Федоров ауданына жұмыс сапарымен барды

6 ноября 2025 8:32 • 268 просмотров

Облыс әкімі Құмар Ақсақалов жұмыс сапарымен Федоров ауданына барып, бірқатар әлеуметтік және өндірістік нысандарды аралады. Сапардың басты мақсаты – ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуының барысымен танысу, жергілікті кәсіпорындардың жағдайын бағалау және тұрғындармен ашық диалог орнату болды.

Сапардың басында өңір басшысы аудан орталығындағы «Лаванда» дүкені мен ИП «Андреев Ю.Ю.» агроөнеркәсіп кәсіпорнына барды. Бұл кәсіпорын аймақтағы ауыл шаруашылығы мен азық-түлік өндірісін дамытып отырған жетекші шаруашылықтардың бірі саналады. Мұнда өсімдік шаруашылығы мен мал шаруашылығы қатар жүргізіледі, сонымен бірге өнімдерді қайта өңдеу ісі жолға қойылған.

Кәсіпорын өз өнімдерін «Федоровские колбасы» брендімен нарыққа шығарып келеді. Бүгінгі таңда шаруашылық жыл сайын 76,8 тонна шошқа еті мен 10,2 тонна сиыр етін өндіреді, сондай-ақ 25 тоннаға жуық дайын ет өнімдерін шығарады. Бұл көрсеткіштер аудан экономикасына айтарлықтай үлес қосуда. Өнімдер тек аудан көлемінде ғана емес, облыстың басқа өңірлерінде де сатылымға түсіп отыр. Құмар Ақсақалов кәсіпорын қызметкерлерімен әңгімелесіп, өндірісті одан әрі жаңғырту, жаңа технологияларды енгізу және еңбек жағдайын жақсарту жөнінде бірқатар ұсыныстар айтты.

Әкім сапар барысында жергілікті кәсіпкерліктің дамуы аймақтың тұрақты өсуіне негіз болатынын ерекше атап өтті. Оның айтуынша, ауылдық жерлерде шағын және орта бизнесті қолдау – жаңа жұмыс орындарын ашудың және халықтың табысын арттырудың тиімді жолы.

Келесі нысан ретінде Құмар Ақсақалов Кравцова көшесіндегі екі пәтерлі тұрғын үйдің құрылысымен танысты. Бұл жоба әлеуметтік осал топтағы азаматтарды баспанамен қамтамасыз ету мақсатында жүзеге асырылуда. 2025 жылы аудан бойынша барлығы 77 пәтер сатып алу жоспарланған. Бұл мақсатқа 1,4 млрд теңге бөлініп отыр. Тұрғын үйлер заманауи талаптарға сай, инфрақұрылымы дамыған аумақта салынуда. Облыс әкімі тұрғын үй құрылысының сапасына және мердігерлердің жауапкершілігіне назар аударды.

Құмар Ақсақаловтың айтуынша, тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесі – мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының бірі. «Біздің басты мақсатымыз – ауылдық жерде өмір сүру үшін қолайлы жағдай жасау. Тұрғындардың баспаналы болуы, сапалы инфрақұрылым мен әлеуметтік нысандардың болуы – бұл ауылды дамыту кепілі», – деді өңір басшысы.

Сапар барысында әкім «Безбабный В.И.» шаруа қожалығына да барды. Бұл шаруашылық майлы дақылдарды өңдеумен айналысады және «Федоровский дар» маркасымен күнбағыс майын шығарады. Кәсіпорынның жылдық қуаты 4500 тоннаға жетеді. Мұнда шикізатты сақтау және өңдеу үшін заманауи қондырғылар орнатылған.

Шаруа қожалығы өнімнің сапасын арттырумен қатар, өндіріс көлемін ұлғайтуды жоспарлап отыр. Қазіргі уақытта кәсіпорында 30-дан астам адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Әкім еңбек ұжымымен кездесіп, ауыл шаруашылығы саласын мемлекеттік бағдарламалар арқылы қолдау шараларын түсіндірді. Сондай-ақ облыс басшысы аграршылармен ашық пікір алмасып, ауылдағы еңбек өнімділігін арттыру, техника паркін жаңарту және экспортқа бағытталған өнім көлемін ұлғайту мәселелерін талқылады.

