Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов «Әлемнің жарығы» атауымен өткен мерекелік концертте аймағымыздағы әйелдер қауымын 8 Наурыз – Халықаралық әйелдер күні мерекесімен құттықтады.
Сұлулық пен жылулықтың символына айналған әйел – отбасының берекесі, шаңырақтың тұтқасы. Ол – жан-жарының сенімді серігі, перзентінің мейірімді анасы, әулеттің ұйытқысы.
XXI ғасырда біздің қазақстандық әйелдер ғылымда, білімде, медицинада, мемлекеттік басқаруда, бизнесте, мәдениетте және халықаралық дипломатияда өздерін табысты көрсетіп келеді.

«Бұл мейрам – көктемнің шуағымен бірге келетін ерекше күн. Сіздер әлемге жарық нұрын шашып, мейірім төккен ардақты жансыздар. Әйел – отбасының берекесі, шаңырақтың тұтқасы. Ол – жан-жарының сенімді серігі, перзентінің мейірімді анасы, әулеттің ұйытқысы. Әйел жүрегіндегі мейірім мен сабыр – ырыс пен татулықтың басы. Тобыл-Торғай жері де ел тарихында есімдері алтын әріппен жазылған қайраткер аналарымызды әрдайым мақтан тұтады. Әйгілі ғалым Шоқан Уәлихановқа тәрбие берген Айғаным әже – ел басқару ісіне араласқан көреген де беделді тұлға. Сауатты адам ретінде сыртқы саясатқа да араласты. Нәзипа Құлжанова – қазақтан шыққан тұңғыш әйел мұғалiм және қазақ баспасөзiнде қызмет еткен журналист, релактор, Қазақстандағы әйелдер бiлiмi мен мәдени дамуына үлес қосқан педагог, аудармашы және этнограф. Атақты механизатор, Социалистік Еңбек Ері Кәмшат Дөненбаева – еңбекқорлық пен туған жерге адалдықтың символына айналды. Осы аналарымыз бен апаларымыз ұлтына еңбек етудің, рухани кемелдік пен жоғары адамгершілік қасиеттердің үлгісіне айналды. Қазір біз еңбегімен ерекшеленген нәзік жандарға награда тапсырамыз. Осы орайда жағымды жаңалық бар. Бүгін Ақордада Мемлекет басшысының қолынан жерлесіміз Арқалық қаласындағы «Алтай жер» шаруа қожалығында механикаландырылған токтың меңгерушісі Гүлдариха Өтелбайқызы Алтаева ІІІ дәрежелі «Еңбек Даңқы» орденімен марапатталып жатыр. Құттықтаймыз!», – деді Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов.

Қазіргі заманғы әйелдер жаңа мамандықтарды батыл меңгеруде. Олар еркін қоғамда өмір сүруді таңдап, лайықты өмір сүру деңгейіне ұмтылады. Дегенмен олар отбасының тірегі, жылулық пен адамгершілік құндылықтарының сақтаушысы ұғымынан алыстаған емес.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан адамға бағдарланған конституциялық реформа мемлекеттік саясаттың басым бағыттары ретінде әйелдерге жан-жақты жағдай жасауды, олардың құқықтарын қорғауды және отбасы институтын нығайтуды көздейді. Бүгінгі мейрам күні сіздерге зор денсаулық, мол бақыт, құт-береке, көктемгі көңіл күй және жаңа жетістіктер тілеймін. Әр шаңырақта бейбітшілік, татулық пен қуаныш орнасын!», – деді аймақ басшысы құттықтау лебізінде.
Салтанатты шарада облыс әкімі өңірдегі еңбегімен еленген нәзік жандарды мемлекеттік наградалармен марапаттады. Денсаулық саласың ардагері Көпей Малшыбаеваны «Құрмет» орденімен марапаттады. Жоғарғы педагогикалық колледжінің ұстазы Марина Қазкенова мен «Сарыарқаавтопром» компаниясының слесарь маманы Жанымкүл Жұрмағанбетоваға «Ерен еңбегі үшін» медалін табыстады.
Жиын мерекелік концертке ұласты. Концерттік бағдарлама түрлі өнер ұжымдарының жарқын өнерімен жалғасты. Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымы жанындағы «BIRLIK» ән және би ансамблі қазақтың «Бастау» биін орындап, ұлттық мәдениеттің көркемдігін паш етті. Сонымен қатар «Мама» әнін балалар хоры орындаса, халық әні «16 қыз» сахна төрінде ерекше ықыласпен қабылданды. Мерекелік концерттің арнайы қонақтары – Қазақстан эстрадасының танымал «Меломен» тобы болғанын жоғарыда айттық. Олар «Сүйгенім бол» және «О махаббат» әндерін орындап, көрермендерге көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Бақыт ТҰРАШ, суреттер Қостанай облысы әкімінің баспасөз қызметінен алынды