Тұрғын үй қарқыны қатты

18 сентября 2025 8:36 • 306 просмотров

Қостанай облысында тұрғын үй құрылысы қарқынды дамып келеді: заманауи шағын аудандар мен интеллектуалды құрылыс технологиялары – өңір болашағының негізі Қостанай облысын дамытудың басты басымдықтарының бірі – тұрғын үй құрылысы болып қала береді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында бұл салада тек құрылыстың қарқыны ғана емес, сонымен қатар құрылыс сапасын арттыру, заманауи технологияларды енгізу және жайлы қалалық ортаны қалыптастыру негізгі талаптар екенін атап өтті.

Президент атап өткендей: «Соңғы жылдары жоғары өсу қарқынын көрсетіп отырған тұрғын үй құрылысы саласына ерекше назар аудару қажет. 2024 жылы 19 миллион шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Сонымен қатар, құрылыс сапасын арттыру үшін жасанды интеллект технологияларын қолдана отырып, ғимараттарды ақпараттық модельдеуді енгізу маңызды».

Қостанай облысында бұл тапсырмалар жүйелі түрде жүзеге асып жатыр. Облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың бастамасымен тұрғын үй құрылысы тек сандық көрсеткіштермен ғана емес, сапа мен цифрлық трансформация арқылы дами бастады. Осы бағытта ерекше назар аударылып отырған өңір – Тобыл қаласы.

Тобыл қаласында қарқынды түрде салынып жатқан «Астана» және «Бәйтерек» жаңа шағын аудандары – облыс орталығының келбетін түбегейлі өзгертуге бағытталған стратегиялық жобалар. Бұл аумақтарда жаңа қала типі – ыңғайлы, қауіпсіз, технологиялық және экологиялық таза ортаны құру көзделіп отыр.

Жалпы алғанда, екі шағын ауданда 154 көппәтерлі тұрғын үйдің құрылысы жоспарланған, бұл шамамен 1 миллион шаршы метр тұрғын үй. Бұл – облыстың Тәуелсіздік жылдарындағы ең ірі тұрғын үй жобасы. Осы ауқымды жобаның алғашқы кезеңі аяқталады. Атап айтқанда, жалпы ауданы 33 мың шаршы метр болатын, 450 пәтерге арналған 10 көпқабатты үйдің құрылысы толық аяқталып, пайдалануға берілмек.

Бұл – жүздеген отбасы үшін жаңа өмір бастамасы. Заманауи стандарттарға сай, инфрақұрылымы дамыған, ыңғайлы және қауіпсіз тұрғын үйлер пайдалануға беріледі.

Сонымен қатар, ауданы 43 мың шаршы метрді құрайтын тағы 13 үйдің құрылысы басталды. Жақын арада 100 мың шаршы метр тұрғын үй салынатын қосымша 16 тоғыз қабатты және он жеті қабатты үйдің құрылысы іске қосылады.

Жобаның ерекшелігі – тек көлеммен емес, құрылыс сапасы мен цифрлық технологияларды қолдануымен де ерекшеленеді. Қазіргі таңда «Астана» және «Бәйтерек» шағын аудандарының екінші кезегін егжей-тегжейлі жоспарлау жобасы әзірленіп жатыр.

Бұл жобада құрылысты ақпараттық модельдеу (BIM) арқылы басқару, жасанды интеллект элементтерін қолдану, құрылыс процестерін автоматтандыру, смарт-инфрақұрылымдарды енгізу сияқты шешімдер қарастырылған.

Жаңа шағын аудандарда тұрғын үймен қатар, әлеуметтік инфрақұрылым да қатар дамиды. Жоспар бойынша бірнеше мектеп пен балабақша салынады, заманауи спорт кешені бой көтереді. Ауданы – 20 мың шаршы метр, арена 3 мың көрерменге арналған, 12-ден астам спорт түрі бойынша жаттығу өткізуге мүмкіндік береді.

Бұл жобалар Тобыл қаласын ғана емес, тұтастай Қостанай облысын заманауи өмір сүру стандарттарына жақындатады. Тұрғын үй, спорт, демалыс және сауда нысандары біртұтас қалалық кеңістікке біріктіріліп, жаңа сапалы мекендеу ортасы құрылуда.

Бақыт ТҰРАШ, суреттер Қостанай облысы әкімінің баспасөз қызметінен алынды