Ауданда өсім бар

27 ноября 2025 9:03 • 254 просмотров

Амангелді ауданының әкімі Қанат Кеделбаев өңірлік коммуникациялар алаңында өткен баспасөз мәслихатында ауданның 2025 жылдың он айындағы әлеуметтік-экономикалық даму нәтижелерін баяндады. Әкімнің айтуынша, ауданның негізгі мақсаты – тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру, инфрақұрылымды жетілдіру және экономикалық өсімді тұрақты қамтамасыз ету.

Есепті кезеңде ауданның макроэкономикалық көрсеткіштері оң динамика көрсеткен. Өнеркәсіп өндірісі 64,1%, негізгі капиталға инвестициялар 39,1%, тұрғын үйді пайдалануға беру 78,8%, құрылыс жұмыстары 45,1%, бөлшек сауда 99,5%, ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің көлемі 112,9% деңгейінде қалыптасты. Орташа айлық жалақы 278 079 теңгені құрады.

Аудан бюджеті 3,4 млрд теңгеге жетіп, соның ішінде 1 млрд теңгеге жуық салықтық түсімдер түсті. Жыл басынан бері аудандық бюджетке 945,1 млн теңге түсіп, жоспар 110,4% орындалды. Шағын және орта бизнес саласында 1 098 кәсіпкерлік субъектісінде 1,8 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылған. Кәсіпкерлер бюджетке 302,4 млн теңгеден астам салық түсірді.

2025 жылы аудан орталығында екі жаңа азық-түлік дүкені ашылып, бір дүкен кеңейтіліп шағын-маркетке айналды. Бұл жобалардың жалпы инвестиция көлемі 50 млн теңгені құрады. Сонымен қатар, бір асхана және «SHAURMEN» қоғамдық тамақтану орны іске қосылды. «Ali-as› кафесінің аумағы 100 шаршы метрге кеңейтіліп, кәсіпкерлік нысандары бойынша 45 млн теңге инвестиция тартылды және 8 жұмыс орны ашылды.

Амангелді ауылында құны 280 млн теңгені құрайтын, 300 және 100 орындық залдары бар жаңа тойхана құрылысы жүріп жатыр. Жоба 2026 жылдың наурызында аяқталады деп күтіліп, іске қосылғаннан кейін 10 тұрақты жұмыс орны ұсынылады.

Егістік көлемі 177,9 мың гектарды құрады, оның 164 мың гектарына дәнді дақылдар егілді. Егін ору толық аяқталып, орташа өнімділік гектарына 12,5 центнерді құрады. Жалпы 195 мың тонна өнім жиналып, 8,1 мың тонна сафлор өндірілді.

Аудан орталығында 2021 жылдан бері салынып жатқан көпфункционалды туристік кешен – өңірдегі ең ірі жобалардың бірі. Жобаға 3,5 млрд теңге көлемінде инвестиция салынған. Кешеннің бірқатар нысандары – мемориал, «Бразилия» қонақ үйі, «Альгамбра» мейрамханасы, кіреберіс арка, «Ұлттық жады» тақтасы, «Пирамида», «Эйфель мұнарасы», этноауыл және «Бесік» нысандары іске қосылды. Қазір «Дешті қыпшақ» музейі мен «Тадж-Махал» ғимаратының құрылысы жүргізілуде. Кешен жылына 2,5–3,5 мың турист қабылдауды жоспарлап отыр. Биыл кешен аумағына 468 түп ағаш және 2 000 түп гүл егілді.

Аудан әкімі Қанат Кеделбаев атқарылып жатқан жобалар халықтың әл-ауқатын арттыруға, жаңа жұмыс орындарын ашуға, салық түсімдерін көбейтуге мүмкіндік беретінін атап өтті. Аудан билігі ауыл шаруашылығын әртараптандыру, инвестиция тарту, шағын және орта бизнесті қолдау, әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымды дамыту бағытындағы жұмыстарды жалғастырады.

Жоспарланған іс-шаралардың барлығы кешенді түрде жүзеге асырылып, ауданның тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуына ықпал етпек.

 Бақыт ТҰРАШ, суреттер Қостанай облысы әкімінің баспасөз қызметінен алынды