Қостанайдың жаңа бренді – Marriott

27 ноября 2025 9:07 • 270 просмотров

Тобыл қаласында Courtyard by Marriott қонақүйінің құрылысы басталды. Ол Мичурин ауылдық округінде, Үлкен көпірдің жанында орналасқан. Мердігерлер жер қазу жұмыстарын биылғы жазда-ақ бастаған, ал құрылысқа рұқсат қағазы 28 қазанда алынған.

Жоба тек қонақтарға емес, қала тұрғындарына да бағалы болады деп жоспарланып отыр. Айналадағы жерлерде серуендеу аймақтары, ойын аймақтары және өзен жағалауында демалыс орындары болады. Яғни тұрғындар қонақүйдің мейрамханаларын, кафелерін пайдалана алады – бұл қоғамдық кеңістік ретінде де қызмет етеді.

— Бұл республикада салынып жатқан алғашқы Courtyard by Marriott қонақүйі. Біз барлық техникалық мәселелерді келісіп, құжаттама мемлекеттік сараптамадан және Marriott International желісінің алдын ала келісуінен өтті. Қазір іргетас плитасын орнату жұмыстары жүріп жатыр, – деді Forward Consulting LTD басқарушы серіктесі Алексей Лукаш. – Құрылыс 20 айға созылады, кешен алғашқы қонақтарды 2027 жылдың қыркүйегінде қабылдайды деп жоспарлап отырмыз.

Marriott International өз қонақүйлері үшін халқы 600 мыңнан асатын қалаларды таңдайды, ал Қостанай бұдан әлдеқайда кіші. Бірақ оның белсенді дамуы қаланың дұрыс бағытта келе жатқанын көрсетеді. Бұл қонақүй өңірдің визит картасына айналады.

Кешеннің жалпы ауданы 15,5 мың шаршы метрді құрайды. Онда жеті санат бойынша 142 номер, 600 орындық конференц-зал, SPA-салон, фитнес-зал және екі тақырыптық мейрамхана болады. Тоғызыншы қабатта Қостанай мен Тобылдың панорамалық көрінісі бар sky bar орналастырылады. Қонақүй төрт жұлдызды болады және 120–150 жұмыс орнын қамтамасыз етеді, қызметкерлер жергілікті тұрғындар арасынан іріктеліп, оқытылады. Бұл өңірдің еңбек нарығына да оң әсері болуы мүмкін – жастарды, студенттерді немесе жергілікті тұрғындарды жұмысқа тартуға мүмкіндік береді.

Құрылыс нысанына Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов барды.

— Бұл жоба өте қажет, себебі Қостанайға келетін адамдар саны артып келеді. Биыл біздің әуежай арқылы шамамен 480 мың адам өтеді, бұл өткен жылмен салыстырғанда 25% көп, – деді өңір басшысы Құмар Ақсақалов. – Кей күндері Астанаға 4 рейс жасалады, Алматыға – дерлік күн сайын. Ұшу географиясын кеңейтіп жатырмыз, әуежайды ұлғайту жоспарымызда бар. Қостанайға келетін барлық инвесторлар қонақүйлердің жетіспейтінін айтады, жаңаларына өткір қажеттілік бар. Келесі көктемде 140 орындық тағы бір Novotel қонақүйінің құрылысы басталады – құжаттар дайын, сараптама жүргізілген. Алайда осы жаңа қонақүйлердің өзі жеткіліксіз болады, өйткені іскерлік белсенділік артып, жаңа өндірістер ашылып, шағын және орта бизнес дамып келеді.

Құрылыс барысында тәуелсіз бақылау жүргізілуде, мысалы, Мәскеуден келген Core Consulting компаниясы құрылыс сапасын тексеруде. Бұл сапа мен стандарттың жоғары деңгейде болуын қамтамасыз етуге бағытталған қадам.

Marriott International елімізге жиі келе бермейтін инвесторлар үшін «сенім белгісі. Қостанай нарығы бірден халықаралық картаға түседі. Қалада туризм стандарты жоғарылайды.

Бақыт ТҰРАШ, суреттер Қостанай облысы әкімінің баспасөз қызметінен алынды