Өңірдің даму бағыты айқындалды

25 декабря 2025 8:38 • 678 просмотров

Орталық коммуникациялар қызметінде Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындыларын шығарып, облыстың жаңа экономикасын қалыптастыратын негізгі бағыттарды айқындады.

Негізгі назарда – машина жасау, қара металлургия, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу және логистика. Өңір басшысының айтуынша, дәл осы бағыттар бойынша Қостанай облысы бүгінде елдің индустриялық көшбасшыларының бірі ретіндегі мәртебесін нығайтып келеді. Құмар Ақсақаловтың атап өтуінше, Қостанай облысы Қазақстанның машина жасау орталығына сенімді түрде айналуда. Бұл саладағы республикалық өндіріс көлемінің 25 пайыздан астамы өңірдің үлесіне тиесілі, яғни 1,2 триллион теңгеден асады.

«Мұндай нәтижеге ауқымды инвестициялық жобалар мен кәсіпорындарды технологиялық жаңғырту арқасында қол жеткізілді. Өңірде жаңа автокөлік өндірісі іске қосылды, ол 1,5 мың адамды жұмыспен қамтып, облыстың автөнеркәсіптегі көшбасшылығын сақтауға мүмкіндік береді», – деді өңір басшысы.

Негізгі драйверлердің бірі ретінде жаңа кореялық автоконцерннің іске қосылуы аталды. Бар-жоғы бір жарым жылда жүзеге асқан бұл стратегиялық жоба 1,5 мың жұмыс орнын құрып, облыстың автөнеркәсіптегі жетекші орнын нығайтады.

Сонымен қатар, автокомпоненттер өндірісі де қатар дамып келеді: жетекші көпірлер мен жеңіл автокөліктерге арналған бөлшектер шығару жобалары іске қосылды және жүзеге асырылуда. Жалпы алғанда, бұл мыңдаған жұмыс орны мен жүздеген миллиард теңге инвестицияны білдіреді. Облыс әкімі экономикалық өсудің басты қозғаушы күштерінің бірі ретінде қара металлургияны атап өтті. Рудный қаласында саладағы ең ауқымды капиталсыйымды жобалардың бірі – ыстық брикеттелген темір өндіретін зауыттың құрылысы басталды. Алғашқы кезеңде инвестиция көлемі 655 миллиард теңгені құрайды, мыңнан астам жұмыс орны ашылады.

Жоба аясында дәстүрлі металлургиялық үдерістермен салыстырғанда қоршаған ортаға әсерді едәуір азайтатын заманауи, экологиялық таза технология қолданылатыны ерекше атап өтілді.

Бұдан бөлек, Лисаковск қаласында темір рудасы қалдықтарын қайта өңдеу жобалары іске қосылуда. Бұл жаңа экономикалық тиімділікпен қатар өңірдің экологиялық тұрақтылығына да үлес қосады.

«Агроөнеркәсіптік кешен өңір экономикасының тіректерінің бірі болып қала береді. 2025 жылы АӨК-ті мемлекеттік қолдау көлемі 207 миллиард теңгеге жетті. Бұл 7 миллион тоннадан астам астық жинауға мүмкіндік берді және жыл қорытындысы бойынша саланың жалпы өнімін 1 триллион теңгеге дейін жеткізуге жағдай жасайды», – деді Құмар Ақсақалов.

Ол басты назарды терең өңдеуге аударды. Облыста халықаралық және отандық инвесторлардың қатысуымен астықты терең өңдеуге бағытталған ірі жобалар жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, сингапурлық компания қуаттылығы 800 мың тонна болатын зауытқа 128,5 миллиард теңге инвестиция салуда. Сонымен қатар, тағы бір отандық жоба жылына қосымша 415 мың тонна астықты өңдеп, ішкі және сыртқы нарықта сұранысқа ие жоғары қосылған құны бар өнімдер – биоэтанол, лизин және глютен өндіруге мүмкіндік береді.

Тамақ өнеркәсібі де дамып келеді: жаңа кондитерлік фабриканың құрылысы жүріп жатыр, бұл өңірдің өнім ассортименті мен экспорттық әлеуетін кеңейтеді. Әкімнің айтуынша, міндет қарапайым әрі қағидатты: облыста өндірілген өнімнің барлығы осы өңірдің өзінде өңделуі тиіс.

Төртінші стратегиялық бағыт – логистика. Қостанай облысы елдің орталығы, батысы және солтүстігі арасындағы, сондай-ақ Ресей Федерациясына шығатын негізгі транзиттік торап ретіндегі рөлін қалыптастыруда.

Облыс орталығында жылына 400 мың контейнерге дейін өткізу қабілеті бар «Тобыл» халықаралық көлік-логистикалық кешені салынуда. Оның іске қосылуы жүк тасымалы көлемін 20 пайызға арттырады.

Арқалық қаласының логистикалық хаб ретінде дамуы да ерекше маңызға ие. Мұнда бірқатар инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылуда: әуежай құрылысы, «Орталық – Батыс» стратегиялық дәлізін іске қосу және Торғай арқылы өтетін бағыттарды дамыту.

«Бүгінде облыстан тысқары шығатын барлық автожолдар нормативтік жағдайға келтірілді – Ақтөбе, Солтүстік Қазақстан облысы, Көкшетау бағыттарында. Қарабалық ауданы арқылы Ресей Федерациясына тұрақты шығу қамтамасыз етілді, сондай-ақ елдің оңтүстік өңірлерімен тікелей байланыс бар», – деп толықтырды облыс әкімі.

Инвестициялық белсенділікке де ерекше назар аударылды. 2025 жылы негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 556,4 миллиард теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 7,8 пайызға өсті. Соңғы үш жылда тікелей шетелдік инвестициялар көлемі 1,5 миллиард АҚШ долларына жуықтады. Бұл, оның айтуынша, инвесторлардың сенімін және өңірдің экономикалық бағытының тұрақтылығын дәлелдейді.

Әкімнің сөзінше, жылдың 11 айының қорытындысы бойынша өңірде экономиканың барлық секторларында тұрақты өсім қамтамасыз етілді. 24 мыңнан астам жұмыс орны құрылды, жұмыспен қамтудың артуы есебінен әлеуметтік қолдауға тәуелділік төмендеуде, ал экономикалық өсім Мемлекет басшысы белгілеген көрсеткіштерден асып түсті.

«Біз қол жеткізген нәтижелермен тоқтап қалмаймыз және Мемлекет басшысының тапсырмалары мен облыс тұрғындарының сұраныстарын ескере отырып, қойылған міндеттерді жүйелі түрде жүзеге асырамыз», – деп атап өтті Құмар Ақсақалов брифингті қорытындылай келе.

Оның айтуынша, Қостанай облысы бүгінде тек аграрлық өңір ғана емес, Қазақстанның жаңа экономикалық картасын қалыптастырып отырған қуатты индустриялық-логистикалық орталыққа айналды.

Бақыт ТҰРАШ, суреттер Қостанай облысы әкімінің баспасөз қызметінен алынды