Облыс әкімі үздік педагогтарды марапаттады

2 октября 2025 8:55 • 317 просмотров

Қостанай қаласында ұстаздар қауымына арналған дәстүрлі Мұғалімдер күні салтанатты түрде аталып өтті. Іс-шараға облыс әкімі Құмар Ақсақалов арнайы қатысып, өңірдің білім беру саласындағы еңбек сіңірген мұғалімдерді құттықтады.

Шара барысында үздік педагогтар түрлі марапаттарға ие болды. Атап айтқанда, бірқатар мұғалімдерге Ыбырай Алтынсарин төсбелгісі, Еңбек ардагері, Білім беру ісінің үздігі, облыс әкімінің Құрмет грамотасы сынды мемлекеттік және салалық наградалар табысталды.

Облыс әкімі өз сөзінде ұстаздардың қоғамдағы ерекше рөлін атап өтіп, мұғалімдерге алғыс білдірді.

— Ұстаздық – қасиетті де қастерлі жол. Осы жолдың іргетасы Тобыл-­Торғай жерінен басталғаны біз үшін зор мақтаныш. Бүгінгі ұстаздар, яғни Сіздер сол дәстүрді абыроймен жалғастырып келесіздер. Қасиетті өлкемізден ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсарин, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы, Алаштың ардақты қайраткері Міржақып Дулатұлы сияқты тұлғалар шықты. Ұстаз еңбегінің маңыздылығын Мемлекет басшысы Қасым-­Жомарт Кемелұлы Тоқаев өзінің жыл сайынғы Жолдауларында ерекше атап өтеді. Президент білім беру жүйесін адами капиталды қалыптастырудың басты факторы ретінде айқындады. Зауыттағы инженер, емханадағы дәрігер, агроөнеркәсіптегі жұмысшылар, экономиканың түрлі салаларындағы мамандардың барлығы әліппесін ұстазынан үйренді. Білім саласының дамуына мемлекет тарапынан айрықша мән берілуде. Соңғы үш жылда өңірімізде 23 білім беру объектісі салынды, сондай-ақ материалдық-­техникалық базаны нығайту үшін 5,5 млрд теңге бөлінді. Жыл сайын мектептерімізде заманауи пән кабинеттері мен STEM-зертханалары ашылып, оқушылардың қабілетін дамытуға, ғылымға, оның ішінде жасанды интеллектке деген қызығушылығын арттыруға толық жағдай жасалуда. Облыс қоржынында халықаралық зияткерлік жарыстарда иеленген 9 жүлделі орын бар. Биыл біздің оқушылар ауыл мектептеріне арналған республикалық олимпиадада 26 медаль жеңіп алып, командалық үшінші орынға ие болды. Жас зерттеушілеріміз де үздік нәтиже көрсетіп, ғылыми жобалар байқауында 16 жүлделі орын, ал халықаралық ғылыми жарыстарда 4 медаль жеңіп алды. Сондай-ақ, облыстың 5 мектебі Қазақстанның ТОП-100 мектептерінің қатарына енді. Олар «Білім-­Инновация» лицейі, Қостанай қаласының № 2 мектеп-­лицейі, Рудный қаласының № 10 мектеп-­гимназиясы, Ы. Алтынсарин атындағы мектеп-­гимназия-интернаты, «Озат» ақпараттық технологиялар мектеп-­лицейі. Бұл мектеп ұжымының жүйелі еңбегінің нәтижесі,-деп атап өтті өңір басшысы ұмар Ақсақалов.

2025 жылды Мемлекет басшысы Қасым-­Жомарт Тоқаев «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жарияланды. Осы орайда, мерекелер тізімі жаңа мерекемен толыққаны қуантады. 2 қазанда «Техникалық және кәсіптік білім беру қызметкерлерінің күні» алғаш рет атап өтіледі.

— Биыл елімізде техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінің 85 жылдығы атап өтілуде. Осы жүйенің негізін қалаған ұлы жерлесіміз, ағартушы Ыбырай Алтынсарин десек артық болмас. Торғай даласында ашылған тұңғыш қолөнер училищесінен бастау алған бұл сала талай өзгерістерден өтіп, бүгінде еліміздің экономикалық дамуының маңызды тірегіне айналды. Қостанай автомобиль көлігі колледжінің кадр даярлау тәжірибесі бүкіл Республикаға таратылып келеді. Осылайша, соңғы бес жыл бойы Николай Булаттың жетекшілігімен колледж түлектері республикалық және халықаралық WorldSkills чемпионаттарының жүлдегерлері атанып келеді. Биылғы жеңімпаздар қатарында EuroSkills-2025 чемпионатында кәсіби шеберлігі үшін медальон иеленген Глеб Сауленко бар. Бұл – жас мамандарға тәлімгер болған бірнеше буын педагогтардың еңбегінің нәтижесі. Мұғалім – тек білім беруші ғана емес, ол шәкіртін ғылымға жетелеп, азаматтық құндылықтарға бағыттайтын ұлағатты тұлға. Сондықтан бүгінгі ұрпақтың жаңа дәуірге дайын болуы – Сіздердің еңбектеріңіздің нәтижесі. Құрметті ұстаздар! Сіздерді кәсіби мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын! Денсаулық, шығармашылық табыс, отбасыларыңызға амандық тілеймін. Оқушыларыңыз әрдайым биік жетістіктерге жете берсін,-деді облыс әкімі құттықтау сөзінде.

Құмар Ақсақалов кәсіби шеберлігімен ерекшеленген өңір педагогтарын марапаттады.

15 педагог «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісімен, 5 ұстаз «Қазақстан Республикасының білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісімен, ал тағы 5 педагог «Еңбек ардагері» медалімен марапатталды. Сонымен қатар, облыс әкімінің Құрмет грамотасы 20 педагогқа табысталды.

Қостанай қаласындағы № 17 орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Айгүл Данкеноваға облыс әкімі Ыбырай Алтынсарин төсбелгісін табыстады.

«Мұғалім болу – үлкен мәртебе. Мұндай жоғары баға мен үшін болашақ жеңістерге жол ашады», – дейді Айгүл Данкенова. – «Жанымда әрдайым қолдау көрсеткен отбасыма, әріптестеріме және шәкірттеріме алғыс айтамын. Олар маған шабыт пен жаңа биіктерге ұмтылыс сыйлайды».

Жалпы, мереке қарсаңында облыс бойынша 49 педагог медальдар мен төсбелгілерге ие болады. Тағы 194 ұстазға республикалық және облыстық деңгейдегі грамоталар мен алғыс хаттар табысталмақ.

Салтанатты жиын концерттік бағдарламамен жалғасты. Өнер ұжымдары мен оқушылар мұғалімдерге арнап ән-жырдан шашу шашты.

Бақыт ТҰРАШ, суреттер Қостанай облысы әкімінің баспасөз қызметінен алынды