Оқырманға жол тартты

5 февраля 2026 8:22 • 302 просмотров

Ақын, журналист Аслан Қанғожиннің «Өлеңнен кейінгі өлең» атты тұңғыш жыр жинағы оқырман қолына тиді. Ресми салтанат Л. Толстой атныдағы облыстық кітапханада өтті.

Жинаққа автордың студенттік шақта қойын дәптерге түртіп жүрген алғашқы өлеңдерінен бастап, кейінгі жылдардағы толысқан шығармалары енгізілген. Жастықтың жалыны мен есейген кезеңнің салмақты ойлары қатар өрілген бұл кітапта ақынның жүріп өткен шығармашылық жолы жырмен кестеленген. «Есейіп кетсем де» атты бөлімге тырнақалды балладасы топтастырылып, ақынның жаңа тынысы айқын көрініс табады.

Сонымен қатар, жинақтың бір ерекшелігі – «Қостанай таңы» газетінің ұйымдастыруымен өткен жазба айтыстардың да кітапқа енуі.

— Алғашқы кітабымды «Өлеңнен кейінгі өлең» деп атауымның себебі – шығармашылықтағы үзілістен кейін туған ой. Оның үстіне, осы атаудағы өлеңім де бар. Өлең жазған соң жан дүниең тазарғандай, бір рақат күйге бөленесің. Бұл – сондай сәтте туған шығарма, – дейді автор Аслан Қанғожин.

Аслан Қанғожиннің жырларына ұстазы, ақын Нұрқанат Құлабаев та жоғары баға берген. Оның айтуынша, Асланның өлеңдері арқырап аққан тау өзеніндей асау емес, қайта сырын ішке бүккен, сабырлы да терең, бар қуатын тұңғиық иірімдеріне жасырған дала өзенін елестетеді. Жинаққа әр жылдары түрлі басылымдарда жарық көрген өлеңдерінің ішінен автор өз қалауымен іріктеген таңдаулы туындылар ғана енген. Сондықтан бұл кітапты ақынның бірнеше жылдық шығармашылық еңбегінің қорытындысы, оқырманға ұсынған есебі деуге болады.

Кітаптың тұсаукесері Л. Толстой атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханада өтті. Салтанатты жиында «Қостанай таңы» газетінің бас редакторы, «AMANAT» партиясы облыстық филиалы жанындағы «Miras› аймақтық кеңесінің төрағасы Кенжеш Оразғалиқызы сөз сөйлеп, ақын еңбегіне ақжолтай тілегін білдірді.

— Ұлттық мұрамыз жаңа рухани байлықпен толығып отыр. Ақындық – үлкен қасиет. Кез келген адам өлең жазуы мүмкін, бірақ жүректен шыққан туындысын халыққа ұсына бермейді. Асланның бұл кітабы – қызмет барысында уақытша үзілістен кейін қайта оралған шығармашылықтың жемісі. Өз дарыныңа бөгет қойма деп үнемі айтып жүретінмін. Бүгін сол еңбектің жарық көргеніне ерекше қуаныштымын, – деді «Қостанай таңы» газетінің бас редакторы, «AMANAT» партиясы облыстық филиалы жанындағы «Miras› аймақтық кеңесінің төрағасы Кенжеш Оразғалиқызы.

Жыр жинағының тұсауын ақын Ақылбек Шаяхмет пен Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалының жетекшісі Жанұзақ Аязбек кесті.

Бақыт ТҰРАШ, суреттер Қостанай облысы әкімінің баспасөз қызметінен алынды