Алғашқы күн электр станциясы іске қосылды

18 декабря 2025 8:27 • 290 просмотров

Қостанай облысында өңірдің энергетикалық дамуы үшін тарихи оқиға орын алды – қуаты 22,6 МВт болатын облыстағы алғашқы күн электр станциясы іске қосылды. Бұл жоба Мемлекет басшысының жаңартылатын энергетиканы дамыту және Қазақстанның энергожүйесіндегі «жасыл» генерация үлесін арттыру жөніндегі тапсырмасы аясында жүзеге асырылды.

Қазіргі таңда облыста баламалы энергия көздерін енгізу бойынша жалпы құны 560 млрд теңгені құрайтын 6 ірі инвестициялық жоба іске асырылуда. Оның ішінде төрт жел электр станциясы, бір күн және бір газ-поршеньді электр станциясы бар. Аталған нысандар пайдалануға берілгеннен кейін облыстың меншікті электр энергиясын өндіру көлемі 10 есеге артып, 0,12 ГВт-тан 1,2 ГВт-қа дейін өсіп, өңірдің электр энергиясына деген сұранысы толық қамтамасыз етіледі.

Нысанның салтанатты ашылуына Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов қатысып, бұл жобаның өңір үшін маңыздылығын атап өтті:

«Аталған электр станцияларының іске қосылуы энергия ресурстарының тапшылығын едәуір қысқартып, жаңа инвестицияларды тартуға және ірі жобаларды жүзеге асыруға қолайлы жағдай жасайды. Жасыл энергетика – өңіріміздің жаңаруының, инновациялардың және болашақ алдындағы жауапкершіліктің символы», – деді облыс басшысы.

Жаңа станция жоғары тиімділікке ие заманауи күн панельдерімен жабдықталған және Қостанай облысындағы алғашқы күн электр станциясы болып табылады. Жоба өңір үшін маңызды инвестицияға айналды – оны іске асыруға 7,2 млрд теңге көлемінде қаражат салынды.

«Біз өндірістің қоршаған ортаға әсерін барынша азайтып, сонымен қатар энергия тиімділігін арттыруды көздейміз. Жаңа күн электр станциясы бізге осындай мүмкіндік беріп отыр. Бұл – Қостанай облысының дамуына қосқан кезекті үлесіміз әрі жауапты өндірістің инновациялық бола алатынының айқын мысалы», – деді Solidcore Resources компаниясының бас атқарушы директоры Виталий Несис.

Қазіргі уақытта жергілікті электр энергиясының 37%-ын Арқалық қаласы мен Қостанай ауданында орналасқан екі жұмыс істеп тұрған жел электр станциясы қамтамасыз етіп отыр.

«Біздің мақсатымыз – электр энергиясын өндіру көлемін арттыру ғана емес, сонымен қатар өңірдің алдағы ондаған жылдар бойы дамуын қамтамасыз ететін тұрақты әрі экологиялық таза энергожүйе қалыптастыру», – деп атап өтті облыс әкімі.

Ағымдағы жылдың қазан айында қуаты 40 МВт болатын, құны 14,3 млрд теңгені құрайтын газ-поршеньді электр станциясының құрылысы басталды.

Жаңартылатын энергетика нысандарының іске қосылуы энергия тапшылығын азайтып қана қоймай, инвестиция тартуға және өнеркәсіптің дамуына қолайлы жағдай жасайды.

Қостанай облысындағы алғашқы күн электр станциясы өңірдің инновациялық дамуының, технологиялық жаңғыруының және болашақ алдындағы жауапкершіліктің символына айналып отыр.

Бақыт ТҰРАШ, суреттер Қостанай облысы әкімінің баспасөз қызметінен алынды