Қостанайда халық ақыны Әсия Беркенованың мерейлі 75 жасқа толуына орай, «Айдын жырдың аққуы» атты республикалық ақындар айтысы өтті. Облыс әкімдігі ұйымдастырған жыр додасына Тобыл-Торғай өңірінің өткені мен бүгіні, келешегі арқау болып, мерейтой иесінің ақындық өнері, айтысты дамытуға қосқан үлесі дәріптелді.
1950 жылы 22 сәуірде Қостанай облысы, Әулиекөл ауданының Сұлукөл ауылында дүниеге келген Әсия Әйіпқызының балалық шағы табиғаттың әсемдігі мен ел рухының тереңдігінде өтті. Сол туған жердің топырағы мен ел ішіндегі шешендік дәстүр жас қыздың жүрегіне өлеңнің ұрығын ерте сепкендей.
Өткен ғасырдың 80-жылдарынан бастап Әсия Беркенова есімі айтыс сахнасында жарқырай көрінді. 1982–1983 жылдары Қостанай облыстық айтыстарында оза шауып, 1984 жылы Алматыда өткен Кенен Әзірбаевтың 100 жылдығына арналған республикалық айтыста бірінші орынды иеленуі – ақындық жолдағы алғашқы үлкен жеңіс болды.
Жоғары білім алып, ұстаздық жолын таңдаған ол педагогика саласында ерекше із қалдырды. Қазақстанның халық ағарту ісінің үздігі атануы – соның айғағы.
Одан кейінгі жылдары ол талай тарихи мерейтойларда, ұлт рухын дәріптеген додаларда дара шықты. Абылай ханның 280 жылдығы, Мұхиттың 150 жылдығы, Қажымұқанның 120 жылдығы, Жәнібек батырдың 300 жылдығы сияқты ұлы тойларда Әсияның жыры биік рухтың үніне айналды.
«Жарасым» атты қыз-жігіттер айтысында Сара атындағы жүлдені иеленіп, нәзік те өткір сөздің, ақиқат пен адамгершіліктің айтыскеріне айналды.
Әсия Беркенова – Моңғолия, Қытай, Өзбекстан, Қарақалпақстан, Ресей және Қазақстан ақындары қатысқан халықаралық айтыстың жүлдегері. Қостанай өңірінде Омар Шипиннен кейін «Халық ақыны» атағын алған санаулы тұлғалардың бірі.
Ақынның 75 жылдығына орай ұйымдастырылған айтысқа Қазақстанның түрлі өңірлерінен белгілі айтыскерлер, ақындар қатысып, Әсия Беркенованың айтыс өнеріне қосқан үлесі атап өтілген. Елге танымал ақындар бас қосқан рухани кеш көрерменге ерекше әсер сыйлады. Айбек Қалиев, Нұрлан Есенқұлов, Әсем Ережеқызы бастаған дүлдүлдер сөз бәйгесін қыздырды.
Тартысты додаға руханият майталмандары – Жүрсін Ерман, Жанарбек Әшімжан, Нұртөре Жүсіп, Ақылбек Шаяхмет және Алмас Алматов төрелік етті. Ұлттық өнерді дәріптеген бұл айтыс қостанайлықтарға шабыт пен серпіліс сыйлады.
Алты сағатқа созылған аламанның 3 млн теңге сыйақысы бар бас жүлдесін Абай облысының атынан шыққан Әсем Ережеқызы жеңіп алды. Қазылар алқасының ұйғаруымен бірінші орынға (2 млн теңге) ақтөбелік ақын Нұрбол Жауынбаев лайық деп танылды.
Екінші орын – (1,5 млн теңге) Мұхтар Ниязов (Қызылорда облысы) пен Жансая Мусинаның (Батыс Қазақстан облысы) еншісінде.
Жүлделі үшінші орынға (1 млн теңге) Нұрлан Есенқұлов (Шымкент қаласы) пен Мейірбек Сұлтанхан (Қызылорда облысы) иет болды.
Айтысқа қатысқан өзге ақындар да 500 мың теңге көлемінде ынталандыру сыйлығын алды.
Ақындарды марапаттау рәсімінде облыс әкімі Құмар Ақсақалов халық ақыны Әсия Беркенова мен таяуда ғана «Алтын домбыраны» жеңіп алған айтыс ақтаңгері Айбек Қалиевтің айтыс өнерін дамытуға сіңірген еңбектері ерекше екенін атап өтіп, ел руханиятына қосқан өлшеусіз үлестері үшін алғыс білдірді.
Одан кейін қазылар алқасының мүшесі Жанарбек Әшімжан көпшілікке Сенат спикері Мәулен Әшімбаевтың құттықтауын оқып беріп, мерейтой иесінің иығына шапан жапты.
Әсия ақын айтыс сахнасына кезінде Фариза Оңғарсынова жапқан шапанды киіп шыққанын, оны музейге тапсыратынын айтты.
Ал облыс әкімі Құмар Ақсақалов Тобыл-Торғай өңірінен шыққан қос ақынға меценаттар тарту еткен су жаңа автокөліктердің кілтін табыс етті. Халық ақыны Әсия Беркенова «KIA Sportage», айтыс ақтаңгері Айбек Қалиев «KIA Cerato» көлігін мінді.
Әсия ақынның есімі бүгінде тёк Қазақстанда емес, алыс-жақын елдердегі қазақ қауымына да таныс. Оның жырлары мен айтыстағы бейнесі – ел рухының айнасы, ардың үні.
75 жылдық мерейтой – тёк өмірдің белесі ғана емес, рухани мұраның биік шыңы. Әсия Беркенова – айтыстың тарихындағы әйел ақындардың ішінде айрықша із қалдырған тұлға. Оның сөзі – елдің айнасы, жүрегінің сыры.
Қостанай жерінің қасиетті топырағынан түлеп ұшқан бұл ақын – тёк айтыс өнерінің емес, тұтас қазақ руханиятының алтын көпірі.
Бақыт ТҰРАШ, суреттер Қостанай облысы әкімінің баспасөз қызметінен алынды