Тұрғын үй мәселесі шешіліп келеді

19 февраля 2026 8:50 • 184 просмотров

2022 жылы облыс әкімдігі мен «Отбасы банк» бірлесіп, жұмысшы жастарды қолжетімді баспанамен қамтамасыз ететін «Қостанай жастары» бағдарламасын іске қосқан. Содан бері көптеген жас отбасы осы бағдарламаның көмегімен 5 пайыздық несие ресімдеп, үй сатып алып жатыр.

Өңірдің белсенді жастарымен кездескен облыс әкімі Құмар Ақсақалов аталған бағдарлама аясында 344 жас отбасы баспаналы болғанын айтты.

«Бұл бағдарлама бойынша «Отбасы банк» жеңілдетілген несие беруді жалғастырады. Биыл «Қостанай жастары» бағдарламасы бойынша 60 жас отбасы пәтер алады. Сонымен қатар, жастарға жақсы тәрбие, сапалы білім беру үшін әлеуметтік маңызы бар көптеген нысандар салынып жатыр. Мысалы, соңғы үш жыл ішінде біз өңір тұрғындары үшін 27 мектеп, 35 білім нысанын, 37 медициналық ғимарат, 6 мәдениет үйін салдық», деді облыс әкімі Құмар Ақсақалов.

Арқалықта тағы бір көпқабатты тұрғын үй пайдалануға берілді. Қала орталығындағы жаңа үйге біраздан бері баспана кезегінде тұрған көпбалалы отбасылар, мүмкіндігі шектеулі жандар, кәмелетке толған жетім балалар мен зейнеткерлер қоныстанды.

Көптен бері бос тұрған 55 пәтерлі нысанды жеке құрылыс компаниясы күрделі жөндеуден өткізіп, заман талабына сай қайта қалпына келтірген. Қысқа уақыт ішінде жайлы баспанаға айналған ғимаратты жергілікті әкімдік 983 млн теңгеге сатып алды. Жаңа үйдің иелеріне пәтер кілтін табыстау рәсіміне арнайы келген қала әкімі Әмірхан Асанов көпшілікті қоныстой қуанышымен құттықтады.

«Халықтың әл-ауқатын, тұрмыстық жағдайын жақсарту мақсатында көп шаруа атқарылып келеді. Осы бағытта іске асырылып жатқан «Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023–2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы» негізінде өңірде жыл сайын мыңдаған шаршы метр тұрғын үй салынып, ел игілігіне беріліп жатыр. Бүгін, міне, бәріміз осындай игі істің куәсі болып отырмыз. Арқалықта әлі де талай тұрғын үй бой көтереді. Бұл бағытта көптеген жоба жоспарда тұр», деді қала әкімі Әмірхан Асанов.

Салтанатты жиында баспана қуанышына кенелген елу бес отбасының атынан «Алтын алқа» иегері Ғалия Ысқақова сөз алып, қала басшылығы мен құрылысшыларға алғыс айтты. Қазақтың игі дәстүріне сай әжелер шашу шашып, қадірлі қария, еңбек ардагері Құлжан Сүлейменов көпшілікке ақ батасын берді.

Әулиекөл ауданына барған жұмыс сапары барысында Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов әлеуметтік осал санаттағы тұрғындарға жаңа пәтер кілттерін табыстады.

Әулиекөлде өрттен кейін салынған тұрғын үйлерді есептемегенде, ұзақ жылдардан кейін алғаш рет жаңа көппәтерлі тұрғын үй пайдалануға берілді.

«Мемлекет басшысы тұрғын үй құрылысы саласына ерекше көңіл бөлуде. Қостанай облысында бұл жұмыс жүйелі түрде жүргізіліп келеді, баспана тапсыру көлемі жыл сайын артып отыр. 2025 жылдың қорытындысы бойынша облыста 517,4 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, оның 63,7 мың шаршы метрі – ауылдық жерге тиесілі. Бұл 5,4 мыңнан астам отбасын тұрғын үймен қамтамасыз етуге мүмкіндік берді», – деді өңір басшысы.

Жаңа пәтерлердің жалпы ауданы 1 228,8 шаршы метрді құрайды. Үш қабатты тұрғын үйде ауданы 37-ден 64 шаршы метрге дейінгі 9 бір бөлмелі және 15 екі бөлмелі пәтер бар. Дайын күйінде тапсырылған пәтерлерде барлық инженерлік коммуникациялар тартылған.

Бақыт ТҰРАШ, суреттер Қостанай облысы әкімінің баспасөз қызметінен алынды