Республика күні қарсаңында Қостанай облысының Меңдіқара ауданында өңірдегі ең заманауи сүт-тауарлы фермалардың бірінің құрылысы аяқталды. Бұл туралы облыс әкімдігі хабарлады. Әкімдік мәліметінше, жаңа агроөнеркәсіптік кешен 1 200 бас ірі қара малға есептелген, жылдық өндірістік қуаты – 6 700 тонна сүт. Жобаның жалпы құны – 4,3 миллиард теңге. Құрылыста заманауи цифрлық технологиялар қолданылған.
Жаңа кешен аясында алғаш рет ферма аумағында қызметкерлер мен қонақтарға арналған алты екі орындық жайлы бөлме салынды. Сонымен қатар, ауылда жалпы ауданы 600 шаршы метр болатын 12 пәтерлік екі қабатты тұрғын үйге қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Бұл тұрғын үйлер ферма қызметкерлеріне ғана емес, сонымен бірге тұрғын үйге мұқтаж ауыл тұрғындарына да беріледі.
Мұнда жайлы өмір сүруге барлық жағдай жасалған: абаттандырылған аула, заманауи инженерлік желілер және түрлі жоспардағы ыңғайлы пәтерлер бар. Жұмыс сапары аясында Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов Меңдіқара ауданындағы қоныстанған пәтерлердің біріне барып, Алексей мен Евгения Фишер отбасымен кездесті. Алексей – механизатор, Евгения – жергілікті дүкенде сатушы.
«Үйің мен тұрақты жұмысың болса – бұл үлкен жетістік. Әйелім екеуміз өміріміздің жақсарғанын, болашаққа деген сенімнің артқанын шын сезіндік», – деді Алексей Фишер.
Сапар барысында өңір басшысы ферма директоры Мейрам Ахметжановпен кездесті.
«Бұл жобаның жүзеге асуына мемлекет тарапынан көрсетілген елеулі қолдау себеп болды. Бізге 2,5 пайызбен жеңілдетілген несие берілді, инженерлік инфрақұрылым тартылды, заманауи жабдық сатып алуға қолдау көрсетілді. Ферма құнының 25 пайызы мемлекет есебінен қаржыландырылды», – деді Мейрам Ахметжанов.
Құмар Ақсақалов ауылды кешенді түрде дамыту маңызды екенін атап өтті:
«Кәсіпкерлер адамдарға инвестиция салмайынша – еңбек өнімділігі де, күткен нәтиже де болмайды. Бұл – аксиома. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша біз тек жұмысқа емес, халықтың өмір сүруіне жағдай жасауымыз керек. Мұндай жобалар ауылды дамытудың нақты жолын көрсетеді – жұмыс орындары, баспана, инфрақұрылым арқылы.»
Сүт-тауарлы ферманың жанында құрғақ бие сүтін өндіретін бірегей жоба орналасқан. Жобаның инвестиция көлемі – 10 миллиард теңге. Доильный зал, әкімшілік-тұрмыстық корпус, қоршаулар, стойла алаңдары салынған, абаттандыру жұмыстары жүргізіліп, Германиядан әкелінген жоғары технологиялы жабдық орнатылған.
Облыс әкімдігі Қостанай облысында сүт өндірісі саласының серпінді дамып келе жатқанын атап өтті. 2025 жылы Фёдоров және Меңдіқара аудандарында 1 200 бастан тұратын екі ірі ферма іске қосылды, олардың жиынтық қуаты – 20,7 мың тонна сүт, инвестиция – 9,3 миллиард теңге.
Жыл соңына дейін Алтынсарин ауданында тағы екі шаруашылық ашылады – 400 және 500 бас ірі қараға арналған, жылына 6,5 мың тонна сүт өндіреді. Инвестиция көлемі – 7,1 миллиард теңге. Нәтижесінде, 30 мың тоннадан астам сүт өндірісі қамтамасыз етіледі.
Сонымен қатар, 2026 жылы тағы бес жоба іске қосылады. Бұл жобалар 2025 жылы басталған. Фермалар 400–1000 бас малға есептелген, жалпы өндірістік қуаты – 32 мың тонна сүт, инвестиция – 20,6 миллиард теңге.
Осылайша, Қостанай облысында 2024 жылы 3 ферма салынды, 2025 жылы 2 ферма іске қосылды, тағы 2 ферма жыл соңына дейін іске қосылады, 2026 жылы 5 ірі өнеркәсіптік сүт фермасы пайдалануға беріледі.
Үш жылдың ішінде облыста барлығы 12 сүт-тауарлы ферма пайда болады. Бұл – өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтып, жаңа жұмыс орындарын ашатын, ауыл инфрақұрылымын жақсартатын және ауыл экономикасының дамуына серпін беретін ауқымды нәтиже, дейді облыс әкімдігінде.
Сапар барысында өңір басшысы «Таза Қазақстан» бағдарламасының жүзеге асырылу барысымен, тұрғын үй құрылысы мен агроөнеркәсіп кешенінің дамуы жағдайымен танысты.
Мемлекет басшысы бастама көтерген «Таза Қазақстан» бағдарламасының негізгі бағыттарының бірі – жайлы қоғамдық кеңістіктер құру. Боровской ауылында Михайленко көшесінде жаңа аллеяның құрылысы аяқталды.
Жобаның жалпы құны – 44 млн теңге, оның 36 млн теңгесі облыстық бюджеттен, 8 млн теңгесі республикалық бюджеттен бөлінді. Жаңа аллея аудан орталығының көркін келтіріп, тұрғындар үшін демалыс пен серуендеуге қолайлы орынға айналды.
— «Таза Қазақстан» бағдарламасы – туған жердің әр бұрышына деген қамқорлықтың көрінісі. Біз адамдарға ыңғайлы, таза әрі қауіпсіз орындар қалыптастырып жатырмыз. Мұндай жобалар тек қалаларда ғана емес, ауылдық жерлерде де жүзеге асырылуы маңызды, – деді Құмар Ақсақалов.
Жұмыс сапары барысында облыс әкімі Боровской ауылындағы үш қабатты көппәтерлі тұрғын үйдің құрылысын қарап шықты. Жоба мердігер ұйым – «СК KBS» ЖШС есебінен жүзеге асырылуда, құрылыстың жалпы құны 826 млн теңгені құрайды.
Құрылыс аяқталғаннан кейін әкімдік коммуналдық тұрғын үй қорын толықтыру мақсатында 45 пәтерді сатып алады. Үйде 32 бір бөлмелі, 10 екі бөлмелі және 6 үш бөлмелі пәтер болады. Жалпы ауданы – 2,6 мың шаршы метрден асады.
Өңір басшысының жұмыс сапары Меңдіқара ауданы тұрғындарымен кездесумен аяқталды. Кездесу барысында әлеуметтік-экономикалық даму, абаттандыру және халықты жұмыспен қамту мәселелері талқыланды.
Бақыт ТҰРАШ, суреттер Қостанай облысы әкімінің баспасөз қызметінен алынды