Оқы және жең

22 января 2026 8:15 • 318 просмотров

Қостанай қаласында өңір оқырмандары арасында ұйымдастырылған дәстүрлі «Оқы және жең» онлайн байқауы мәресіне жетті. Биыл төртінші рет өткізілген бұл ауқымды рухани жобаға 10 мыңға жуық кітапсүйер оқырман қатысып, өз білімін, оқуға деген қызығушылығын сынға салды.

Облыс әкімінің қолдауымен және кітапқа деген сүйіспеншілікті арттыру, оқырман мәдениетін қалыптастыру мақсатында ұйымдастырылған байқау жылдан жылға маңызын арттырып келеді.

Дәстүрлі түрде байқау қатысушылардың жас ерекшелігіне қарай үш санат бойынша өткізілді. Үміткерлер бірнеше кезеңнен тұратын іріктеуден өтіп, берілген әдеби шығармаларды оқып, онлайн форматта тест тапсырды. Алғашқы үш кезеңде жоғары ұпай жинаған оқырмандар шешуші төртінші кезеңге жолдама алып, оқыған шығармалары бойынша эссе жазды. Бұл кезеңде қатысушылардың мәтінді терең түсінуі, ой қорытуы мен өз көзқарасын сауатты жеткізе білу қабілеті бағаланды.

10–14 жас аралығындағы жас оқырмандарға Бауыржан Момышұлының «Ұшқан ұя» повесі, Рүстем Сауытбайдың «Шоко әлем» шығармасы және Нұр Домбайжының «Қабағы тұнжыр балақай» кітабы ұсынылды. Бұл туындылар балалардың отансүйгіштік рухын нығайтып, адамгершілік құндылықтарды бойына сіңіруге бағытталған.

Ал 15–18 жас аралығындағы жасөспірімдер Оралхан Бөкейдің «Атау кересі» повесін, Спандияр Көбеевтің «Орындалған арман» мемуарлық романын, сондай-ақ әлем әдебиетінің жауһары саналатын Иван Тургеневтің «Әкелер мен балалар» романын оқыды. Бұл шығармалар жас оқырмандардың өмірге деген көзқарасын қалыптастырып, терең ойлауға жетеледі.

Байқауға 19 жастан жоғары ересек оқырмандар да белсенді қатысты. Бұл санатта студенттер мен жұмысшылар, дәрігерлер мен мұғалімдер, мемлекеттік қызметшілер, кәсіпкерлер мен зейнеткерлер бар. Олар Сәбит Мұқановтың «Аққан жұлдыз» және Төлен Әбдіктің «Өліара» романдарын оқып, қазақ әдебиетінің күрделі де көркем туындыларына терең талдау жасады.

Қорытынды кезеңге сүрінбей өткен 122 оқырман Л. Н. Толстой атындағы Қостанай облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасына жиналып, эссе жазды. Қатысушылардың шығармашылық жұмыстары қазылар алқасы тарапынан жан-жақты тексеріліп, бағаланды. Эссе нәтижелері алдыңғы кезеңдерде жиналған ұпайлармен біріктіріліп, әділ шешім шығарылды.

«Оқы және жең» жобасының географиясы жыл сайын кеңейіп келеді. Әсіресе Қостанай қаласы мен Қостанай ауданынан бөлек, Жангелдин, Қарасу, Ұзынкөл, Әулиекөл, Қарабалық, Жітіқара және Бейімбет Майлин аудандарынан қатысушылардың көп болуы байқаудың өңірлік деңгейде кең қолдау тапқанын көрсетеді. Бұл жобаның нәтижесінде өңірде кітап оқитын тұрғындар санының едәуір артқаны байқалады.

Байқау жеңімпаздары алдағы уақытта өтетін салтанатты марапаттау рәсімінде арнайы дипломдармен, қомақты қаржылай сертификаттармен және бағалы сыйлықтармен марапатталатын болады.

— «Оқы және жең» жобасы – оқырман мәдениетін дамытуға бағытталған маңызды бастама. Жыл сайын қатысушылардың саны мен сапасы артып келеді. Бұл – халқымыздың рухани байлығының өсіп келе жатқанының айқын көрінісі, – дейді Л.Н.Толстой атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапхана директоры Сәния Серікқызы.

Бақыт ТҰРАШ, суреттер Қостанай облысы әкімінің баспасөз қызметінен алынды