Соңғы ондаған жылдар бойы Арқалық тиісті деңгейде назарға ілінбей келген, деп атап өтті Қостанай облысы әкімдігі. Қаладағы инфрақұрылым, тұрғын үй қоры мен әлеуметтік нысандар біртіндеп тозып, көптеген ғимараттар қаңырап бос қалған.
Ведомствоның мәліметінше, 2023 жылдан бастап облыстық бюджеттен жүйелі қаржыландыру басталған. Қала біртіндеп жаңғыра бастады: инженерлік желілер жаңартылып, жолдар, көпқабатты үйлердің шатырлары мен қасбеттері жөнделуде.
Өткен жылдың соңында жаңа білім беру нысаны – 300 орындық мемлекеттік тілде оқытатын «Комфортты мектеп» салынды. Биыл, Қала күніне орай, бұрынғы «Қазақстан» кинотеатрының орнында заманауи спорт кешені ашылды. Бірнеше апта бұрын «Горняк» Мәдениет сарайы өз жұмысын бастады. Облыс әкімдігінің айтуынша, бұл оқиға символдық мәнге ие болды: ғимарат ондаған жылдар бойы бос тұрған және қирауға ұшыраған. Қазір мұнда қалалық іс-шаралар өткізіліп жатыр. Нысанды жаңғырту «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының қолдауымен жүзеге асуда.
11 қазанда Арқалықта екі жаңа нысан – спорт интернатының жатақханасы мен күреске арналған арнайы зал ашылды. Интернат 120 тәрбиеленушіге арналған, ал жаңа залда бір ауысымда 48 спортшы жаттыға алады. Мұнда бокс, дзюдо және қазақша күреспен айналысуға мүмкіндік бар. Бұл – облыстағы осындай деңгейдегі алғашқы спорт интернаты.
Осы жазда соңғы 30 жыл бойы бос тұрған бұрынғы Ауыл шаруашылығы басқармасының ғимаратын қалпына келтіру жұмыстары басталды. Реконструкциядан кейін нысан Ыбырай Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық университетінің балансына беріледі. Бұл студенттер санын 5000-ға дейін арттырып, оқу бағыттарын кеңейтуге – IT, экономика және аграрлық ғылымдарды қамтуға мүмкіндік береді.
Көлік және инженерлік инфрақұрылымға да ерекше назар аударылып отыр. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайдың төртінші отырысында сөйлеген сөзінде берген тапсырмасына сәйкес, 1992 жылдан бері жұмыс істемей тұрған әуежайда ауқымды қайта құру жұмыстары басталды. Ескі апатты ғимарат бұзылып, жаңа терминалдың іргетасы қаланды. Құрылыс келесі жылы аяқталып, Арқалықтан тікелей Астана, Қостанай және Алматы қалаларына ұшуға мүмкіндік туады деп жоспарлануда.
Сондай-ақ «Орталық – Батыс» автожолының құрылысы жалғасып жатыр. Бұл магистраль ел астанасын батыс өңірлермен байланыстырып, Арқалық, Торғай және Ырғыз арқылы өтеді. Жаңа бағыт Амангелді мен Жанкелдин аудандарына жыл бойы қатынауды қамтамасыз етіп, Астана мен батыс арасындағы жолды 570 шақырымға қысқартады.
Қостанай облысы әкімдігінде Арқалықтың бүгінде біртіндеп тоқыраудан шығып, өмір сүруге, еңбек етуге және даму үшін қолайлы жағдайлар жасалып жатқан қалаға айналып келе жатқанына сенімділік білдіріп отыр. Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов атап өтті:
«Арқалық дамуындағы жаңа кезеңді бастан өткеріп жатыр. Қалада қысқа уақыт ішінде әлеуметтік нысандардан бастап инженерлік инфрақұрылымға дейін көптеген маңызды жобалар іске асырылды. Бұл өзгерістерді халықтың өзі де сезінуі маңызды. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Арқалықты жастар мен инвесторлар үшін заманауи, жайлы әрі тартымды қалаға айналдыру үшін қажетті жағдай жасауды жалғастырамыз», – деді ол.
Облыс әкімдігінің мәліметінше, әлі де шешімін таппаған мәселелер аз емес. Оларды шешуге қажетті барлық шаралар Мемлекет басшысының тапсырмасымен әзірленіп жатқан Арқалықты дамытудың кешенді жоспары аясында қарастырылатын болады.
Бақыт ТҰРАШ, суреттер Қостанай облысы әкімінің баспасөз қызметінен алынды