Арқалыққа қомақты қаржы бөлінді

5 марта 2026 8:31 • 181 просмотров

Қостанай облыстық мәслихаты VIII шақырылымының кезектен тыс сессиясында бірқатар мәселелер күн тәртібіне қойылды. Жиынға аймақ басшысы Құмар Ақсақалов қатысты.

Өңіріміздің 2026–2028 жылдарға арналған бюджетіне өзгерістер енгізу, жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерін пайдаланғаны үшін жалдау ақысының мөлшерлемелерін белгілеу, Қостанай облысы бойынша субсидиялауға жататын сумен жабдықтау жүйелерінен берілген ауызсудың бір текше метріне төлемақы мөлшерін бекіту талқыланды.

Бұдан бөлек, мәслихаттың кейбір шешімдеріне өзгерістер енгізу қаралды. Отырыста Арқалық қаласының дамуы туралы да мәселе қозғалды. Облыс әкімдігі депутаттарға Арқалық қаласына бірқатар бағыттар бойынша бюджет қаражатын бөлуді қолдауды ұсынды.

Мәселен, Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасына қарастырылған 5,1 млрд теңгенің 1,3 млрд теңгесі Арқалықтағы 30 көпқабатты тұрғын үйдің сыртқы қабырғалары мен жұмсақ шатырларын ағымдағы жөндеуге бағытталмақ. 422 млн теңге «АТЭК» кәсіпорнына қатты отын сатып алуға, 417,8 млн теңге Арқалық қаласының көшелерін абаттандыруға, 157 млн теңге жол сақинасындағы монумент орнатуға, Байтұрсынов көшесіндегі субұрқақты ағымдағы жөндеуге және көшет отырғызуға жоспарланған.

Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына қосымша 2,4 млрд теңге сұралды. Оның ішінде 800 млн теңге 6 теміржол вокзалы маңындағы алаңды ағымдағы жөндеуге бағытталса, соның 350 млн теңгесі Арқалыққа тиесілі.

Бүгінгі таңда қалалар бойынша инфрақұрылымдық орта сапаның негізгі көрсеткіштері жағынан ең үлкен алшақтық Арқалықта тіркелген. Онда автомобиль жолдарының 31,6%-і жақсы және қанағаттанарлық деңгейде.

Сондай-ақ, 353,5 млн теңге – Арқалық көшелерін орташа жөндеуге; 299 млн теңге – Қайырбеков көшесіндегі автомобиль жолының бір бөлігін орташа жөндеуге; 200 млн теңге – қала ішіндегі орамішілік және орамааралық жолдарды ағымдағы жөндеуге; 150 млн теңге – Арқалыққа қарасты Ашутасты кентіндегі 7 көшені орташа жөндеуге; 25 млн теңге – Арқалық көшелерін ағымдағы жөндеуге қарастырылған.

Бұл туралы баяндама барысында Экономика басқармасының басшысы Ілиясхан Әмірбеков мәлімдеді.

Қаладағы жаңа әуежай, индустриялық аймақ және № 6 шағынауданның егжей-тегжейлі жоспарлау жобасын (ПДП) әзірлеуге 70,6 млн теңге қажет. Сонымен қатар Арқалықтағы жабық корт құрылысын аяқтауға 45,1 млн теңге бөлінбек.

Дене шынықтыру және спорт басқармасына сұралған 206,9 млн теңгенің 195,4 млн теңгесі Арқалықтағы «Жігер» стадионын ағымдағы жөндеуге және абаттандыруға бағытталады. Бұдан бөлек, облыстық спартакиаданы өткізу, мәдени іс-шараларды ұйымдастыру, мәдениет сарайы мен театрды жөндеу шығындары да қарастырылған.

Депутаттар бюджетке енгізілген нақтылауды қолдап дауыс бергеннен кейін облыс әкімі Құмар Ақсақалов сөз алды.

— Бүгін сессияда Арқалыққа қомақты қаржы бөлуді мақұлдадық. Неліктен деген сұрақтарды естіп жатырмын. Жауап қарапайым, – деді облыс әкімі Құмар Ақсақалов. – Арқалықта инфрақұрылымдық алшақтық қалыптасқан. Салыстыру үшін айтсақ: Арқалықта жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі – 31,6%. Тобылда – 51,5%, Рудныйда – 63,6%, Жітіқарада – 73,2%, Лисаковскіде – 93,6%, Қостанайда – 99,5%. Сонымен қатар қалалық ортаның сапасы мәселесі бар. Аула аумақтары, ғимарат қасбеттері, тротуарлар – өзге қалаларда бұған жыл сайын қаражат бөлінеді. Арқалықта, өкінішке қарай, мұндай мүмкіндік болмаған. Бұл да – біздің облыс аумағының бір бөлігі. Биыл қалаға 70 жыл толады, облыстық спартакиада өткізіледі. Мемлекет басшысының үкіметке берген тапсырмасы бар – Торғай өңірі ерекше бақылауда болуы тиіс. Біз өзіміз бұл тапсырманы орындамаймыз ба? Арқалық тек мерейтойына байланысты емес, онда тұратын тұрғындарымыз үшін де назарға лайық. Олар да сапалы жолдар мен жайлы ортада өмір сүргісі келеді. Қолдау білдіргендеріңіз үшін рахмет. Жоспар бойынша барлық жұмыстар шілде айының соңы – тамыз айының басында аяқталады. Депутаттарды келіп, қаражаттың қалай жұмсалғанын көруге шақырамын. Қала өзгереді.

Мәслихат депутаты Александра Сергазинова неге бұл қаражаттың барлығы бюджет нақтылау кезінде бөлініп отырғанын, неге үш жылдық бюджет қабылданғанда алдын ала жоспарланбағанын сұрады.

Ілиясхан Әмірбеков тиісті есептер мен сметалық құжаттамасыз қаржы сұралмағанын айтты. Қазіргі таңда барлық негіздемелер дайын.

— Бұған дейін бекітілген бюджетте біз тек базалық қажеттіліктерді ғана қарастырдық, – деп қосты облыс әкімі. – Ал өңірлерді дамытуға бағытталған қосымша жобалар бюджет нақтыланған кезде енгізіледі.

Өткен жылдан бері Арқалықта абаттандыру бағдарламалары басталған. Бұл өмір сүру жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді. Айтылған мәселелер депутаттар тарапынан қолдау тапты.

Бақыт ТҰРАШ, суреттер Қостанай облысы әкімінің баспасөз қызметінен алынды