Қазақстан Суперкубогын жеңіп алған «Тобыл» футбол клубын қостанайлық жанкүйерлер салтанатты түрде қарсы алды. Бұл тек клубтың жеңісі емес, тұтас өңіріміздің жетістігі. Суперкубокты төртінші мәрте ұтып алған «Тобыл» еліміздің мықты, тегеуірінді командасы екенін дәлелдеді. Салтанатты шараға Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов қатысты.
«Бапкерлер мен ойыншылардың табанды еңбегі, ұйымшылдығы пен кәсіби шеберлігі ұжымды жоғары дәрежеге жеткізді. Осылайша жігіттер барша қостанайлық жанкүйерлерге зор қуаныш сыйлады. Алда жаңа маусым, жаңа белестер. Жігіттерге зор денсаулық, сарқылмас күш-жігер, жеңісті күндер тілеймін!», – деді облыс әкімі Құмар Ақсақалов құттықтау сөзінде.
Қостанайлықтар негізгі уақытта 2:2 есебімен тең аяқталған матчтан кейін алматылық «Қайратты» драмалық пенальти сериясында жеңіп шықты. Кездесу 28 ақпанда «Астана Аренада» өтіп, елдегі жаңа футбол маусымының шымылдығын түрді.
Ойынның 6-минутында «Тобылдың» жаңа ойыншысы Луис Герра «Қайрат» қақпашысымен бетпе-бет шығып, есеп ашты. Алайда алматылықтар көп күттірмей жауап қайтарды. 20-минутта Александр Мрынский дәл соққымен таразы басын теңестірді.
Алты минуттан кейін Яакко Оксанен қайтарылған допты қақпаға тоғытып, есепті 2:1-ге жеткізді. Бұл сәт «Тобыл» қақпашысы Сұлтан Бусурманов үшін өкінішті болды – ол Жоржиньо тепкен пенальтиді қайтарғанымен, допқа бірінші болып финляндиялық ойыншы жетті. Дегенмен Бүсүрмановтың қапалануы ұзаққа созылған жоқ.
Екінші таймда «Қайрат» есепті сақтауға көбірек көңіл бөліп, алматылықтар жеңісті уыстан шығармайтындай көрінді. Бірақ 89-минутта «Тобылдың» капитаны Асхат Тағыберген ойын тағдырын өзгертті. Жартылай қорғаушы айып соққысын ашық бұрышқа емес, дәл қақпашы Темірлан Анарбеков тұрған бағытқа бағыттады. Қақпашы сәтте бағдарын жоғалтып, доп торға енді – 2:2. Осылайша матч пенальти сериясына ұласты.
Матчтан кейінгі серия ерекше тартысқа толы болды. «Қайраттың» қақпашысы Анарбеков Қазақстандағы пенальти қайтарудағы үздіктердің бірі саналады – бұған дейін ол шотландиялық «Селтикке» қарсы еурокубок матчында серия тағдырын шешуге көмектескен еді. Алайда бұл жолы дуэльде қостанайлық футболдың түлегі Сұлтан Бусурманов жеңіске жетті. «Тобыл» қақпашысы Рикардиньоның алғашқы соққысын қайтарып, командасына психологиялық басымдық сыйлады. Қалған соққыларды қостанайлықтар мүлтіксіз орындап, серияда 5:4 есебімен жеңіске жетті.
Осылайша «Тобыл» өз тарихында төртінші рет Қазақстан Суперкубогын иеленді. Жеңіс жігерлі де драмалық сипатта болды – команда ойын барысында есепте ұтылып жатып, капитан шеберлігінің арқасында соңғы сәтте таразы басын теңестіріп, шешуші кезеңде салқынқандылық танытты. Маусымның алғашқы жүлдесі Қостанайға жол тартты.
«Тобыл» ел біріншілігіндегі алғашқы ойынды 7 наурыз күні сырт алаңда «Ақтөбеге» қарсы өткізеді. Ал 16 наурыз күні Қостанайда талдықорғандық «Жетісуді» қабылдайды.
Бақыт ТҰРАШ, суреттер Қостанай облысы әкімінің баспасөз қызметінен алынды