Инвестициялық жобалар жүзеге асырылуда

16 октября 2025 8:09 • 305 просмотров

Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Қостанай облысына жұмысы барысында аграрлық сектордың бірқатар ірі кәсіпорындарын аралап, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру мен қайта өңдеу саласында іске асырылып жатқан инвестициялық жобалармен және заманауи технологияларды енгізу барысымен танысты.

Министр ең алдымен «Джаркөл элеваторы» ЖШС-на барды. Кәсіпорын дәнді дақылдарды қабылдау, кептіру, тазалау, сақтау және қоймаға орналастыру жұмыстарымен айналысады. Жалпы сақтау қуаттылығы – 142,6 мың тонна, оның ішінде 133 мың тоннасы – элеваторлық, 9,6 мың тоннасы – қоймалық орындар. Өндірістік кешен құрамында 10 қабылдау бункері мен 4 жерүсті қоймасы бар, бұл астықтың сапалы сақталуын және өңірдің астық нарығының үздіксіз жұмысын қамтамасыз етеді.

Кәсіпорында екі заманауи астық кептіргіш орнатылған, олардың көмегімен келіп түскен өнімді жедел өңдеу мүмкіндігі бар. Негізгі экспорт бағыттары – Өзбекстан, Ауғанстан, Қытай, Бельгия, Италия, Алжир және Иран. 2025 жылы кәсіпорын астық қабылдау көлемін 200 мың тоннаға дейін ұлғайтуды жоспарлап отыр.

«Олжа Алтын-Инвест» ЖШС 1 200 сауын сиырға арналған сүт-тауар фермасын салу жобасын жүзеге асыруда. Ферма қуаттылығы жылына 14 мың тонна сүт өндіруге есептелген. Жобаның бірінші кезеңі – 600 бас ірі қараға арналған нысан – іске қосылды, ал екінші кезең 2025 жылдың соңына дейін пайдалануға беріледі. Жоба аясында жоғары өнімді тұқымды 240 тана әкелінген.

Бұдан бөлек Айдарбек Сапаров науқан қызу жалғасып жатқан «Олжа Алтын-Инвест» егіс алқабын аралап көрді.

Заманауи технологияларды қолдану және агротехникалық талаптарды сақтау нәтижесінде өнімділік гектарына 33 центнерді құрап отыр. Бұл мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігінің нақты көрсеткіші.

Айдарбек Сапаров сондай-ақ майлы дақылдарды қайта өңдеумен және өсімдік майын өндірумен айналысатын «Промбаза-7» ЖШС май экстракциялық зауытына барды. Кәсіпорынның тәуліктік өңдеу қуаттылығы – 150 тонна, жылдық көлемі – 6 361 тонна. 2025 жылдың қаңтар–тамыз айлары аралығында зауыт 2,1 мың тонна май өндірді. Өнім Ауғанстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Қытай нарықтарына экспортталуда. Министрдің айтуынша, майлы дақылдарды қайта өңдеуді дамыту – ауыл шаруашылығында қосылған құнды арттырудың және саланы әртараптандырудың маңызды тетігі болып табылады.

Сапар барысындағы маңызды нысандарының бірі – «Баян Сұлу» АҚ болды. Кәсіпорынның тәуліктік өндірістік қуаттылығы – 320 тонна, ал жылдық қуаттылығы – 85 мың тонна. 2025 жылдың қаңтар–тамыз айларында 26,2 мың тонна өнім өндірілді. Фабриканың өнім алуандығы 300 түрлі кондитерлік тағамдарды қамтиды. Өнімдер ішкі нарыққа және ТМД елдеріне экспортталады.

Сапар соңында министр «Тэрра» шаруа қожалығына барды. Шаруашылық картоп пен көкөніс өсірумен айналысады. Картоп егісінің жалпы ауданы – 175 гектар, орташа өнімділігі – гектарына 355 центнер, жалпы жиналым – 3 869 тонна. Көкөніс егістігі – 51 гектар, өнімділігі – гектарына 612 центнер. Өнім екі картоп сақтау (7,8 мың тонна) және екі көкөніс сақтау қоймаларында (4 мың тонна) сақталады. Бұл инфрақұрылым өнім сапасын сақтап, маусымаралық кезеңде нарықты үздіксіз қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

«Қостанай облысы экономикасын әртараптандыру мен агроөнеркәсіптік кешенді жан-жақты дамытудың жарқын үлгісін көрсетіп отыр. Мұнда заманауи өндірістер құрылып, инновациялық шешімдер енгізілуде, бұл өз кезегінде өнімділіктің, жұмыспен қамтудың және ауыл тұрғындарының әл-ауқатының артуына тікелей әсер етеді», – деді Айдарбек Сапаров.

Айдарбек Сапаров Қостанай облысына жұмысы аясында ауыл шаруашылығы құрылымдарының басшыларымен кездесті. Онда Мемлекет басшысы айқындаған агроөнеркәсіп кешенін дамыту бойынша басым бағыттары мен шаруашылық маусымының алдын ала қорытындылары талқыланды.

