Ағымдағы жылдың 8–9 желтоқсан күндері Қостанайда Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына арналған I Республикалық Студенттік Ассамблеялар форумының пленарлық отырысы өткізілді.
Оған Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов, Қазақстан халқы Ассамблеясының төрағасының орынбасары Марат Әзілханов, Білім және ғылым министрлігі, Білім министрлігінің өкілдері, «Ассамблея жастары» ұйымының жетекшілері, елдегі жоғары оқу орындары мен колледждердегі студенттік ассамблеялардың басшылары қатысты.
Форум студенттік қауымдастық үшін тәжірибе алмасу, жаңа мүмкіндіктерді дамыту және студенттік ортадағы бірлік пен келісімді нығайту алаңы болды.
«Мемлекет басшысы атап өткендей, еліміздің болашағы – дарынды әрі патриот жастардың қолында. Бүгінде қоғамның бірлігін нығайтуда жастардың орны өте маңызды. Қостанай облысында 200 мыңнан астам жас өмір сүріп келеді. Бұл облыс халқының жалпы санының 26%-ін құрайды. Жастарамыз 6 жоғары оқу орнында және Ішкі істер министрлігінің Академиясындабілім алады. Биыл өңірдің жоғары оқу орындарында 20 мыңға жуық студент білім алуда, соның ішінде 25%-і білім гранты негізінде оқиды. Сонымен қатар 33 техникалық және кәсіптік білім ұйымдарында
22 мыңға жуық студент білім алуда, оның ішінде 90%-і грант иегерлері. Қостанай облысы ұзақ уақыт бойы аграрлық аймақ ретінде танылып келгенімен, бүгінде өңір елдің маңызды индустриялық және логистикалық орталығына айналып келеді. Жоғары оқу орындары мен колледждердің түлектері үшін жаңа өндірістер, жұмыс орындары ашылып, өңір жас әрі білікті мамандар үшін аса тартымды болып отыр», – деді Құмар Ақсақалов.
Сондай-ақ, облыс әкімі өңірдің экономикалық дамуы төрт негізгі бағытқа жіктелгенін айтты. Яғни, машина жасау, қара металлургия, көлік-логистика инфрақұрылымы және ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу саласы. Соңғы жылдары облыста ұлттық деңгейдегі ауқымды жобалар іске қосылды. Солардың бірі – жүк көліктеріне арналған қозғалтқыш блоктары мен цилиндр басын өндіретін жаңа KamLitKZ шойын құю зауыты. Сонымен бірге ауыр техникаға арналған жетекші осьтер шығаратын зауыт та іске қосуға дайын.
«Қостанайдың ерекше мақтаныштарының бірі – толық цикл бойынша жұмыс істейтін, жоғары технологиялы KIA автозауыты. Мұнда 1500 жаңа жұмыс орны ашылды. Зауыт халықаралық стандарттарға толық сәйкес келеді. Металлургия саласында да тарихи жоба жүзеге асуда – ыстық брикеттелген темір өндіретін зауыттың құрылысы басталды. Инвестиция көлемі 1,3 млрд доллар, ал құрылыс толық аяқталғанда 1000 жұмыс орны ашылады. Кәсіпорын әлемге танымал «Midrex» технологиясын қолданбақ. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, өңірде кәсіби кадр даярлау жүйесін күшейтуге ерекше көңіл бөлінуде. Қостанай өңірлік университеті биыл Оңтүстік Кореяның Dong-Eui университетімен бірлесіп, «Автомобиль өнеркәсібі инжинирингі» атты жаңа білім беру бағдарламасын іске қосты. Ал Миннесота университетімен бірге «Ақпараттық технологиялар» мамандығы бойынша қос диплом беру бағдарламасы жүзеге асуда. Қазіргі таңда жаңа өндірістердегі қызметкерлердің 55–70 пайызын 35 жасқа дейінгі жастар. Бұл көрсеткіш жыл сайын артып келеді», – деді өңір басшысы.
Қазіргі таңда Қазақстанда университеттер мен колледждерде 100-ден астам студенттік ассамблея құрылып, олар «Ассамблея жастары» ұйымының белсенді мүшелері ретінде жастардың болашақ көшбасшыларын қалыптастыруға үлес қосуда.
Қостанай облысында жастарға жан-жақты қолдау көрсетілуде: олардың дамуы үшін нақты жағдайлар жасалуда.
Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында соңғы үш жылда өңірде 27 білім нысаны, 35 спорт нысаны, 37 денсаулық сақтау объектісі, 6 мәдениет нысаны салынды, 4 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылып, 15 мың пәтер пайдалануға берілді.
Жастарды қолдау мақсатында жеңілдетілген тұрғын үй бағдарламалары іске асырылуда. 2022 жылдан бері «Қостанай жастары» бағдарламасы жүзеге асырылып, оған шамамен 6 млрд теңге бөлінді – нәтижесінде 344 жас отбасына баспана берілді. Биыл Отбасы банк 1 млрд теңге көлемінде жеңілдетілген несиелерді беруді жалғастырады.
Жастарға қосымша білім беру машина жасау, металлургия және тау-кен ісі, экономика және құрылыс, энергетика және ақпараттық жүйелер бойынша ашық жоғары мектептер арқылы жүзеге асырылуда. Қазір жаңа өндірістерде 55–70%-ы 35 жасқа дейінгі жастар, ал бұл көрсеткіш алдағы уақытта арта береді.
Жиында сөз алған Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі ҚХА хатшылығының меңгерушісі Марат
Әзілханов, Студенттік Ассамблеялар институтының құрылуы – жастарды ұлттық бірлік идеологиясына жұмылдыратын, белсенді азаматтық ұстанымды қалыптастыратын жаңа қадам деген баға берді.
«Ең қуантарлығы – былтыр ғана іске қосылған бұл бастама небәрі бір жылдың ішінде қарқынды дамып, Студенттік Ассамблеялардың саны 100-гежетті. Бұл – жастардың бірлікке деген ұмтылысының, елдік мүддеге адалдықтың жарқын көрінісі. Студенттік Ассамблеялар – Ассамблеяның жоғары және кәсіптік орта оқу орындарындағы өкілдігі ретінде, жастарды қоғамдық келісім мен азаматтық бірегейлік айналасына топтастыратын маңызды институт. Оның негізгі миссиясы – жастарды этносаралық келісім құндылықтары төңірегінде біріктіру, мемлекеттік тілді меңгеруді қолдау, волонтерлікті және медиацияны дамыту, студенттердің әлеуметтік-маңызды бастамаларына серпін беру.
Бұл құрылымдар қысқа уақыт ішінде оқу орындарының ішкі өміріне ғана емес, өңірлік Ассамблеялардың жұмыс жүйесіне де жаңа серпін берді. Жас буынның белсенділігі мен жауапкершілігі Ассамблеяның жалпы қызметін жаңғыртатын қуатты ресурсқа айналып келеді», – деді Марат Әзілханов.
Келелі басқосу соңында Қостанай облысының Студенттік Ассамблеяларына сертификаттар табысталды. Сондай-ақ, Қазақстан Халқы Ассамблеясының Алғыс хаттарымен ұйымның дамуына үлес қосқан азаматтар марапатталды.
Қостанайдағы I Республикалық Студенттік Ассамблеялар форумы қатысушыларға құнды тәжірибе, жаңа білім және студенттік қауымдастықта алдағы жұмыстарға мотивация берді, сондай-ақ бүкіл ел бойынша студенттік өзін-өзі басқаруды нығайтуға серпін берді.
Бақыт ТҰРАШ, суреттер Қостанай облысы әкімінің баспасөз қызметінен алынды