Денисов ауданында жаңа балабақша ашылды

18 декабря 2025 8:25 • 276 просмотров

Қостанай облысы Денисов ауданының Фрунзенское ауылында заманауи жаңа балабақша салтанатты түрде ашылып, өз есігін айқара ашты. Бұл маңызды әлеуметтік нысан ауыл тұрғындары үшін көптен күткен қуанышты оқиғаға айналды.

Аталған жоба Мемлекет басшысының мектепке дейінгі білім беру саласын дамыту, балабақшалар желісін кеңейту және балаларды сапалы біліммен қамту жөніндегі тапсырмалары аясында жүзеге асырылды. Жобаның басты мақсаты – әрбір баланың тұрғылықты жеріне қарамастан, мектепке дейінгі сапалы тәрбие мен білім алуға тең қолжетімділігін қамтамасыз ету.

Атадмыш ауылға өңір басшысы Құмар Ақсақалов ат басын бұрды. Ол балабақшаның ашылу салтанатына қатысты.

— Баршаңызды келе жатқан Тәуелсіздік күнімен шын жүректен құттықтаймын! Мемлекеттік саясаттың негізгі басымдықтарының бірі – әрбір баланың сапалы мектепке дейінгі тәрбие мен білім алу құқығын қамтамасыз ету. Мемлекет басшысы білім беру саласын дамыту және мектептер мен балабақшалар желісін кеңейту жөнінде маңызды міндеттер қойып отыр. Айта кету керек, білім беру саласын қаржыландыру жыл сайын артып келеді. Ағымдағы жылы бұл салаға 217 млрд теңге бағытталды, бұл 2023 жылмен салыстырғанда 23 пайызға артық. Соңғы екі жылда бір балаға жұмсалатын шығындар 35 пайызға өсті. Соның ішінде мектепке дейінгі білім беру саласында шығындар 1,7 есеге артып, 557 мың теңгеден 955 мың теңгеге дейін ұлғайды. Облыста 467 мектепке дейінгі ұйым жұмыс істейді, оларда 28 мыңнан астам бала тәрбиеленуде.

3–6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен қамту 100 пайызға жетті, яғни бұл мәселе толық шешілді. 2 жастан бастап кезектілікті азайту бойынша жоспарлы жұмыс жүргізілуде, қамту деңгейі 96,3 пайызды құрап отыр. Соңғы 3 жылда облыста 27 білім беру нысаны салынды және қайта жаңғыртылды, оның ішінде 14 балабақша бар. Бүгін Фрунзенское ауылында күрделі жөндеуден өткен балабақша өз есігін айқара ашып отыр. Оның жөндеу жұмыстарына 440 млн теңгеге жуық қаражат бағытталды. Инженерлік желілер толық ауыстырылып, жаңа терезе және есік блоктары орнатылды, заманауи желдету мен жарықтандыру жүйелері енгізілді, шатыр жаңартылып, іргелес аумақ абаттандырылды. Балабақша 65 балаға есептелген және 3 топтан тұрады. Оның бір тобы мемлекеттік тілде білім беру және тәрбиелеу бағытында жұмыс істейді. Балабақшада балалардың жан-жақты дамуына барлық қолайлы жағдай жасалған. Заманауи оқу бөлмелері, ойын алаңдары, демалыс аймақтары және шығармашылық орталықтар қарастырылған.Балабақшаның ашылуымен аудан бойынша кезек 42 балаға немесе 75 пайызға қысқарды. Сонымен қатар тәрбиешілер, мектепке дейінгі білім беру педагогтары және басқа да қызметкерлер үшін 22 жаңа жұмыс орны ашылды, – деді өз сөзінде Құмар Ақсақалов.

Балабақша – бұл ауылдың әлеуметтік инфрақұрылымына қосылған маңызды үлес. Ең бастысы, балалар сапалы мектепке дейінгі тәрбие мен білімді өз ауылында, жаяу қолжетімді жерде алатын болады.

Бүгінгі таңда Денисов ауданында 22 мектепке дейінгі ұйым жұмыс істейді, оларда шамамен 500 бала қамтылған. Жаңа балабақшаның іске қосылуы аудан бойынша мектепке дейінгі ұйымдарға кезекті айтарлықтай қысқартуға мүмкіндік берді. Қазіргі уақытта кезекте 56 бала тұр, оның ішінде 33-і 2–6 жас аралығында.

Айта кету керек, Қостанай облысында мектепке дейінгі білім беру саласында жүйелі жұмыс жүргізіліп келеді. Бүгінде өңір бойынша 3 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен қамту мәселесі толық шешіліп, бұл көрсеткіш 100 пайызға жетті. Ал 2 жастан бастап қамту деңгейі 96,3 пайызды құрап отыр.

Соңғы үш жыл ішінде облыста барлығы 27 білім беру нысаны пайдалануға берілді. Оның ішінде 14 балабақша іске қосылып, өңірдің білім беру инфрақұрылымы едәуір нығайды. Бұл көрсеткіштер мемлекет тарапынан білім саласына көрсетіліп отырған тұрақты қолдаудың және өңірде жүргізіліп жатқан әлеуметтік саясаттың нақты нәтижесін көрсетеді.

Жаңа балабақша балалардың қауіпсіздігі мен жан-жақты дамуына қажетті барлық заманауи талаптарға сай жабдықталған. Мұнда тәрбиеленушілер үшін жайлы топ бөлмелері, ойын және демалыс аймақтары, сондай-ақ білікті педагогтар жұмыс істейтін болады.

Фрунзенское ауылында ашылған балабақша – өңірдегі мектепке дейінгі білім беру жүйесін дамыту жолындағы тағы бір маңызды қадам. Ол болашақ ұрпақтың сапалы білім алып, жан-жақты қалыптасуына берік негіз қалайды.

Бақыт ТҰРАШ, суреттер Қостанай облысы әкімінің баспасөз қызметінен алынды