Сапардың келесі нысаны – жаңадан салынған көпфункциялы жабық спорт алаңы болды. Бұл нысан «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында тұрғызылған. Құрылыстың жалпы құны 396 млн теңгеден асты. Спорт кешені 2025 жылдың 20 маусымында пайдалануға берілген. Қазіргі таңда мұнда түрлі спорт түрлері бойынша жаттығулар өткізіліп, балалар мен жастар бос уақыттарын тиімді өткізіп жүр.

Облыс әкімі аудан жастарына арналған спорт нысандарының маңыздылығын атап өтіп, бұқаралық спортты дамыту бағытындағы жұмыстар жалғасатынын айтты. «Денсаулығы мықты, белсенді жастар – біздің болашағымыз. Сондықтан мұндай нысандардың көптеп салынуы – ауыл тұрғындарының өмір сапасын арттырудың нақты көрінісі», – деді әкім.

Жұмыс сапарының соңында Құмар Ақсақалов Федоров аудандық Мәдениет үйінде тұрғындармен кездесу өткізді. Бұл жиын өңір халқы үшін маңызды оқиға болды. Кездесу барысында Новошумное ауылындағы су құбырын іске қосу рәсімі Zoom-конференция арқылы онлайн форматта өтті.

Жобаның жалпы құны 1,37 млрд теңгені құрайды. Құрылыс жұмыстарын «АиФ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі атқарды. Қазіргі таңда ауылдағы 290 үйдің 170-і, яғни 58,6 пайызы орталық су жүйесіне қосылған. Жұмыс алдағы уақытта жалғастырылып, барлық үйлерді сапалы ауызсумен қамту жоспарланып отыр. Бұл жоба жүзеге асқаннан кейін ауыл тұрғындары бұрынғыдай су тасу немесе құдыққа тәуелді болмай, заманауи коммуналдық жүйенің игілігін көреді.

Кездесудің екінші бөлігінде облыс әкімі тұрғындардың сұрақтарына жауап берді. Аудан халқын толғандырған негізгі мәселелердің қатарында жолдардың сапасы, медициналық қызметтің қолжетімділігі, ауыл шаруашылығын субсидиялау және жастарды жұмысқа орналастыру тақырыптары көтерілді.

Құмар Ақсақалов ауданның әлеуметтік және экономикалық дамуын одан әрі жақсартуға бағытталған бірқатар міндеттерді атап өтті. Ол ауыл шаруашылығын қолдау, тұрғын үй және инженерлік инфрақұрылымды дамыту, жолдарды жөндеу, сондай-ақ білім және денсаулық сақтау салаларындағы жобаларды қарқынды жүзеге асырудың маңыздылығына тоқталды.

Әкім өз сөзінде ауыл жастарының белсенділігіне ерекше назар аударды. «Біздің мақсатымыз – жастардың туған жерінде қалып, еңбек етуіне жағдай жасау. Сол үшін кәсіпкерлік бастамаларды қолдаймыз, оқу мен еңбекке мүмкіндік береміз. Ауылдың дамуы – жастардың болашағына байланысты», – деді ол.

Сонымен қатар, Құмар Ақсақалов Федоров ауданында мемлекеттік бағдарламалардың орындалу деңгейін жоғары бағалап, алдағы уақытта ауданда әлеуметтік нысандарды жөндеу және жаңа өндіріс орындарын ашу жоспарын бөлісті.

Жалпы алғанда, облыс әкімінің бұл сапары ауданның дамуына серпін берді. Кәсіпкерлер мен ауыл тұрғындары аймақ басшысының қолдауын сезінгенін айтып, мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қамқорлыққа ризашылықтарын білдірді.

Федоров ауданы соңғы жылдары агроөнеркәсіп, инфрақұрылым және әлеуметтік салада оң өзгерістерге қол жеткізіп келеді. Ауданда жаңа жұмыс орындары ашылып, ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемі артуда, ал тұрғындардың өмір сапасы жылдан жылға жақсарып отыр.

Құмар Ақсақалов сапар соңында аудан ұжымдарына табыс тілеп, елдің әл-ауқатын арттыру жолындағы жұмыстар жалғаса беретінін атап өтті.

Бақыт ТҰРАШ, суреттер Қостанай облысы әкімінің баспасөз қызметінен алынды