Қостанай облысында автожол желісін жаңғырту ауқымды түрде жалғасуда. Биыл облыс жол саласына бұрын-соңды болмаған қаржы – 103 миллиард теңге бөлді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 40 пайызға артық, деп хабарлады облыс әкімдігі.
Инвестиция көлемінің артуы маңызды учаскелерді жөндеуге ғана емес, аймақтың көлік картасын түбегейлі өзгертетін бірқатар стратегиялық жобаларды іске қосуға мүмкіндік берді. Облыс әкімдігінің мәліметінше, жалпы бюджеттің 47 миллиард теңгесі (46%) республикалық маңызы бар жолдарды жөндеуге бағытталған. Бұл қаржы Қостанай облысын Қазақстанның басқа өңірлерімен және Ресей Федерациясымен байланыстыратын негізгі жолдарды жаңғыртуға жұмсалды.
2025 жылы мынадай автожол учаскелерінде күрделі және орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді:
Ұзынкөл – Троебратное (70 км, Петропавл бағыты),
Қостанай қаласы – РФ шекарасы (67 км, Челябі бағыты),
Бестөбе ауылы – Ақтөбе облысы шекарасы (85 км, Ақтөбе бағыты),
Денисовка – Тавриченка (59 км, Қарталы бағыты),
Севастопольское – СҚО шекарасы (57,1 км, Көкшетау бағыты),
Қостанай – Әулиекөл (120 км),
Арқалық – Ұлытау облысы шекарасы (71 км, Жезқазған бағыты),
Жітіқара – Милютинка (44 км),
Қостанай – Рудный (31,5 км).
Облыс әкімдігі Қостанай өңірінен Ақмола, Ақтөбе, Солтүстік Қазақстан облыстары мен Ресейдің Челябі облысына шығатын негізгі көлік дәліздері толық жаңартылғанын атап өтті.
Жобалар өңіраралық байланысты нығайтып, жол қозғалысының сапасы мен қауіпсіздігін арттырып, Қостанай облысының солтүстік-батыс Қазақстандағы көлік торабы ретіндегі рөлін күшейтті.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық Құрылтайда берген тапсырмасына сәйкес, саланың негізгі бағыттарының бірі – «Орталық – Батыс» көлік дәлізін дамыту. Бұл дәліз Астананы Егіндікөл, Арқалық, Торғай және Ырғыз арқылы батыс өңірлермен тікелей байланыстырады.
Қазіргі таңда дайындық жұмыстары жүргізілуде, ал жол құрылысы 2026 жылы толық көлемде басталады, дейді әкімдіктегілер.
Жобаны жүзеге асыру экономикалық өсімге, өнеркәсіп пен логистика дамуына серпін беріп, бизнес пен өңіраралық ынтымақтастыққа жаңа мүмкіндіктер ашады.
Жол саласындағы басым жобалардың бірі – Қостанай мен Рудный арасындағы 40 шақырымнан астам жолды жаңғырту. Бұл трасса облыс орталығы мен өңірдегі екінші ірі қала – Рудныйды байланыстырады, онда ірі өнеркәсіптік кәсіпорындар шоғырланған. Жаңартылған жол жолаушылар мен жүк тасымалының қауіпсіздігі мен жайлылығын арттырады.
Рудный қаласында айналма жол салу да жоспарланған. Бұл қаланың орталық көшелеріндегі көлік жүктемесін азайтып, кептелістерді қысқартып және экологиялық жағдайды жақсартуға мүмкіндік береді.
Жол инфрақұрылымын жүйелі түрде жаңарту мен салу нәтижесінде өңірде көлік саласында оң динамика байқалады. Атап айтқанда, ағымдағы жылдың тоғыз айында көлік саласында 36 пайыз өсім тіркелді. Бұл көрсеткіш жолдарды жөндеу мен жаңғырту жұмыстарының белсенді жүргізілуімен тікелей байланысты.
«Жол инфрақұрылымы – өңір дамуының іргетасы. Қай жерде сапалы жол болса, сол жерде бизнес дамиды, инвестициялық қызығушылық артады, жаңа жұмыс орындары ашылады. Мұның бәрі халықтың өмір сапасына тікелей әсер етеді. Қыркүйек айындағы Жолдауында Мемлекет басшысы өңірлер арасындағы көлік байланысын нығайту мәселесін жүйелі түрде шешу керектігін ерекше атап өтті. Бұл міндет Қостанай облысында дәйекті түрде іске асуда», – деді облыс әкімі Құмар Ақсақалов.
Сонымен бірге, әкімдік салада шешімін күтіп тұрған міндеттер бар екенін де мойындайды. Алда – жекелеген учаскелерді жаңарту, жол қауіпсіздігін арттыру және жол бойындағы инфрақұрылымды дамыту сынды жұмыстар тұр. Бұл бағыттар автожол саласын дамыту бағдарламасына енгізілген және Костанай облысының көлік жүйесін одан әрі заманауи, ыңғайлы және тиімді етуге негіз болады, деп түйіндеді әкімдік.
Бақыт ТҰРАШ, суреттер Қостанай облысы әкімінің баспасөз қызметінен алынды