Даму қарқыны артып келеді

5 февраля 2026 8:30 • 309 просмотров

Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақаловтың төрағалығымен өңірдің 2024 жылғы ­әлеуметтік-экономикалық даму қорытындыларына арналған кеңейтілген жиын өтті. Басқосуда өткен жылғы атқарылған жұмыстар жан-жақты сараланып, қол жеткізілген нәтижелер талқыланды, сондай-ақ алдағы кезеңге арналған негізгі даму басымдықтары айқындалды.

Жиында Мемлекет басшысы қойған ел экономикасының жыл сайын кемінде 6 пайыздық өсімін қамтамасыз ету жөніндегі тапсырманың өңірде жүйелі түрде жүзеге асырылып келе жатқаны атап өтілді. Осы міндет аясында 2025 жылы Қостанай облысы экономикасының өсімі кемінде 8 пайыз деңгейінде болады деп күтілуде. Мұны қысқа мерзімді экономикалық индикатордың 110,6 пайызды құрауы айқын дәлелдеп отыр. Бұл көрсеткіш республикалық орташа деңгейден (109,4%) жоғары.

Өңір басшысы өткен жылдың қорытындысы бойынша барлық негізгі макроэкономикалық көрсеткіштерде оң динамика қалыптасқанын атап өтті. Атап айтқанда, көлік саласында өсім 32,8 пайызды, құрылыс саласында 23 пайызды, инвестиция тарту көлемі 19 пайызды, ауыл шаруашылығында 15,7 пайызды, көтерме және бөлшек сауда саласында 11,9 пайызды, ал өңдеу өнеркәсібінде 6,3 пайызды құрады.

Соңғы үш жылда облыс айтарлықтай әлеуметтік-экономикалық жетістіктерге қол жеткізді. Атап айтқанда, облыс бюджеті 1,5 есеге артса, орташа жалақы да 1,5 есеге өсті. Негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 1,6 есеге ұлғайды. Осы кезеңде тікелей шетелдік инвестициялар көлемі 1,5 млрд АҚШ долларына жетті. Сонымен қатар, салық түсімдері 256,6 млрд теңгені құрап, 1,6 есеге артты.

Халықты жұмыспен қамту бағытында да нақты нәтижелер бар. Былтыр 47 мыңнан астам азамат жұмыспен қамту шараларына тартылып, 26,4 мың жаңа жұмыс орны ашылды. Нәтижесінде атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылар саны 23,7 пайызға төмендеді, бұл өңірдегі әлеуметтік ахуалдың жақсарып келе жатқанын көрсетеді.

Өнеркәсіп саласында да тұрақты өсім сақталуда. Өткен жылы өнеркәсіп өнімінің жалпы көлемі 3,5 трлн теңгені құрады. Жалпы құны 322,1 млрд теңге болатын 7 ірі инвестициялық жоба іске асырылып, 3,3 мың жаңа жұмыс орны құрылды. Маңызды жобалардың бірі – KIA автокөлік зауыты. Аталған кәсіпорын 13 модельге дейін KIA маркалы автокөліктерді шығаруға қауқарлы және мұнда 1 500 тұрақты жұмыс орны ашылды. Сонымен қатар «СарыарқаАвтоПром» ЖШС Jetour X70+ автокөліктерінің өндірісін жолға қойды.

«KamLitKZ» ЖШС 2024 жылы шойын құю зауытын іске қосып, жүк көліктеріне арналған жетекші көпірлер мен арқалықтар өндіру бойынша тағы екі ірі жобаны жүзеге асырды. Бұл өңірдің машина жасау саласын дамытуға серпін берді.

Көлік логистикасын дамыту мақсатында облыс орталығында «Тобыл» халықаралық көлік-логистикалық кешенінің құрылысы жалғасуда. Жоба толық іске асырылғаннан кейін жүк тасымалы көлемі 20 пайызға артады деп күтілуде. Бүгінгі таңда 26 мың шаршы метр жүк тиеу-түсіру алаңы мен ұзындығы 2,7 шақырым теміржол тұйық жолдары салынды. Жобаға 6,1 млрд теңге инвестиция бағытталған.

Ауыл шаруашылығы саласында өнім көлемі 15,7 пайызға артты. Өткен жылы 7 заманауи өнеркәсіптік сүт-тауар фермасы пайдалануға беріліп, биыл тағы 5 ферма іске қосылмақ. Бұл ұйымдасқан шаруашылықтардағы сүт өндірісін 2 есеге арттырып, өңірдің тамақ өнеркәсібін отандық шикізатпен толық қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта «Кондитерлік астана» фабрикасының құрылысы аяқталу сатысында.

Кадрлық әлеуетті дамытуға да ерекше көңіл бөлінуде. Бүгінде жаңа өндіріс орындарында жұмыс істейтін мамандардың 55–70 пайызы – өңірдегі колледждер мен жоғары оқу орындарының түлектері болып табылатын жастар.

Тұрғын үй құрылысы қарқынды жүргізілуде. 2025 жылы 517 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, бұл жоспарланған көрсеткіштен асып түсті. Әлеуметтік тұрғыдан осал санаттағы азаматтарға 546 жалдамалы пәтер табысталды. Сонымен қатар облыста 51 әлеуметтік нысан – мектептер, балабақшалар, медициналық, спорттық және мәдениет объектілері салынды.

Автожол саласын дамытуға бөлінетін қаржы көлемі жыл сайын артып келеді. Былтыр бұл мақсатқа 103 млрд теңге бөлініп, нәтижесінде 1 300 шақырым автожол, 400-ден астам көше және 60-қа жуық кіреберіс жол жөндеуден өтті. Бұл өңірдің көлік қатынасы мен транзиттік әлеуетін едәуір арттырды.

Ауыз сумен қамту мәселесі толық шешімін тапты. Өткен жылдың қорытындысы бойынша 37 ауыл сапалы ауыз сумен қамтылып, бүгінде ауылдық елді мекендердегі үй шаруашылықтарының шамамен 80 пайызына су тікелей үйлеріне жеткізілуде.

Алдағы кезеңге жоспарланған ірі инвестициялық жобалар қатарында газ-химия кешенін салу, бокситтен глинозем өндіру зауыты, сондай-ақ астықты терең өңдеу жобалары бар.

Құрылыс саласында биыл 520 мың шаршы метр тұрғын үй салу көзделіп отыр. Облыс орталығы агломерациясындағы «Астана» шағын ауданында ауқымды құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Жалпы саны 154 көппәтерлі тұрғын үй салынып, шамамен 60 мың тұрғынды қамту жоспарланған.

Мемлекет басшысы жариялаған Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында облыста экономиканың барлық саласына цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект элементтерін енгізу жұмыстары жүйелі түрде іске асырылатын болады.

Сондай-ақ, Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің 2025 жылғы қоғамдық мониторинг қорытындысы бойынша Қостанай облысы мемлекеттік қызметтер көрсету сапасы жағынан республикада үшінші, ал электронды қызметтер көрсету бойынша екінші орынға ие болды.

Бақыт ТҰРАШ, суреттер Қостанай облысы әкімінің баспасөз қызметінен алынды