Ұлт рухының ұлы мерекесі

25 сентября 2025 8:18 • 321 просмотров

Қостанай облысында Алаш ардақтысы, ұлт көсемдерінің бірі Міржақып Дулатұлының 140 жылдығына арналған кең ауқымды мерейтойлық іс-шаралар өтті. Екі күнге жалғасқан мереке Қостанай қаласы мен Торғай өңірінде аталып өтіп, руханият пен ұлттық бірліктің биік көрінісіне айналды.

Қостанайда еңселі ескерткіш орнатылды. Мерейтой Қостанай қаласында ресми түрде басталды. Облыс әкімдігінің алдындағы орталық алаңда Міржақып Дулатұлының еңселі ескерткіші ашылды. Салтанатты рәсімге ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошанов арнайы қатысып, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын оқыды.

Президент Қ. Тоқаевтың хатынан: «Төл тарихымызда азаттық үшін аянбай күрескен, ұлттың рухын көтеруге өлшеусіз үлес қосқан тұғырлы тұлғалар аз емес. Соның бірі әрі бірегейі – Міржақып Дулатұлы… Оның қайраткерлік қасиеті мен азаматтық ұстанымдары өскелең ұрпаққа әрдайым үлгі-өнеге болады».

Салтанатты шараға облыс әкімі Құмар Ақсақалов, Парламент депутаттары, зиялы қауым өкілдері мен қала жұртшылығы қатысты. Қазақстанның Халық жазушысы Төлен Әбдік пен Алаш қайраткерінің жиені Ерлан Сатыбалдиев сөз сөйлеп, тұлғаның тарихи маңызы мен ұлттық мұрадағы орны туралы тебірене айтты.

Қызбел мен Бидайықтағы тағзым. Мәртебелі меймандар мерекенің келесі күнінде Міржақыптың кіндік қаны тамған Қызбел өңіріне ат басын бұрды. Бидайық ауылындағы кесенеге зиярат жасап, баба рухына Құран бағышталды. Бұдан соң жаңартылған Міржақыптың музей-үйінің ашылу салтанаты өтті.

Экспозициялық жобаны белгілі кескіндемеші Бақытжан Досымов жасап шыққан.

«Музейге кірген адам бірден «Міржақыптың оралуы» деген жазуға көзі түседі. Бұл тек тақырып емес, бүкіл мазмұнды ашатын идея. Сұр реңкті фон арқылы алаш арысының күреске толы тағдырын сезінуге болады», – дейді суретші.

Музейде Алаш арысының тұтынған заттары, тарихи құжаттар мен басына қойылған жұлдызды ескерткіш орын алған.

Ұлт рухын көтерген «Ұлы дала жорығы». Мерейтой аясында халықаралық деңгейде «Amanat» партиясының қолдауымен «Ұлы дала жорығы» атты марафон-бәйге бастау алды. Бұл сайыс биыл Міржақып Дулатұлының 140 жылдығы мен Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына арналды.

18 команда қатысқан бәйгеде Қырғызстан мен Қабардин-Балқар елінен де шабандоздар келіп, жарыс халықаралық сипат алды. Парламент Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошанов пен облыс әкімі Құмар Ақсақалов шараның ашылу салтанатына қатысып, шабандоздарға сәттілік тіледі.

Е. Қошанов: «Бәйге – тек спорт емес, бұл – ұлттық рухты көтерудің бірегей жолы. Міржақып Дулатұлының мерейтойы – ұлт тұлғасына тағзым ғана емес, өскелең ұрпаққа берілетін рухани бағдар».

Қ. Ақсақалов: «Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Қостанай тұқымды жылқыларын көбейтуге ерекше мән берілуде. Бұл бәйге – ат туризмін дамытудың маңызды қадамы».

«Ұлы дала жорығы» 500 шақырымды қамтиды: Торғайдан басталып, Қызбел мен Бидайық арқылы Арқалыққа дейін жалғасады.

Ғылыми конференция: Міржақып және ұлт руханияты. Торғайдағы Нұрхан Ахметбеков атындағы мәдениет үйінде «Міржақып және ұлт руханияты» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Жиынды Мәжіліс депутаты, профессор Еркін Әбіл жүргізді.

Облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов өз сөзінде: «Міржақыптың «Оян, қазақ!» деп айтқан үндеуі – бүгін де өзекті. Бұл тек тарих емес, ұлттық сананы қалыптастыратын бағдар. Біз ұлт зиялыларының аманатына адал болуымыз қажет», – деді.

Жиында академиктер Мәмбет Қойгелдиев, Сәбит Байзақов, міржақыптанушы ғалымдар Марат Әбсеметов, Ербол Тілешов, Сәбира Иманбаева және басқа да зерттеушілер баяндама жасап, Алаш қайраткерінің өмірі мен қызметі жайлы тың деректер мен тұжырымдар ұсынды.

Сәбира Иманбаева Арқалықтағы салынып жатқан жаңа әуежайға Міржақып Дулатұлының есімін беру жөнінде ұсыныс айтты.

Жаңа кітаптар мен тұсаукесерлер. Конференция аясында бірнеше құнды еңбектің тұсауы кесілді:

• Мәмбет Қойгелдиевтің «Әбдіғаппар хан Жанбосынұлы» кітабы,

• Қайсар Әлімнің «Міржақып Дулатұлы: ғұмырнама» мен «Атылуын күткен алты күн» романы,

• Данияр Ихсанның «Міржақып Дулатұлы. Қазақтың тарихы» жинағы.

«Ұлт руханиятының шамшырағы» – республикалық айтыс. Торғайдағы «Топжарған» стадионында «Ұлт руханиятының шамшырағы» атты республикалық ақындар айтысы өтті. Айтысқа еліміздің түкпір-түкпірінен келген сөз зергерлері қатысты. Олардың қатарында Мұхтар Ниязов, Бекарыс Шойбеков, Әсем Ережеқызы, Аспанбек Шұғатаев, Қанат Мырзахан сынды үздіктер бар.

Айтысты ашқан Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов: «Міржақыптың тойы – елдің, мемлекеттің Алаш арыстарына деген құрметі. Біздің бүгінгі бағытымыз – әділетті Қазақстан құру. Бұл – Міржақып армандаған қоғам», – деп атап өтті.

Қазылар шешімімен:

• Бас жүлде – Мұхтар Ниязовқа,

• Бірінші орын – Бекарыс Шойбековке берілді.

Екеуі де Қостанайдан шығарылған су жаңа автокөлік мінді.

Міржақып Дулатұлының 140 жылдығына арналған мерейтойлық іс-шаралар ұлттың өткеніне тағзым, ертеңіне сенім, бүгінгі буынға аманат болып тіркелді. Қызбел мен Торғайда өткен той – ұлттық рухтың тірі көрінісі.

Бұл – тек Міржақыпқа арналған той емес, бұл – Алаш мұрасына, Тәуелсіздік идеясына жасалған тағзым.

Бақыт ТҰРАШ, суреттер Қостанай облысы әкімінің баспасөз қызметінен алынды