Қостанайда қарт майдангер, ардагер журналист Қасымхан Алдабергеновтің 100 жылдық мерейтойына арналған салтанатты іс-шара өтті. Ардагермен кездесу кешінде мерейтой иесінің жауынгерлік ерлігі, өмір жолы, жыршылық өнері, ақындық шығармашылығы жөнінде тағылымды әңгіме айтылды.
Іс-шараға Қостанай облысы әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов, облыстық және қалалық ардагерлер кеңесінің мүшелері, Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдері, БАҚ өкілдері, ел ағасын алыс-жақыннан арнайы құттықтай келген меймандар мен қала тұрғындары қатысты.
Салтанатты кеште облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов ардагерге ҚР Мәдениет және ақпарат министрінің құттықтау хатын табыс етті.
«Жүйрік уақыттың ұшқыр қанаты сізді адам ғұмырының биік белесі – бір ғасырға алып келді. Сіз осы кемел жасыңызға тың жігермен, жарқын көңілмен келіп отырсыз. Соғыс жылдары қолыңызға қару алсаңыз, бейбіт заманда қалам ұстап, қазақтың рухын, тілін, ділін көтердіңіз. Бүгінде бір әулеттің алтын тамыры болып отырсыз», – деді Б. Нарымбетов өз сөзінде.
Қасымхан Алдабергенов 17 жасында, 1943 жылдың 10 қаңтарында әскер қатарына алынып, Златоустағы 6 айлық пулеметшілер училищесінде оқып, кейін 14-әуе десанты бригадасында әскери борышын өтеген. Ол майданда жеті жарым жыл болып, 1950 жылдары ғана елге оралған. Соғыстан кейінгі жылдары 30 жыл ұстаздық етіп, аудандық газетте қызмет атқарған. Айтыс өнерінде де өзіндік орны бар ардагер Қостанай айтыстарының бірнеше дүркін жүлдегері болған.
Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Батырбек Ахметов майдангерге Республикалық ардагерлер ұйымының төрағасы, Мәжіліс депутаты Бақтықожа Ізмұхамбетовтің құттықтау хаты мен «Құрмет белгісі» төсбелгісін табыстады.
«Бүгінгі мерейтой – тек Қасымхан ақсақалдың ғана емес, бүкіл Қостанай жұртшылығы үшін мақтаныш. Қариямыздың өнегелі өмірі, еңбегі – кейінгі буынға үлгі. Ұлт руханиятына қосқан үлесін ел ұмытпайды», – деді Батырбек Ахметов.
Ардагердің замандасы, белгілі журналист Қайсар Әлім де Астанадан арнайы келіп, жүрекжарды лебізін білдірді:
«Қасымхан аға – қазақ журналистикасының, әдебиеті мен өнерінің алып тұлғасы. Біздің алдымызда ғасыр жасаған уақыттың емені отыр. Емен иілмейді. Еменнің жапырағы төрт маусымда да өзінің жасыл қасиетін жоғалтпайды», – деді ол тебірене.
Кеш барысында облыс өнерпаздары ардагердің құрметіне арнап жырдан шашу шашты. Жас күйші Марк Ли мерейтой иесінің өзі шығарған «Нұрхан сазы» күйін орындап, көпшіліктің ықыласына бөленді.
Сондай-ақ Қамысты, Жітіқара, Науырзым аудандары әкімдерінің орынбасарлары қарияның иығына шапан жауып, құрмет көрсетті. Мерекелік іс-шара аясында Қасымхан Алдабергеновтің өмір жолынан сыр шертетін фотоқұжаттық көрме ұйымдастырылды.
Кездесу соңында ардагер сөз алып, облыс басшылығына, кешке жиналған көпшілікке жүрекжарды алғысын білдіріп, батасын берді.
«Бүгін менің ғана емес, мен сияқты ел үшін, ұрпақ үшін тер төккен барша майдангерлердің күні. Халқымыз аман, жұртымыз тыныш болсын. Өткеннің өнегесі ұмытылмасын», – деді Қасымхан ақсақал.
Бақыт ТҰРАШ, суреттер Қостанай облысы әкімінің баспасөз қызметінен алынды