Қостанай облысында Алаш ардақтысы Міржақып Дулатұлының 140 жылдығына арналған дүбірлі той өтті. Қаланың қақ төрінде, облыс әкімдігінің ғимараты тұрған орталық алаңда Алаштың аяулы перзентінің еңселі ескерткіші тұғырына қонды.
Ескерткіштің ашылу салтанатына Мемлекет басшысының тапсырмасымен Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов қатысты. Ол көпшілікке Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын оқып берді.
Президент құттықтауында «Төл тарихымызда азаттық үшін аянбай күрескен, ұлттың рухын көтеруге өлшеусіз үлес қосқан тұғырлы тұлғалар аз емес. Соның бірі әрі бірегейі – Міржақып Дулатұлы. Ол қазақтың асқақ арманы мен мұң-мұқтажын терең түсініп, ел мүддесіне қалтқысыз қызмет етті. Жұрттың сана-сезімін жаңғырту жолында еңбек етіп, жасампаз рухтың жаршысы болды. Адамзатқа ортақ құндылықтарды кеңінен дәріптеп, жастарды өнер-білімге үндеді. Міржақып Дулатұлы әдебиетімізді жаңа деңгейге көтеруге зор еңбек сіңірді. Халқымыздың біртуар перзентінің қайраткерлік қасиеті мен азаматтық ұстанымдары өскелең ұрпаққа әрдайым үлгі-өнеге болары сөзсіз» делінген.
Салтанатты іс-шараға Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов, Паламент депутаттары, зиялы қауым өкілдері мен жергілікті жұртшылық қатысты. Қазақстанның Халық жазушысы Төлен Әбдік, М. Дулатұлының жиені Ерлан Сатыбалдиев сөз сөйледі. Жиын соңында көпшілік Алаш қайраткерінің ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, рухына тағзым етті.
Мәртебелі меймандар одан кейін Қызбел өңіріне ат басын бұрып, Бидайықтағы Міржақып кесенесіне барды. Алаш аяулысының рухына құран бағыштап, Міржақыптың қайта жаңартылған музей-үйінің ашылу салтанатына қатысты.
Мұражайдың реэкспозициясын белгілі кескіндемеші Бақытжан Досымов бір жылға жуық уақыт ішінде жасап шыққан.
«Музей-үйдің экспозициясын хроникалық-құжаттық тәртіппен жүйелеп жасап шықтым.
«Міржақыптың оралуы» деген жазу музей табалдырығын аттаған адамның көзіне бірден түседі. Бұл енді экспозицияның мазмұнын ашып тұрған жазу. Одан әрі аруақты баба қабірінің қалай табылғанын, сүйегінің елге оралуын баяндайтын құжаттар қойылған. Алаш арысының сүйегін орап әкелген кілем, тұтынған дүние-мүлкі, басына қойылған жұлдызды ескерткіш орналастырылған. Жалпы, экспозицияда сұр түс басым, көрген кісі сол алмағайып заманның салқынын сезінетіндей, адамға ой салатындай етіп жасадым», дейді кескіндемеші Бақытжан Досымов.
Бақыт ТҰРАШ, суреттер Қостанай облысы әкімінің баспасөз қызметінен алынды