«АгроҚостанай-2026» көрмесі өтті

26 февраля 2026 8:35 • 181 просмотров

Жыл сайын көктемгі, күзгі науқанның алдында ұйымдастырылатын дәстүрлі «АгроҚостанай-2026» көрмесіне ауылшаруашылық техникаларын өндірушілер, сатушылар, дилерлер, фермерлер, сервистік және қаржылық компаниялар қатысты.

Көрме алаңына отандық және шетелдік зауыттардан шыққан ауылшаруашылық техникалары, агрегаттар, қосалқы бөлшектер, тұқым сұрыптары, тыңайтқыштар қойылды.

«Көрме жұмысында әдеттегідей саланың жаңа жетістіктері көрсетіледі. Ауыл шаруашылығының бүгінгі өзекті мәселелері талқыға түседі. Мемлекет басшысы осы жылды «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» деп жариялағанын білесіздер. Сондықтан қазір аграрлық секторды цифрландыруға ерекше ден қойылып отыр. Технологиялық шешімдер енгізу, техниканы қашықтан басқару, өндірісті толық автоматтандыру, роботтандыру осы күннің басты қажеттілігіне айналды. Биылғы көрме осы бағытта өтіп жатыр», дейді облыстық Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Ибрагим Бекмұхамедов.

Басқарма басшысының айтуынша, Қостанай облысы алдағы көктемгі егіс науқанында 5,1 млн гектар дән егуді жоспарлап отыр. Биыл ауыл шаруашылығын қолдауға 85 млрд теңге бөлінген. Шаруалар осы айдан бастап субсидия ала бастайды. Арзандатылған жанармай да жеткізіле бастаған.

Көрме аясында «Солтүстік альянс» аграрлық форумы өтті. Жиында көктемгі егіске дайындық мәселесі, субсидиялау ережелеріне енгізілген өзерістер талқыланды.

Қатысушылар қосалқы бөлшектер мен ауыл шаруашылығы агрегаттарынан бастап тұқымдар мен минералдық қоспаларға дейінгі өнімдер мен қызметтердің кең ауқымын ұсынды. Іс-шара аясында агроөнеркәсіптік кешен мәселелері бойынша отырыс өтіп, көктемгі дала жұмыстары қарсаңында аграрийлер алдында тұрған өзекті міндеттер мен сын-қатерлер талқыланды.

Көрмені ұйымдастырушы – агроөнеркәсіптік кешен саласында диалог орнатуға, тәжірибе алмасуға және әріптестік байланыстарды нығайтуға тиімді алаң қалыптастырып келе жатқан республикалық «Народная газета» басылымы.

Көрменің маңызды оқиғаларының бірі – Jethro.kz платформасының таныстырылымы болды. Бұл – ауыл шаруашылығы өндірушілерінің өзекті мәселесін, яғни ауыл шаруашылығы техникасына қажетті қосалқы бөлшектерді жедел іздеуді шешуге бағытталған отандық ақпараттық өнім.

Егіс науқаны немесе орақ кезінде техниканың әрбір сағат тоқтап тұруы фермер үшін қымбатқа түседі. Jethro.kz платформасы фермер мен жүздеген жеткізуші арасындағы байланысты автоматтандырады.

Платформаның негізін қалаушы кәсіпкер Асхат Макен ресурстың негізгі артықшылықтарын атап өтті: жылдамдық – сұраныс бір мезетте барлық тексерілген жеткізушілерге жіберіледі; тиімділік – «ақылды» іздеу жүйесі қажетті бөлшекті бір ғана басу арқылы табады; үнемділік – аграрий бірден бірнеше ұсыныс алып, баға мен жеткізу мерзімі бойынша ең тиімдісін таңдай алады.

«Техника далада бұзылған кезде фермердің ұзақ іздеуге уақыты болмайды. Біздің цифрлық көмекшіміз осы рутиналық жұмысты өз мойнына алып, тапсырыс беруші мен нарықты санаулы секундтар ішінде байланыстырады», – деп атап өтті Асхат Макен.

«АгроҚостанай – 2026» көрмесі заманауи цифрлық шешімдердің агроөнеркәсіптік кешен саласының дамуына қалай ықпал ететінін айқын көрсетті.

Бақыт ТҰРАШ, суреттер Қостанай облысы әкімінің баспасөз қызметінен алынды