Жедел жәрдемге жаңа көлік

13 ноября 2025 8:56 • 266 просмотров

Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Қостанай облысының жедел медициналық жәрдем қызметі мекемелеріне 50 жаңа автокөліктің кілтін табыс етті. Салтанатты рәсім облыс әкімдігінің алдындағы алаңда өтті.

Жаңа көліктер Қостанайдағы «Allur» зауытында құрастырылған. 40 автокөлік шұғыл көмек көрсетуге арналған. Қалғаны – реанимобильдер. Жалпы құны 1,2 млрд теңге болатын жедел жәрдем көліктері облыс әкімдігінің қолдауымен 5 жылдық мерзімге лизинг бағдарламасы бойынша сатылып алынған.

Зауыттан жаңа шыққан автокөліктер халықаралық талаптарға сай заманауи медициналық құрылғылармен жабдықталған.

«Халыққа сапалы, қолжетімді әрі уақтылы медициналық көмек көрсету – мемлекеттің басты міндеттерінің бірі. Мемлекет басшысы бүгінде денсаулық сақтау жүйесін дамытуды, дәрігерлерге қолдау көрсетуді жүктеп отыр. Соңғы жылдары ауылдық жерлерде 600-ден астам медициналық нысан салынып, пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін қалған 55 нысанды тапсырып, Президенттің тапсырмасын толық орындаймыз. Соның ішінде Қостанай облысында 25 нысанның құрылысы жүріп жатыр», деді министр.

Жаңа көліктер осы аптаның соңына дейін облысқа қарасты қалалар мен аудандарға жеткізіледі.

Денсаулық сақтау саласын дамытуға мемлекет тарапынан ерекше көңіл бөлініп отырғанын аймақ басшысы да атап өтті.

«Мемлекет басшысы денсаулық сақтау саласын дамытуға, оның ішінде материалдық-техникалық базаны нығайтуға ерекше назар аударып отыр. Осы тапсырмаларды орындау үшін өңірде ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Ауылдық жерлерде медициналық нысандардың құрылысы белсенді жүріп жатыр. Былтыр 28 нысан салынса, жыл соңына дейін тағы 4 медициналық орталық пайдалануға беріледі. Нәтижесінде ауылдарда 32 жаңа медициналық мекеме жұмыс істейді. Бұл нысандар заманауи жабдықтармен қамтамасыз етілген. Мұның бәрі ауыл тұрғындары үшін үлкен көмек», деді Құмар Ақсақалов.

Облыс әкімінің айтуынша, бұған дейін жедел жәрдем қызметіне тиесілі жүз машинаның 76 пайызы ескі болған. Жаңа көліктер берілген соң, аталған қызмет пайдаланатын автокөліктердің 90 пайызы жаңарып отыр.

Құттықтау сөзінде ведомство басшысы Қазақстанда 2025 жыл жұмысшы мамандықтар жылы деп жарияланғанын, бұл денсаулық сақтау саласы үшін ерекше маңызға ие екеніне тоқталды.

«Ел Президенті жұмысшы кәсіп мамандарын, оның ішінде орта медициналық персонал – фельдшерлерді, медбикелерді, зертханашылар мен санитарларды әлеуметтік қолдауға ерекше назар аударады. Сіздер денсаулық сақтау жүйесінің негізі, сенімді іргетасысыздар», – деп атап өтті Ақмарал Әлназарова.

Автопарк пен жабдық үнемі жаңартылып отырады, жедел жәрдем станциялары салынып, қайта құрылуда.

2025 жылы Маңғыстау және Солтүстік Қазақстан облыстарында жедел жәрдем станцияларының құрылысы жүргізілуде, Батыс Қазақстан және Атырау облыстарындағы объектілер үшін жобалау-сметалық құжаттама дайындалды.

Қыркүйек айында Жетісу облысында екі жаңа қосалқы станция пайдалануға берілді.

Министр Қостанайда жаңа заманауи жедел жәрдем ғимаратын салу қажеттігін атап өтті. Қазіргі уақытта облыс әкімдігі құрылыс үшін солтүстік-батыс шағын ауданындағы учаскені белгілеп қойған. Қазір Қостанай жедел жәрдемі ЖСҚ әзірлеу және ғимаратты жобалау кезеңінде.

Денсаулық сақтау министрі облыс басшылығына Денсаулық сақтау жүйесін дамытуға көңіл бөлгені үшін, сондай-ақ медицина қызметкерлеріне, олардың жанқиярлық еңбегі мен кәсібилігі, мамандыққа деген адалдықтары үшін алғысын білдірді.

Бақыт ТҰРАШ, суреттер Қостанай облысы әкімінің баспасөз қызметінен алынды