Құтқарушыларға жаңа техника табысталды

9 октября 2025 8:36 • 298 просмотров

Қостанай қаласындағы №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінде салтанатты іс-шара өтті. Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің Қостанай облыстық департаментіне жаңа өрт сөндіру техникалары мен жабдықтардың кілттері табысталды. Іс-шараға ҚР Төтенше жағдайлар министрі, генерал-майор Шыңғыс Әрінов, сондай-ақ Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов қатысты.

Іс-шара аясында өңірдегі өртке қарсы қызмет бөлімшелері заманауи автоцистерналар, сорғы-жеңқұбырлы машиналар, сондай-ақ жаңа үлгідегі қызметтік киім-кешекпен толықты. Бұл техника жоғары өтімділікке ие, заманауи GPS-навигациямен, байланыс жүйелерімен және қауіпсіздік құралдарымен жабдықталған. Жаңа техниканың арқасында өрт сөндіру бөлімшелері шақыртуларға ден қою уақытын едәуір қысқартып, апат аймағында тиімді әрекет етуге мүмкіндік алады.

Табыс етілген техникалар ауылдық және қала маңындағы аумақтарда, сондай-ақ қиын қолжетімді аймақтарда жұмыс істеуге бейімделген. Сонымен қатар, қызметтік киімдер жоғары температураға төзімді, тыныс алу мүмкіндігін арттыратын және өрт сөндірушілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін материалдардан жасалған.

— «Бүгін біз Қостанай облысына баса назар аударып отырмыз. Өңір құтқарушыларға жедел әрі тиімді ден қоюға мүмкіндік беретін жаңартылған техника мен киім-кешек алып жатыр. Бұл облыс тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған маңызды қадам», – деп атап өтті ТЖМ басшысы Шыңғыс Әрінов.

Министрдің айтуынша, бұл бастама азаматтық қорғау жүйесінің материалдық-техникалық базасын жаңарту және нығайту жөніндегі ұлттық бағдарламаның бір бөлігі болып табылады. Соңғы жылдары республика бойынша ондаған жаңа өрт сөндіру деполары салынып, жүздеген арнайы техника бірліктері сатып алынған.

Қостанай облысында төтенше жағдайлар департаменті мен оның бөлімшелерінің инфрақұрылымын дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Соңғы екі жыл ішінде өңірдегі ТЖ жүйесін дамытуға шамамен 2,5 миллиард теңге бағытталды. Бұл қаражатқа облыстық ТЖ департаментінің, 5 қалалық және аудандық өрт сөндіру бөлімдерінің, құтқару батальоны мен су-құтқару станциясының ғимараттарына жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Өрт сөндіру және құтқару бөлімшелерін жарақтандыру үшін жоғары өтімді және жедел-қызметтік 50 бірлік техника сатып алынды. Материалдық-техникалық базаның нығаюы апаттарға жедел әрі тиімді әрекет етуге оң әсерін тигізуде. Жаңа техника іздестіру-құтқару жұмыстарын жүргізу және төтенше жағдайларды жою барысында зардаптарды азайтуға тікелей ықпал етті.

Барлық бұл шаралар сіздердің тиімді әрі қауіпсіз еңбек ету жағдайларыңызды жақсартуға бағытталған. Ең бастысы – облыс тұрғындарының сенімді қорғалуын қамтамасыз ету.

— Құрметті төтенше жағдайлар саласының қызметкерлері және ардагерлері. Сіздерді келе жатқан Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің 30 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын! Мемлекет басшысы атап өткендей: «Құтқарушы болу – әрқашан тәукелдікке барып, өзгелердің өмірі үшін аса жоғары жауапкершілікті көтеру». Осы жылдар ішінде төтенше жағдайлар қызметі халықтың қауіпсіздігін қорғауға, табиғи және техногендік апаттарды алдын алуға, сондай-ақ азаматтардың өмірі мен денсаулығын сақтауға зор үлесін қосып келеді. Бұл – тынымсыз еңбектің, жоғары кәсіби біліктіліктің және үлкен жауапкершіліктің айқын көрінісі. Сіздер – алғашқы болып көмек қажет жерге жететін жандарсыздар. Сіздер үшін табиғи апат, жалынның биіктігі, суық ауа райы қорқынышты емес, себебі сіздердің арқаңызда – адам өмірі тұр. Алдағы уақытта да материалдық-техникалық базаны нығайту бойынша бірлескен жұмысты жалғастыратын боламыз. Төтенше жағдайлар қызметін жаңа деңгейге бірлесіп көтереміз және де біздің азаматтарымыздың қауіпсіздігін қамтамасыз етеміз. Сіздің кәсібилігіңіз, батылдығыңыз бен табандылығыңыздың арқасында мыңдаған адам отбасына аман-есен оралып, өмірін жалғастыруда, – деді құттықтау сөзінде Құмар Ақсақалов.

Салтанатты рәсім соңында министр Шыңғыс Әрінов пен облыс әкімі Құмар Ақсақалов жеке құраммен бірге экологиялық акцияға қатысты. Олар өрт сөндіру бөлімінің аумағына жас қарағай көшеттерін отырғызды. Бұл акция – азаматтық қорғау қызметінің тек қауіпсіздікпен ғана емес, экологиямен де етене айналысатынын көрсететін бастама.

Мұндай экологиялық шаралар еліміздің барлық өңірлерінде тұрақты түрде өткізіліп келеді және олар қоғаммен байланыс пен әлеуметтік жауапкершілік қағидаттарының шеңберінде жүзеге асырылады.

Қостанай облысында өткізілген бұл іс-шара – азаматтық қорғау саласының жаңарып, заманауи талаптарға сай дамып келе жатқанын дәлелдейді. Жаңа техникалар мен жабдықтар апаттық жағдайларда әрекет етудің тиімділігін арттырып қана қоймай, құтқарушылардың кәсіби дайындығы мен қауіпсіздігін жаңа деңгейге көтереді. Бұл – халықтың өмірі мен денсаулығын қорғауда маңызды рөл атқаратын нақты қадам.

Бақыт ТҰРАШ, суреттер Қостанай облысы әкімінің баспасөз қызметінен алынды