«Жас Қолдаушы» жастар форумы

5 февраля 2026 8:24 • 300 просмотров

Қостанай қаласында аймақ басшысы Құмар Ақсақаловтың қатысуымен «Жас Қолдаушы» жастар форумы өтті. Іс-шара жастардың азаматтық белсенділігін арттыру, қоғамдық тәртіпті сақтау және өңірдің тұрақты дамуына жас буынның үлесін күшейтуге бағытталды.

Форум барысында облыс әкімі соңғы жылдары өңірде қоғамдық қауіпсіздікті нығайту және құқық бұзушылықтың алдын алу бағытында жүйелі жұмыстар атқарылғанын атап өтті. Оның айтуынша, 2022 жылы облыс аумағында 6859 қылмыстық құқық бұзушылық тіркелсе, қабылданған кешенді шаралардың нәтижесінде соңғы үш жылда қылмыстардың жалпы саны 28,2%-ке төмендеген.

Аймақ басшысы бұл оң көрсеткішке жастарды әлеуметтік қолдау тетіктерінің тиімді іске асуы да елеулі ықпал еткенін жеткізді. Бүгінде Қостанай облысында ашылып жатқан заманауи зауыттар мен өнеркәсіп орындарындағы жұмысшылардың 55–60 пайызын жастар құрайды. Сонымен қатар, «Қостанай жастары» бағдарламасы аясында 344 жас отбасы баспаналы болса, биыл тағы 60 жас отбасы жаңа үйге қол жеткізеді.

Соңғы үш жылда өңір тұрғындары үшін 27 білім беру, 35 спорт, 37 денсаулық сақтау және 6 мәдениет нысаны пайдалануға беріліп, жастардың жан-жақты дамуына қолайлы жағдай жасалған. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады.

Өңір басшысы бүгінгі таңда Қостанай жастарының республикалық және халықаралық деңгейде жетістіктерге жетіп, түрлі салада биіктерден көрініп жүргенін ерекше атап өтті.

— «Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бағынған құл болмайды» деген нақыл сөз алда тұрған міндеттердің маңызын айқын көрсетеді. Азаматтық ұстаным мен бірлескен күш-жігер арқылы ғана Қостанай облысын қауіпсіз, тұрақты және дамыған өңірге айналдыра аламыз. Мемлекет басшысы айтқандай, біз үйлесімді, әділетті әрі тұрақты қоғам құру ісін жалғастыра береміз. Тәртіп пен әділдік – сенімді болашақтың негізі. Ал қауіпсіз қоғам – баршамызға ортақ мақсат, – деді Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов.

Соңғы 3 жылда өңірде құқықтық тәртіпті нығайтуға бағытталған бірқатар іс-шаралар жүзеге асырылды. Атап айтқанда, электрондық бақылау құралдары енгізіліп, полицияның материалдық-техникалық базасы күшейтілді. Қоғамдық орындарға бейнебақылау камералары орнатылып, жол қозғалысы ережелерін бұзуды автоматты тіркеу жүйелері жақсаруда.

Сонымен қатар, жол қауіпсіздігін арттыру үшін жол қозғалысы ережелерін бұзуды тіркейтін жаңа кешендер орнатылды. Бұл жүйелер жол-көлік оқиғаларының азаюына және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.

Жастардың негізгі мәселелері баршамызға белгілі. Бұл – жұмыспен қамту, тұрғын үй және бос уақытын тиімді пайдалану.

Соңғы жылдары Қостанайда заманауи талаптарға сай зауыттар мен өнеркәсіп орындары ашылуда. КИА, Камлит секілді компанияларында бірнеше мыңдаған жұмыс орындары ашылды. Бұл біздің жастарға зор мүмкіндік. Жаңа өнеркәсіп орындарындағы жұмысшылардың 55 пайызы – жастар.

Жастарды қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету жұмыстарына тарту – маңызды бағыттың бірі. Қостанай облысында жастар арасындағы құқық бұзудың алдын алу және қылмыс деңгейін төмендету мақсатында түрлі шаралар жүргізілуде.

2025 жылы облыстың білім орындарында 280-нен астам дәріс пен кездесу өтті. Оған шамамен 50 мың студент пен оқушы қатысты. Кездесулерде есірткі мен ішімдікке тәуелділіктің алдын алу, интернеттегі құқық бұзушылықтар мен киберқылмыстардың алдын алу мәселелері түсіндірілді.

Форум аясында жастар бастамалары, әлеуметтік жобалар мен қоғамдық қауіпсіздікті нығайтуға бағытталған ұсыныстар талқыланып, белсенді жастар марапатталды.

Бақыт ТҰРАШ, суреттер Қостанай облысы әкімінің баспасөз қызметінен алынды