Спорт – салауатты ұрпақ кепілі

11 сентября 2025 8:43 • 302 просмотров

Қостанай облысында дене шынықтыруды дамыту мен халықтың спортқа тартылуын арттыруға бағытталған шаралар жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Спорт мұнда қоғамның дамуымен және әл-ауқатымен тығыз байланысты аса маңызды құрамдас бөлік ретінде қарастырылады.

Өңір тұрғындарының жасына да, тұрғылықты жеріне де қарамастан, белсенді әрі салауатты өмір салтына араласуына мүмкіндік беретін жағдайлар жасалуда. Соңғы деректер бойынша облыста 380 мыңнан астам адам тұрақты түрде спортпен айналысады. Бұл – халықтың шамамен 45,5 пайызы, яғни спортқа деген тұрақты қызығушылықтың айқын көрінісі. Е

ң қуантатыны – бұл қызығушылық біртіндеп тек қалаларда ғана емес, ауылдық жерлерде де кеңінен таралуда. Жұмыстың басты бағыттарының бірі – спорттық инфрақұрылымды дамыту.

Тек 2025 жылдың өзінде өңірде төрт жаңа нысан пайдалануға берілді: Меңдіқара ауданында жабық хоккей корты, Сарыкөл ауданында дене шынықтыру-сауықтыру кешені, сондай-ақ Рудный қаласында жүздеген адамға арналған «Sokol» және «Sarybai» атты екі заманауи ФОК. Барлық нысандар инклюзия мен қолжетімділікті ескере отырып жобаланған, бұл мүмкіндігінше көбірек тұрғынды қамтуға жол ашады. Жастар мен оқушыларға ерекше көңіл бөлінуде.

Жастар арасында түрлі жарыстар ұйымдастырылып келеді. Бүгінгі күнге дейін 38-Облыстық спартакиада, Конституция күніне арналған «Қазақстан қыраны – 2025» облыстық қазақ күресі турнирі және басқа да ауқымды спорттық іс-шаралар өткізілді. Біздің жасөспірімдер облыстық, республикалық және халықаралық деңгейдегі мыңдаған қатысушысы бар жарыстарда әрдайым жақсы нәтижелер көрсетіп жүр. Бұл – өңір спортын дамытуға бапкерлеріміздің де зор үлес қосып жатқанын дәлелдейді.

Ұлттық спорт түрлері олимпиадалық спортпен қатар басым бағыт ретінде айқындалды. Соңғы жылдары ұлттық спорт түрлері серпінді дамуда. Қостанай облысында көкпар, асық ату, қазақша күрес, тоғызқұмалақ, аударыспақ, ат спорты бойынша бәйге түрлері және басқа да дәстүрлі спорт түрлері белсенді дамып келеді. Ай сайын шамамен 15-ке жуық жарыс өткізіліп, онда біздің жастар лайықты жетістіктерге жетуде. Бұл спорт түрлері өңірдің мәдени болмысының маңызды бөлігіне айналып, оларға деген жастардың қызығушылығы күн санап артып отыр.

Сонымен қатар, Қостанай облысында бұқаралық спортты насихаттау мақсатында түрлі деңгейдегі акциялар мен спорттық фестивальдер жүйелі түрде өткізілуде. Бұл шаралар тұрғындарды, әсіресе жастарды спортқа баулып, салауатты өмір салтын ұстануға ынталандырады. Облыс орталығы мен аудандарда ашық жаттығу алаңдары, веложолдар, жүгіру жолақтары және басқа да спорт инфрақұрылымы кеңейтіліп жатыр. Мұның барлығы халықтың спортқа қолжетімділігін арттырып, денсаулықты нығайтуға үлкен үлес қосуда.

Сонымен бірге, өңірде мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін де спортпен шұғылдануға барлық жағдай жасалған. Арнайы бейімделген спорт секциялары мен инклюзивті жобалар арқылы бұл санаттағы азаматтар да белсенді өмір салтына араласуда. Спорттық ортада тең мүмкіндіктер жасау – Қостанай облысы спорт саясатының маңызды бағыттарының бірі.

Спорт саласында кәсіби кадрлар даярлау да назардан тыс қалмауда. Білікті жаттықтырушылар мен дене шынықтыру мұғалімдерін даярлау және қайта даярлау курстары тұрақты түрде өткізіліп келеді. Спорт мектептері мен секцияларында жұмыс істейтін мамандардың кәсібилігі жыл сайын артып, бұл өз кезегінде жастардың нәтижелеріне оң әсер етуде.

Алдағы уақытта облыста тағы бірнеше спорт нысанын салу, қолданыстағыларын жаңғырту және бұқаралық спорт түрлерін кеңінен дамыту жоспарланып отыр. Бұл бағыттағы жүйелі жұмыстар өңір халқының өмір сүру сапасын арттыруға және Қостанай облысын еліміздегі ең белсенді спорттық аймақтардың біріне айналдыруға мүмкіндік береді.

Бақыт ТҰРАШ, суреттер Қостанай облысы әкімінің баспасөз қызметінен алынды