Республика күні қарсаңында қалада екі жаңа абаттандыру нысаны – Абай көшесіндегі парк пен Темірбаев көшесіндегі саябақ пайдалануға берілді. Екі жоба да қаланы көгалдандыру мен тұрғындарға жайлы өмір сүру ортасын қалыптастыруға бағытталған. Бұл туралы Қостанай облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Қала жылдан-жылға көркейіп, жасыл желекке бөленіп келеді. Қазіргі таңда Қостанайда он бір парк пен саябақ абаттандырылған. Барлығы бірігіп, тұрғындарға серуендеуге, демалуға және спортпен айналысуға арналған біртұтас қоғамдық кеңістіктер жүйесін құрайды.
Облыс әкімі атап өткендей, абаттандыру – өңірдің дамуындағы басты басымдықтардың бірі.
«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес елімізде «Таза Қазақстан» бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр. Бұл бағдарлама қалаларымызды жаңғыртуға қуатты серпін берді, – деді өңір басшысы. – Соңғы екі жылда Қостанайда қоғамдық кеңістіктерді қалыптастыру бойынша ауқымды жұмыстар атқарылды. Біз бар саябақтарды қайта жөндеп, ондаған жаңа скверлер салдық, заманауи жарықтандыру мен суару жүйелерін орнаттық, мыңдаған ағаш ектік. Бұл тек қаланы көріктендіріп қана қоймай, оны өмір сүруге ыңғайлы етеді. Мақсатымыз – әр ауданда тұрғындар отбасымен келіп демалатын, серуендейтін, спортпен шұғылданатын аймақтар құру», – деді облыс әкімі Құмар Ақсақалов.
Жаңа Абай паркі Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетінің аумағында, 4 гектардан астам жерді алып жатыр. Мұнда серуен аллеялары, амфитеатр, балалар және спорт алаңдары, скейт-аймақ, заманауи жарықтандыру және автотұрақ қарастырылған.
Сонымен қатар, Темірбаев көшесіндегі сквер де тұрғындар үшін жайлы демалыс орнына айналды. Ол қаланың өзге қоғамдық кеңістіктерімен бір стильде безендірілген: жаяу жүргіншілер жолдары төселіп, орындықтар, жарық шамдары мен көгалдандыру элементтері орнатылған.
Зоя Слесарева есімді қала тұрғыны өз әсерімен бөлісті: «Бізге осындай тамаша парк салып берді. Барлығы талғаммен және ыждағаттылықпен жасалған: әдемі жолдар, жайлы орындықтар, гүлзарлар, ұқыпты шамдар. Енді күн сайын осында келеміз. Сквер жанданып, біздің сүйікті демалыс орнымызға айналды», – деді ол қуана.
Қостанайда бүгінде бес негізгі парк бар: Орталық парк, Жеңіс паркі, Притобол паркі, «Ұлы Дала» паркі және Триатлон-парк.
Сонымен қатар, қалада он бір парк пен саябақ абаттандырылып, олардың барлығы тұрғындар мен қонақтардың демалуына арналған ортақ экологиялық желіні құрап отыр.
Бұрын бос жатқан немесе қараусыз қалған аумақтарға ерекше көңіл бөлінуде. Мәселен, Әбілсай мен Арыстанбеков скверлері соңғы екі жылда түбегейлі өзгерді – бұрынғы бос жерлердің орнында жасыл аллеялар, заманауи шамдар, балалар алаңшалары мен гүлзарлар пайда болды. Енді бұл орындар микроаудандар тұрғындарының сүйікті демалыс орталығына айналған.
Бұған дейін Қостанайда Міржақып Дулатовтың 140 жылдығына арналған сквер ашылған болатын. Сондай-ақ, Қасымханов көшесіндегі «Қазақтелеком» ғимараты маңында жаңа демалыс аймағының құрылысы аяқталуға жақын.
Қостанай бүгінде Қазақстанның ең жасыл қалаларының бірі саналады. Мұнда жаяу және велосипед бағыттары белсенді дамып келеді. Келер жылы «Қонай» шағын ауданындағы парк пен «Шағала» жағалауы мен Триатлон-паркті байланыстыратын веложол салу жоспарланған. Оның жалпы ұзындығы 36 шақырымға жуық болады.
Жалпы облыс бойынша 80 парк пен сквер, 164 балалар және спорт алаңы салу, 72 мыңнан астам ағаш отырғызу және 8,5 мың көше шамын орнату көзделіп отыр.
«Біздің мақсатымыз – Қостанайды өмір сүруге жайлы әрі мақтан тұтарлық қалаға айналдыру. Әрбір бос кеңістік скверге, шағын паркке айналып, адамдардың толыққанды демалуына мүмкіндік беруі тиіс», – деді облыс әкімі Құмар Ақсақалов.
Қоғамдық кеңістіктердің көбеюі Қостанайды тек көрікті ғана емес, шынайы мағынада тұрғындарға жайлы, заманауи және өмір сүруге қолайлы қалаға айналдырып келеді.
Бақыт ТҰРАШ, суреттер Қостанай облысы әкімінің баспасөз қызметінен алынды