«Астана» – өңірдің жаңа тірек ауданы

30 октября 2025 12:53 • 287 просмотров

Республика күні қарсаңында Қостанай облысында жаңа «Астана» тұрғын үй кешенінің алғашқы 450 пәтері пайдалануға берілді. Бұл жоба өңірдің заманауи тұрғын үй құрылысы мен инфрақұрылымын дамытудың жаңа кезеңін айқындап отыр. Жаңа үйлер 1 000-ға жуық адамды қамтып, тұрғындарға жайлы әрі қауіпсіз өмір сүруге мүмкіндік береді.

Жаңа үйлер шамамен 1 000 тұрғынға есептелген және олар заманауи сапа стандарттарына, энергия тиімділігіне және қалалық жайлылық талаптарына толық сәйкес келеді. Бұл туралы облыс әкімдігі хабарлады.

Облыс әкімдігінде атап өткендей, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Жолдауларында қолжетімді тұрғын үйдің ел азаматтарының әл-ауқатын арттырудағы маңызды фактор екенін бірнеше рет баса айтқан.

«Қолжетімді тұрғын үй – бұл арман емес, оны біз азаматтарымыз үшін шынайы өмірге айналдыруымыз қажет», – деген болатын Президент.

Осы бағытта Қостанай облысында жүйелі жұмыстар атқарылып келеді. Соңғы екі жылда өңірде 1 миллион шаршы метрге жуық тұрғын үй пайдалануға берілді.

2025 жылдың басынан бері 391 мың шаршы метр тұрғын үй немесе 4 145 пәтер салынды. Жыл соңына дейін бұл көрсеткіш 500 мың шаршы метрге жетеді деп жоспарлануда, бұл шамамен 6,5 мың пәтерді құрайды.

Облыс әкімі Кумар Аксакаловтың айтуынша, бұл көрсеткіштер өңірдің тұрғын үй құрылысы саласындағы тұрақты және қарқынды дамуын дәлелдейді: «Президент тапсырмасына сәйкес біз тұрғын үй құрылысына ерекше мән беріп отырмыз. Әрбір отбасының өз баспанасы болуы – біздің басты мақсатымыз. Бірақ біз үшін ең маңыздысы – үйлерді салу ғана емес, адамдар үшін жайлы, қауіпсіз және заманауи өмір сүру ортасын қалыптастыру», – деді өңір басшысы.

«Астана» тұрғын үй кешені – Қостанай облысындағы ең ірі урбанистік жобалардың бірі. Оның аясында 5-тен 24 қабатқа дейінгі 154 көпқабатты тұрғын үй салу көзделген. Жалпы құрылыс көлемі шамамен 1 миллион шаршы метрді құрайды. Жоба толық жүзеге асқанда, 60 мыңнан астам адамды жаңа баспанамен қамтамасыз ету мүмкіндігі туады.

Бүгінде 10 үйдің құрылысы толық аяқталып, тағы 13 бесқабатты үйдің құрылысы қарқынды жүріп жатыр.

Қолжетімді баспана және заманауи инфрақұрылым. Жаңа тұрғын үйлер қолжетімді тұрғын үй бағдарламасы аясында кезекте тұрған азаматтарға шаршы метрі 254 мың теңгеден ұсынылады. Бұл – өңірдегі орташа нарықтық бағамен салыстырғанда әлдеқайда төмен.

Жобада тұрғындарға ыңғайлы және қауіпсіз орта қалыптастыруға баса назар аударылған. Микроауданда балабақшалар, мектептер, емханалар, спорт және мәдени нысандар, сондай-ақ сауда және ойын-сауық орталықтары салу жоспарланған.

Сонымен қатар, жасыл аймақтар мен демалыс саябақтары, веложолдар, кең жолдар, ақылды аялдамалар, бейнебақылау жүйелері мен жарықтандырылған аулалар қарастырылған. Барлық құрылыста отандық өндірістің сапалы материалдары қолданылады.

Өңірдің дамуына серпін жаңа серпін. «Астана» жобасы Қостанай облысының әлеуметтік-экономикалық дамуына да елеулі әсер етпек. Тұрғын үй құрылысы жаңа жұмыс орындарын ашуға, құрылыс индустриясын дамытуға, жергілікті өндірушілердің өнімдеріне сұранысты арттыруға мүмкіндік береді.

«Бұл жоба тек баспанамен қамтамасыз ету емес, сонымен бірге облыс тұрғындары үшін жаңа өмір сапасын қалыптастыруға бағытталған. Біз әрбір азаматтың өз үйіне қуанышпен кіріп, жайлы әрі қауіпсіз ортада өмір сүруін қалаймыз», – деп түйіндеді облыс әкімі Кумар Аксакалов.

Бақыт ТҰРАШ, суреттер Қостанай облысы әкімінің баспасөз қызметінен алынды