Ауызсу сапасы артты

15 января 2026 8:04 • 282 просмотров

Қостанайда ауқымды қайта жаңғыртудан кейін «Қостанай Су» ­МКК-ның тәулігіне 50 мың текше метр су тазартуға қауқарлы жаңа су тазарту құрылыстарының блогы пайдалануға берілді.

Қостанай облысы әкімдігінің хабарлауынша, станцияның бірінші кезегін іске қосу арқылы оның жалпы өнімділігі тәулігіне 100 мың текше метрге жетіп, бұл облыс орталығы тұрғындары үшін ауызсудың сапасын едәуір жақсартуға мүмкіндік береді.*

Жобаға 7,2 млрд теңге бағытталған. Технологиялық процестерді автоматтандырылған басқару жүйесін енгізу тазарту тиімділігін арттырып, жабдықтардың жұмысын оңтайландыруға жол ашты. Ведомство дерегінше, аталған шаралардың нәтижесінде Қостанай қаласының 276 мыңнан астам тұрғыны үшін ауызсудың сапасы жақсарды, бұл жаңғыртудың нақты әлеуметтік нәтижесіне айналды.

Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов жобаның қала мен өңір үшін маңыздылығын атап өтті:

«Бүгін біз тәулігіне 100 мың текше метр қуатпен жұмыс істейтін станцияның бірінші кезегін іске қосып отырмыз. Бұл – тұрғындардың денсаулығы мен тұрмыс сапасына тікелей әсер ететін аса ауқымды әрі маңызды жұмыс», – деді өңір басшысы атқарылған іске үлес қосқан барлық қатысушыларға алғысын білдіріп.

Мемлекеттің стратегиялық міндеттерінің бірі – халықтысапалы ауызсумен қамтамасыз ету.

«Мемлекет басшысы халықты 100 пайыз қауіпсіз әрі сапалы ауызсумен қамтамасыз ету жөнінде нақты стратегиялық міндет қойды. Осы басым бағыт аясында облыста су инфрақұрылымын ауқымды жаңғырту жұмыстары жүргізілуде: су тазарту, сумен жабдықтау және су бұру жүйелері қайта жаңартылып, жаңадан салынуда», – деп атап өтті облыс әкімдігінде.

Қостанай облысында жалпы құны 20,1 млрд теңгені құрайтын бес ірі жоба іске асырылуда. Олар Қостанай қаласындағы су тазарту құрылыстарын қалпына келтіру (2 жоба), сондай-ақ Рудный, Жітіқара қалалары мен Майлин ауданындағы нысандарды қамтиды.

Ведомствоның мәліметінше, осы міндетті орындау үшін облыс билігі 44 елді мекенде сумен жабдықтау жүйелерін салу, қалпына келтіру және жаңғырту жұмыстарын кезең-кезеңімен жүргізді. Нысандардың басым бөлігі пайдалануға берілді және осының нәтижесінде жыл соңына дейін ауыл халқын сапалы ауызсумен қамту деңгейі 100 пайызға жетеді.

Қазіргі уақытта тек Қарасу ауданындағы бір жоба ғана аяқталмай тұр, оны жыл соңына дейін іске қосу жоспарланған. Оның пайдалануға берілуі облыс аумағында Президент тапсырмасын толық орындаудың соңғы кезеңі болмақ.

Облыс әкімі бұл жұмыстың ауыл тұрғындары үшін маңызын ерекше атап өтті:

«Бұл жобалардың әлеуметтік маңызы өте зор. Олардың арқасында облыстың ауыл тұрғындары қауіпсіз әрі сапалы ауызсуға тұрақты қол жеткізеді», – деді Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов.

Облыс әкімдігінде сондай-ақ Мемлекет басшысының тапсырмасы жүйелі түрде іске асырылып жатқанын, оның Қостанай облысының барлық аудандарын қамтып, қала мен ауыл тұрғындарына сапалы суға тең қолжетімділікті қамтамасыз ететінін атап өтті. Бұл өз кезегінде халықтың жайлылығы мен денсаулығына тікелей әсер етеді.

Бақыт ТҰРАШ, суреттер Қостанай облысы әкімінің баспасөз қызметінен алынды