Бәйтерек» холдингі мен жекеменшік банктер арқылы инвестиция тарту. 2025–2029 жылдар аралығында 80 млрд теңгеден астам сомаға су, жылу және электрмен жабдықтау жүйелерін жаңғырту бойынша 56 жоба іске асырылады. Бұл халықты сапалы коммуналдық қызметтермен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, әрі тарифтердің күрт өсуіне жол бермейді.

ҚОРЫТЫНДЫ

Осылайша, Қостанай облысы Президент Жолдауында көрсетілген стратегиялық міндеттерді іске асыруға дайын екенін нақты істерімен дәлелдеуде. Нақты жобалар, цифрлық бастамалар, инвестиция тарту және адами капиталға басымдық беру – бұлар жай жоспар емес, қазірдің өзінде жүзеге асып жатқан нақты қадамдар.

Жасанды интеллект, цифрландыру, жаңа өндірістер, білім беру – бұлар алыс болашақтың емес, дәл бүгін басталып жатқан істер.

Облыс әкімі Құмар Ақсақалов атап өткендей: «Президент Жолдауы – жай ғана құжат емес. Бұл – өңір дамуының нақты бағдары».

Бақыт ТҰРАШ, суреттер Қостанай облысы әкімінің баспасөз қызметінен алынды