Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов Үкімет отырысында өңірдің өңдеу өнеркәсібін дамыту нәтижелері мен перспективалары туралы баяндама жасады. Оның айтуынша, облыс автоматтандыру, цифрландыру және экспортқа бағытталу бойынша жоғары стандарттары бар заманауи индустриялық орталықты сенімді түрде қалыптастырып келеді.
Ағымдағы жылдың қаңтар–қазан айлары аралығында Қостанай облысының өңдеу өнеркәсібі шамамен 2 трлн теңгенің өнімін өндірді, нақты көлем индексі 106,8 пайызды құрады. Машина жасау саласында өсім 22,6 пайызды, тамақ өнеркәсібінде – 13,7 пайызды, металлургияда – 42,6 пайызды көрсетті.
«Бүгінде Қостанай облысы өңдеу өнеркәсібінің негізгі секторларында тұрақты өсімді көрсетіп отыр. Өндірістерді жаңғырту мен жаңа технологияларды енгізудің нәтижесін көріп отырмыз, бұл өңір экономикасына айтарлықтай тиімді әсер беруде», – деп атап өтті облыс әкімі Құмар Ақсақалов.
33 жоба – өнеркәсіптік әлеуетті нығайтудың стратегиялық негізі. Қостанай облысында жалпы құны 2,3 трлн теңгені құрайтын 33 инвестициялық жобадан тұратын портфель қалыптастырылды. Оларды іске асыру 8,7 мың жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді.
Ағымдағы жылы 6 ірі жоба белсенді түрде жүзеге асырылуда. Олардың қатарында толық циклді автомобиль шығаратын зауыт пен автокомпоненттер өндіретін кәсіпорынның құрылысы бар.
Машина жасаудағы технологиялық жаңғырту артып келеді. Толық циклді зауыт 68 өнеркәсіптік роботпен жабдықталған, автоматтандыру деңгейі 60 пайызға жетеді. Сонымен қатар автокомпоненттер кластері де дамып келеді – тиісті зауыттың құрылысы аяқталу сатысында.
Бұдан бөлек, құю саласында тағы бір жоба іске қосуға дайындалуда, онда екі өндірістік нысан 49 өнеркәсіптік роботпен жабдықталған.
«Біз толыққанды машина жасау кластерін құрып жатырмыз. Бұл тек автомобиль шығару ғана емес, сонымен қатар бөлшектер, қосалқы компоненттер мен құйма бұйымдарын өндіру. Мұндай тәсіл бүкіл саланың орнықты дамуын қамтамасыз етеді», – деді өңір басшысы Құмар Ақсақалов.
Металлургия мен астықты қайта өңдеудегі жаңа ауқымды жобалар бастау алды. Өңірде бірқатар ірі индустриялық жобаларды іске асыру басталуда. Атап айтқанда:
— Midrex технологиясы негізінде ыстық брикеттелген темір өндіретін зауыттың құрылысы;
– заманауи цифрлық басқару жүйелерімен жабдықталған астықты терең өңдейтін екі кәсіпорын.
Әкімнің айтуынша, бұл жобалар жоғары қосылған құны бар өнім шығаруға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және облыстың экспорттық әлеуетін айтарлықтай нығайтуға мүмкіндік береді.
Соңғы екі жылда цифрлық шешімдерді қолданатын кәсіпорындардың үлесі екі есеге жуық өсіп, 34 пайызға жетті. Өңірдің ірі зауыттарында роботтандырылған желілер мен автоматтандырылған жүйелер белсенді түрде енгізілуде.
Атап айтқанда:
– жергілікті автозауытта өндірісте 24 робот жұмыс істейді, инвестиция көлемі – 37,3 млрд теңге;
— Қостанай кондитер фабрикасы сапаны бақылаудың толық цифрлық желілерімен жабдықталған «Кондитер астанасы» жобасын іске қосуда;
– тігін кәсіпорнында адамның қатысуынсыз тігін операцияларын орындауға мүмкіндік беретін технологиялар енгізілуде.
Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақаловтың айтуынша, өнеркәсіпті білікті кадрлармен қамтамасыз ету үшін өңірдің жоғары білім беру жүйесі жаңғыртылды. Шетелдік жоғары оқу орындарымен қос дипломды білім беру бағдарламалары ашылып, машина жасау, металлургия, тау-кен ісі, экономика, энергетика және ақпараттық жүйелер бойынша Жоғары мектептер, сондай-ақ жасанды интеллект кафедрасы құрылды.
«Заманауи өнеркәсіп жаңа форматтағы мамандарды – инженерлерді, IT-мамандарды, технологтарды талап етеді. Сондықтан біз білімге инвестиция салып, жоғары технологиялы экономика үшін сапалы кадр даярлау базасын қалыптастырып жатырмыз», – деді облыс әкімі Құмар Ақсақалов.
Қорытындылай келе, өңір басшысы Құмар Ақсақалов Қостанай облысы заманауи цифрлық өнеркәсіпті қалыптастыру жолында сенімді қадам жасап жатқанын атап өтті. Ауқымды инвестициялар, өндірісті роботтандыру, жаңа жобаларды қолдау және инженерлік кадрларды даярлау өңірдің орнықты дамуының берік негізін қалайды.
Бақыт ТҰРАШ, суреттер Қостанай облысы әкімінің баспасөз қызметінен алынды