«10-AIMAQ» сараптамалық сессиясы

18 декабря 2025 8:23 • 274 просмотров

Қостанай қаласында өңірдің жаңартылған даму стратегиясын қалыптастыруға арналған ұсыныстарды әртүрлі саланың мамандары ұсынған «10-AIMAQ» атты ауқымды сараптамалық сессия өтті. Бұл туралы облыстық әкімдік хабарлады. Ведомство мәліметінше, талқылау Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арналған соңғы Жолдауында белгіленген міндеттер аясында өтті. Онда инфрақұрылымды жаңғыртуға, экономиканы әртараптандыруға, өмір сапасын арттыруға және инновацияларды енгізуге ерекше назар аударылған.

Алаң жұмысына мемлекеттік органдардың, бизнестің, аграрлық сектордың, ғылымның және азаматтық қоғам институттарының өкілдері қатысты. Олар Қостанай облысында мемлекеттік өңірлік саясаттың басымдықтарын іске асырудың нақты қадамдарын қарастырып, өңірдің экономикалық әлеуетін бағалап, болашақ өсімнің негізгі бағыттарын айқындады. Кездесудің модераторы, «Талап» қолданбалы зерттеулер орталығының директоры Рахым Ошақбаев талқылауды аша отырып, мемлекет, қоғам және сарапшылар қауымдастығы арасындағы кәсіби диалогтың маңыздылығын атап өтті. Оның айтуынша, Қостанай облысы өңірдің өз әлеуетін қайта ойластырып, дамудың жаңа моделін қалыптастыра алатынына нақты мысал көрсетіп отыр.

«Экономист ретінде менің ойымша, Қостанай облысы Қазақстанның барлық өңірлерінің ішінде айқын ерекшеленеді. КСРО ыдырағаннан кейінгі соңғы 30 жылда өңір өзін қайта жаңғыртып, мүлде жаңа сапада қалыптасты. Бұрын облыс негізінен бидайға тәуелді, аграрлық өңір ретінде қабылданса, бүгінде автокөлік өнеркәсібі мен машина жасау саласының ауқымды дамуын көріп отырмыз. Көлік, логистика, тау-кен және металлургия комбинаттарына қатысты ірі жобалар алда тұр. Облыс уақытпен қатар қадам басып қана қоймай, оны айтарлықтай озып келеді. Қостанай облысының тәжірибесі бүкіл Қазақстанды шабыттандыруы тиіс, себебі өңірдің жолы шынымен де бірегей», – деді Рахым Ошақбаев.

Салалық мәселелерге көшкенде сөз облыстық мәслихат депутаты Серік Манасбаевқа берілді. Ол өңірдің бүгінде шикізаттық модельден білімге негізделген экономикаға бет алғанын атап өтті. Оның айтуынша, аграрлық секторды цифрландыру, жол және коммуникациялық инфрақұрылымды жаңарту, сондай-ақ білім беру мен медицинадағы сапалы өзгерістер жаңа өсімнің негізгі факторларына айналуда.

Экономикалық әлеует тақырыбын жалғастырған PhD докторы Дархан Ахметов өнеркәсіп секторының маңыздылығына тоқталды. Ол Қостанай облысының жоғары технологиялы металлургия мен машина жасау орталығы ретінде қалыптасып келе жатқанын атап өтіп, бұл индустриялық дамуға жаңа мүмкіндіктер ашатынын айтты. Әлеуметтік тұрақтылық пен азаматтық қоғамның рөлі мәселесін облыстық Қоғамдық кеңестің төрағасы Серік Бектұрғанов көтерді. Ол халықпен уақтылы коммуникация жүргізу, сондай-ақ инфрақұрылымдық және әлеуметтік жобаларды іске асыру тұрақты қоғамдық ахуалды қалыптастыратынын атап өтті.

Сарапшылардың назары цифрландыру мәселелеріне де ауды. Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетінің Smart-орталығының жетекшісі Гүлмира Дамбаулова Smart-технологиялар мен жасанды интеллект элементтері саласындағы жобаларды таныстырды. Оның айтуынша, екі жыл ішінде Qostanai Hub IT-стартаптарды дамыту және өңірдің цифрлық экономикасы үшін жаңа кадрлар даярлаудың маңызды алаңына айналды.

Астана мен Алматыдан келген сарапшылар әріптестерінің бағасын қолдап, негізгі салалардағы тұрақты өсім қарқынын атап өтті. Экономист Расул Рысмамбетов машина жасау мен автокөлік өнеркәсібіндегі жетістіктерді ерекше атап, Қостанай облысының елдің маңызды көлік-логистикалық тораптарының біріне айналып келе жатқанын айтты.

«Стратегия» қорының президенті Гүлмира Ілеуова қоғамдық институттардың белсенділігі мен олардың мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылы әлеуметтік тұрақтылықты сақтаудың маңызды факторы екенін қосты. Саясаттанушылар Талғат Қалиев, Эдуард Полетаев және Андрей Чеботарев те өңірдің инновациялық және өнеркәсіптік әлеуетін нығайту бағытында жүйелі қадамдар жасап отырғанын атап өтті.

«Агроөнеркәсіптік кешен басым бағыт болып қала береді, ал жері құнарлы, адами капиталы жоғары Қостанай облысы барлық өзгерістердің алдыңғы шебінде бола алады», – деп пікір білдірді «Еуразия әлемі» қоғамдық қорының жетекшісі Эдуард Полетаев. «Соңғы үш жылда өңірдегі өзгерістер тағдыршешті сипатқа ие болды. Геосаяси тұрақсыздыққа, капитал мен инвестиция тартудағы қиындықтарға қарамастан, облыс сенімді дамуды көрсетіп отыр: зауыттар мен кәсіпорындар салынуда, инвестициялар тартылуда, ал даму перспективалары 2030 жылға дейін айқын көрінеді».

Сарапшылар өңірдің қайта өңдеу өнеркәсібін дамытуға ерекше назар аударды. Атап айтқанда, ет-сүт және кондитерлік өнімдер жоғары сапасымен ерекшеленіп, республикалық деңгейде мойындалуға лайық. Қостанайлық кәсіпорындар Алматы қаласында және басқа да өңірлерде өз өкілдіктерін ашып, өңір брендин нығайтып келеді. Әкімдікте агроөнеркәсіптік кешеннің басым бағыт болып қала беретінін және бай жер ресурстары мен жоғары адами капиталдың Қостанай облысына барлық өзгерістердің алдыңғы қатарында болуға мүмкіндік беретінін атап өтті.

Талқылау қорытындысында қатысушылар өңірлік бағдарламалар мен стратегиялық құжаттарды жетілдіру бойынша өз ұсыныстарын ұсынды. Алаң жұмысының нәтижелері кәсіби қауымдастықтың жоғары деңгейдегі белсенділігін көрсетіп, Қостанай облысының цифрлық трансформация, инновациялар және адами капиталды дамыту бағытын нық ұстанатынын растады.

Бақыт ТҰРАШ, суреттер Қостанай облысы әкімінің баспасөз қызметінен алынды