Оңтүстік аудандар қарқынды дамуда

18 сентября 2025 8:43 • 321 просмотров

Қостанай облысының оңтүстігіндегі Жанкелдин, Аманкелді аудандары мен Арқалық қаласы соңғы уақытта әлеуметтік, мәдени және инфрақұрылымдық тұрғыда елеулі серпілістерге куә болуда.

Облыс әкімі Құмар Ақсақалов жұмыс сапары осы жетістіктер мен алдағы межелерді халыққа таныстырып, елмен етене тілдесу алаңына айналды. Бұл сапар тек әкімшілік есеп беру емес, елдік мүдденің, рухани жаңғырудың және стратегиялық даму жоспарларының тоғысы болды.

Өңір басшысының сапары Алаш арысы, ұлт көсемі Міржақып Дулатұлының 140 жылдық мерейтойына дайындық барысын бақылаудан басталды. Жанкелдин ауданына қарасты Қызбел және Бидайық ауылдары бұл күндері тарихи-мәдени орталыққа айналды. Асқар күзегі абаттандырылып, Алаш қайраткерінің кіндік қаны тамған қасиетті мекенге лайықты кейіпке енген.

Міржақып Дулатұлының кесенесі мен музейі ұрпақтарының бастамасымен және жергілікті биліктің қолдауымен қайта жаңғыртылып, толық реэкспозиция жасалған. Жобаны Торғай музейлер кешенінің директоры Гүлбану Сәрсекей үйлестіріп, «Міржақыптың оралуы» атты жаңа тақырыптық бағытпен жабдықтады. Бұл жұмыстар Алаш рухын тірілтіп, жастар тәрбиесінде жаңа бетбұрыс жасауға жол ашады.

Жергілікті халықтың көкейінде жүрген басты мәселе – жол мәселесі де облыс әкімінің назарынан тыс қалмады. Соңғы уақыттарда «Орталық-Батыс» тас жолының бағыты Торғай өңірін айналып өтеді деген сыбыстар ел ішінде алаңдаушылық туғызған болатын. Бұл мәселе облыс әкімінің қатысуымен өткен халықпен кездесулерде ресми түрде түбегейлі шешімін тапты.

Құмар Ақсақалов өз сөзінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасының нақты және бұлтартпас екенін қадап айтты:

«Бұл жол тек Арқалық–Торғай бағытымен салынады. Президент бұл тапсырманы тікелей торғайлықтар үшін берді. Сондықтан бұл істің аяқсыз қалмайтынына кепілмін», – деді өңір басшысы.

Жол құрылысына биылғы жылы 102 миллиард теңге бөлінген. Бұл қаражаттың айтарлықтай бөлігі Торғай өңірінің жолдарын жаңғыртуға бағытталуда. Қызбел және Бидайық ауылдарының көтерме жолдары тегістеліп, қиыршық тас төселді. Қызбелдегі бес көше және Бидайықтағы бір көше алғаш рет асфальтталды. Нәтижесінде, бұрын аудан орталығына жетуге 4–5 сағат кетсе, қазір бұл уақыт 2 сағатқа дейін қысқарған.

Қызбел ауылындағы Міржақып Дулатұлы атындағы мектеп пен округ орталықтарындағы білім ошақтары ағымдағы жөндеуден өтті. Заманауи құрал-жабдықтармен толық жабдықталған кабинеттер, ұстаздар мен оқушылар үшін жасалған жағдайлар – облыстың білім саласына ерекше көңіл бөліп отырғанының көрінісі.

Аманкелді ауданындағы кездесу кезінде де мал шаруашылығы мен ауыл инфрақұрылымындағы жетістіктер сөз болды. 300 орындық асхана, жаңа тұрғын үйлердің құрылысы – ауыл тіршілігінің жанданып жатқанын аңғартады.

Құмар Ақсақаловтың іссапары Арқалық қаласында жалғасын тапты. Қала күні қарсаңында облыс басшысы тұрғындармен кездесіп, бірқатар жаңа әлеуметтік-спорттық нысандардың ашылуына қатысты.

Бұрынғы «Қазақстан» кинотеатры спорт кешені ретінде қайта жаңғыртылып, жастарға арналған волейбол, баскетбол, фитнес және жаттығу залдары халық игілігіне ұсынылды. Арқалық педагогикалық университетінің жаңа оқу корпусының құрылысы да қарқынды жүріп жатыр. Мердігердің мәліметінше, нысан жыл соңына дейін қолданысқа берілмек.

Сонымен қатар, апатты деп танылған Арқалық қалалық мәдениет сарайының да жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын. 500 орындық кең зал, үйірмелерге арналған бөлмелер мен спорт залы бар бұл нысан – қала мәдениетінің қайта оралуының символы болмақ.

Арқалық қаласы бүгінде даму мен жаңғырудың жаңа кезеңіне аяқ басты. 2025 жылы қала өзінің 70 жылдық мерейтойын атап өтеді. Сол жылға дейін қала аэропорты іске қосылып, 34 жылдан кейін алғаш рет Арқалықтан әуе рейстері ұша бастайды.

Бүгінде қалада 22 шақырым жол жөнделіп, бес бірдей маңызды нысан ел игілігіне беріледі. Бұл – Президенттің тікелей тапсырмасының нәтижесі.

«Арқалық – менің балалық шағым өткен, жаныма жақын қала. Қала дамуы – менің жеке бақылауымда. Арқалық – болашақта барлық бағытқа жол ашылатын шаһарға айналады», – деді Құмар Ақсақалов.

Аманкелді ауданында салынып жатқан көпсалалы туристік кешен – ел руханияты мен туризмінің тоғысқан нүктесі. Меценат Сапар Ысқақовтың бастамасымен бой көтерген кешенде «Бостандық мүсіні», «Тайқазан», «Алтын адам» сынды символдар мен «Ұлттық жады» қабырғасы орнатылған. Бұл нысан ел жадын жаңғыртып, жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеуде ерекше рөл атқармақ.

Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақаловтың оңтүстік өңірлерге жасаған бұл сапары – әкімшілік есеп беруден бөлек, халықпен шынайы сұхбаттасудың, нақты істің нәтижесін көрсетудің көрінісі болды. Торғай өңіріндегі әрбір нысан, әр жол, әр мектеп – тәуелсіз елдің елдік мұратын көздеген нақты қадамы.

Міржақып туған топырақ жаңғырып, Арқалық түлеп, Аманкелді мен Жанкелдиннің әлеуеті артып келеді. Бұл – бірліктің, жүйелі жоспардың, ең бастысы – елге деген адал қызметтің жемісі.

Бақыт ТҰРАШ, суреттер Қостанай облысы әкімінің баспасөз қызметінен алынды