«Еліміздің шаруалары тарихта алғаш рет бұрын-соңды болмаған мемлекеттік қолдау шараларына қол жеткізді – жеңілдетілген қаржыландыру көлемі бір триллион теңгеден асты. Бұл – Мемлекет басшысының тапсырмасын жүйелі орындаудың нәтижесі және отандық ауыл шаруашылығының тиімділігі мен технологиялық деңгейін арттырудағы маңызды қадам», – деп атап өтті Айдарбек Сапаров.

Министрдің айтуынша, соңғы екі жылда сала тұрақты түрде оң серпін көрсетіп келеді. Қабылданған шаралар фермерлерге материалдық-техникалық базаны нығайтуға және белсенді түрде заманауи технологияларды енгізуге жол ашты.

Мәселен, 2025 жылы минералдық тыңайтқыштарды енгізу көлемі үш есеге артып, 1,8 млн тоннаға жетті, элиталық тұқымдардың үлесі 11,2%-ға өсті, ал ауыл шаруашылығы техникасын лизингке беру көлемі 250 млрд теңгеге жетті. Соның арқасында машиналар мен тракторлар паркінің ескіруі екі жыл ішінде 80%-дан 70%-ға дейін төмендеді.

Биыл республика бойынша егіс алқаптарын ауқымды әртараптандыру жүзеге асырылды. Бидай егісі шамамен 900 мың гектарға қысқарса, майлы дақылдар егісі 1 млн гектардан астам ұлғайды. Оның ішінде күнбағыс – 500 мың, зығыр – 380 мың, бұршақ тұқымдастар – 280 мың гектарға артты.

9 қазандағы жағдай бойынша, Қазақстанда дәнді және дәнді-бұршақ дақылдарының 14,2 млн гектары немесе жалпы алқаптың 89%-ы жиналды.

22,7 млн тонна астық бастырылып, орташа өнімділік гектарына 15,9 центнерді құрады.

Қостанай облысында 3,27 млн гектар (80,1%) алқап орылып, 4,74 млн тонна астық, 260,3 мың тонна майлы дақыл, 84,4 мың тонна картоп және 10,9 мың тонна көкөніс жиналды.

Айдарбек Сапаров атап өткендей, аграрлық сектордың тұрақты өсімі тек егіншілік есебінен ғана емес, мал шаруашылығын дамытудың арқасында да оң нәтиже көрсетіп отыр.

Фермерлерді қолдау мақсатында айналым қаражатын 5% жылдық мөлшерлемемен несиелеу бағдарламасы іске қосылды. Оның жалпы көлемі – 50 млрд теңге, бұл көктемгі дала жұмыстарын қаржыландыру бағдарламасына ұқсас.

«Президенттің тапсырмасымен мал шаруашылығын дамытудың жаңа бағдарламасы әзірленіп жатыр. Ол несиелік құралдар желісін кеңейтіп, салаға инвестиция тартуға қосымша мүмкіндік береді. Сонымен қатар, «Даму» қоры несие сомасының 80%-ына дейін кепілдік беретін болады. Бұл ауыл шаруашылығы өндірушілерінің қаржыға қолжетімділігін едәуір жеңілдетеді», – деді министр.

Өткен жылдан бастап қайта өңдеу кәсіпорындарының айналым қаражатын несиелеу басталған болатын. 2025 жылы бұл мақсатқа 44 млрд теңге бөлінді, оның ішінде 62 жоба 23,9 млрд теңге сомасына қаржыландырылды. Негізгі басымдықтардың бірі – экспорт нарықтарын кеңейту. Бұл бағыттағы жұмысты жандандыру үшін Аграрлық экспорт жоспары әзірленуде. Кездесуде шаруалар егін жинау науқанының барысы туралы баяндап, өнімділікті арттыру тәжірибесімен бөлісті.

«Қазіргі уақытта барлық жағдай жасалған – қолжетімді қаржыландыру, техника, тұқым, тыңайтқыштар бар. Агротехнологияларды сақтап, жұмысты дұрыс ұйымдастырғандар жоғары нәтиже көрсетуде. Кейбір шаруашылықтарда өнімділік гектарына 28–35 центнерден асып отыр. Бұл – оңтайлы тәсіл мен мемлекеттік жүйелі қолдаудың айғағы», – деді «Алтынсарино» ЖШС директорының орынбасары Борис Князев.

Кездесуде ауыл шаруашылығы өндірушілері субсидиялау, жанар-жағармаймен қамтамасыз ету, мал шаруашылығын қолдау бағдарламалары және несиелік ресурстардың қолжетімділігіне қатысты сұрақтар қойды. Министр барлық мәселелер бойынша егжей-тегжейлі түсініктеме берді.

«Көтерілген барлық сұрақтар министрліктің тұрақты бақылауында. Біздің мақсатымыз – әрбір фермер мемлекеттің нақты қолдауын сезініп, дамуға мүмкіндік алуы. Мемлекет тарапынан тиісті қолдау бар. Ендігі қадам сіздердің белсенділіктеріңізге, жауапкершіліктеріңізге және ұсынылған мүмкіндіктерді тиімді пайдалануға байланысты», – деп қорытындылады Айдарбек Сапаров.

Жұмыс сапарының соңында министр азаматтарды жеке қабылдау өткізді.

Бақыт ТҰРАШ, суреттер Қостанай облысы әкімінің баспасөз қызметінен алынды