Қарабалық қанат жайып келеді

27 ноября 2025 9:09 • 276 просмотров

Қостанай облысы әкімі Құмар Ақсақалов Қарабалық ауданына жұмыс сапарымен барды. Қазіргі таңда атамлыш ауданда инфрақұрылым жаңарып, жаңа нысандар бой көтеруде.

Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов жұмыс сапарымен Қарабалық ауданына барып, бірқатар әлеуметтік, инженерлік және спорттық нысандарды аралады. Сапар барысында негізгі жобалардың іске асырылу барысы таныстырылып, аудан тұрғындарымен кездесу өтті.

Коммуналдық инфрақұрылым жылу желілері толық жаңартылды. Соңғы үш жылда Қарабалық ауданында коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылған. Аудан орталығының барлық жылу желілері толықтай жаңартылып, ұзындығы 5 шақырымдық желі қайта салынды. Бұған қоса, 16 газ қазандығы толық ауыстырылып, қазіргі таңда жылу жүйесінің тозу деңгейі нөлге тең.

— Аудан ауыз сумен тұрақты қамтамасыз етілген. Бұл жұмыстар тұрғындардың өмір сапасын арттырып, коммуналдық қызметтердің үздіксіз әрі сенімді болуына мүмкіндік берді, – деп атап өтті Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов.

Ауданда тұрғын үй құрылысы қарқын алды. Қазір мұнда қолжетімді әрі кең пәтерлер салынып жатыр. Бұрын тұрғын үй құрылысы тек облыс орталығы мен қалаларда жүргізілсе, соңғы екі жылда бұл бағыт аудан орталықтарына да белсенді енгізілуде. Қарабалық ауылында қазіргі уақытта 32 пәтерлі тұрғын үй салынуда. Әр пәтердің ауданы – 82 шаршы метр, барлық қажетті коммуникациялар тартылған.

Әкімнің айтуынша, бұл жаңа баспана аудан тұрғындарына қолайлы тұрмыс жағдайын жасап қана қоймай, жас мамандарды ауылда тұрақтандыруға ықпал етеді. Сонымен қатар, тұрғын үй құрылысының артуы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерінің оң өзгергенін білдіреді.

Ауданда жабық хоккей корты пайдалануға беріліп, жергілікті тұрғындардың сүйікті демалыс орындарының біріне айналды. Кешен тек хоккей ойнауға ғана емес, көпшілікке арналған сырғанау алаңы ретінде де қызмет көрсетеді. Жаз мезгілінде мұнда өзге де спорт түрлерінен жарыстар ұйымдастырылмақ.

Облыс бойынша соңғы екі жылда спорт инфрақұрылымына ерекше көңіл бөлініп келеді: барлығы 24 жаңа спорт нысаны салынды. Олардың қатарында 13 дене шынықтыру-сауықтыру кешені, ат спорты манежі, 4 жабық хоккей корты, күрес залы және спорттық интернат бар.

Жұмыс сапарының қорытындысында Құмар Ақсақалов аудан тұрғындарымен кездесті. Жиында өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі бағыттары, тұрғындарды толғандыратын мәселелер мен ұсыныстар талқыланды.

Тұрғындар инфрақұрылымның жаңарғанын оң бағалап, ауыл шаруашылығын дамыту, тұрғын үймен қамтамасыз ету, жолдардың жағдайы және жастарға арналған мүмкіндіктер жөнінде ұсыныстарын жеткізді. Әкім барлық көтерілген сауалдардың бақылауда болатынын атап өтіп, ауданның дамуын одан әрі жалғастыруға нақты міндеттер қойды.

Бақыт ТҰРАШ, суреттер Қостанай облысы әкімінің баспасөз қызметінен алынды