Темір жол вокзалын тексерді

26 февраля 2026 8:40 • 194 просмотров

Аймақ басшысы Құмар Ақсақалов Қостанай қаласында құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатқан нысандарды тексерді.

Президенттің тапсырмасы бойынша елімізде теміржол вокзалдарын ауқымды түрде жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Аймағымызда Қостанай қаласы, Арқалық, Тобыл, Железорудный, Аманқарағай, Кұсмұрын бекеттерінде 6 теміржол вокзалы қайта жаңғыртылуда. Аманқарағай теміржол вокзалы күрделі жөндеуден кейін өз қызметін қайта бастады.

Қостанай қаласындағы теміржол вокзалын қайта жаңғырту нәтижесінде ғимараттың жалпы аумағы 7,4 мыңнан 10,4 мың шаршы метрге дейін ұлғаяды.

Жұмыстар өткен жылы басталған. Толық аяқталуы осы жылдың қыркүйек айына белгіленіп отыр. Жүргізілетін жұмыстарға қас-бетті жаңарту, шатырды ауыстыру, күту залдарын, касса аймақтарын және санитарлық бөлмелерді жөндеу, пандустар мен қауіпсіздік жүйелерін орнату, аумақты абаттандыру кіреді. Сондай-ақ ішінде эскалаторлар мен жедел саты орнатылады.

«Президенттің тапсырмасы бойынша елімізде теміржол вокзалдарын ауқымды түрде жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Жаңартудан кейін Аманқарағай теміржол вокзалы өз қызметін қайта бастады. Қостанай қаласындағы теміржол вокзалында соңғы жөндеу жұмыстары 10 жылдан астам уақыт бұрын жүргізілген. Теміржол вокзалы – негізгі көлік инфрақұрылымының маңызды нысандарының бірі. Бұл – қаланың келбет айнасы, қонақтар үшін алғашқы әсер қалыптастыратын орын және тұрғындарымызға арналған жайлы кеңістік. Күн сайын мұнда мыңдаған жолаушы – облыс тұрғындары, кәсіпкерлер, қонақтар мен туристер қатынайды. Сондықтан заманауи, жайлы әрі қауіпсіз жағдай жасау ерекше маңызға ие. Қайта жаңғырту нәтижесінде ғимараттың жалпы аумағы 7,4 мың шаршы метрден 10,4 мың шаршы метрге дейін ұлғаяды. Қазіргі таңда демонтаж жұмыстары 98%-ға аяқталды, ал құрылыс-монтаж жұмыстары 44%-ға орындалды. Күту залдары мен билет кассалары, санитарлық тораптар жаңғыртылып, заманауи қауіпсіздік жүйелері енгізіледі. Қайта жаңғырту барысында кедергісіз орта қалыптастыруға ерекше назар аударылады. Мүмкіндігі шектеулі азаматтар, қарт адамдар және балалы жолаушылар үшін барлық қолайлы жағдай қамтамасыз етілуі тиіс. Жұмыстар аяқталғаннан кейін жолаушыларға қызмет көрсету сапасы мен жайлылық деңгейі айтарлықтай артады. Жаңартылған вокзал жолаушылар ағынын және іскерлік белсенділіктің артуына ықпал етеді, өңірдің көлік қолжетімділігін жақсартады. Қостанай қаласының заманауи және қарқынды дамып келе жатқан қала ретіндегі имиджін қалыптастырады. Жаңартылған теміржол вокзалы заман талабына сай, ыңғайлы және жайлы орынға айналады», – деді Құмар Ақсақалов.

Жертөле қабатта санитарлық тораптар, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған арнайы орындар, ана мен бала бөлмесі және қазіргі талаптарға сай барлық қажетті қызметтік үй-жайлар орналасады. Тарихи келбетті сақтау мәселесіне келсек, ғимараттың негізгі конструкциялары өзгеріссіз қалған. Жаңғырту барысында тарихи сәулеттік бейне сақталып, тек жөндеу және жаңарту жұмыстары жүргізіледі. Сондықтан жаңғырту жұмыстары ғимараттың тарихи келбетіне нұқсан келтірмейді.

Бақыт ТҰРАШ, суреттер Қостанай облысы әкімінің баспасөз қызметінен алынды